1223 елді мекен су астында қалу қаупі бар

2024 жылы еліміздің бірқанша облысында аса үлкен су тасқыны болып, халық зардап шекті. Он облыста төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған адам қауіпсіз жерлерге көшірілді.
Су тасқыны кезінде көптеген үй құлап, жарамсыз болып қалды. Қарғын су басқан егістік жерлер, көпір, автожол сияқты инфрақұрылым да аз емес.
Мұның бәрі мемлекетке үлкен шығын болып, бюджетке ауыр салмақ салды. Билік қанша жерден көп жылдан бері болмаған су тасқынына ұшырадық деп, проблеманы табиғаттың тосын мінезіне телігісі келгенімен, атқарушы органдар тарапынан кемшілік кеткенін бәрібір мойындады. Әрі енді мұндай кемшілік қайталанбауы үшін тиянақты жұмыс істеуге уәде еткен.
Былтырғы алапат су тасқынынан бері тура бір жыл өтті. Еліміздің кейбір өңірінде биыл да қауіп бар екені белгілі болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарынан кей облыста су тасып, көпірді бұзғанын, кей жерде ауылдарға қауіп төніп тұрғаны жөнінде ақпарат тарады.
Үкіметтің ресми мәліметіне сенсек, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай, Ұлытау облыстары – тасқын қаупі жоғары аймақ, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облысы – қауіп деңгейі орташа аймақ деп бағаланып отыр. Депутаттардың есебінше, 2025 жылы Қазақстандағы 1223 елді мекен су астында қалу қаупі бар.
Жақында Ақтөбе облысында қарғын су бірнеше елді мекеннің жолын шайып кеткені хабарланды. Атап айтқанда, Ойыл ауылына көлік қатынасы тоқтаған. Ал Ембі қаласының жанындағы көпірді су бұзған. Салдарынан тұрғындар алыс айналма жолмен жүріп жүр. Сондай-ақ Темір ауданының Ақсай мен Бірлік елді мекендерінің арасындағы жол бұзылған. Бұдан бөлек, Қобда ауданының Қанай ауданына үш шақырым жолды су басып, көлік қатынасы уақытша тоқтады деген ақпарат тарады. Батыс Қазақстан облысында да бірнеше ауылдың жолы бүлініп, тұрғындардың жүріп-тұруы қиындағаны белгілі болды.
Біз төтенше жағдай министрлігіне хабарласып, су тасқыны қаупі мен оның алдын алу жұмыстары қалай жүріп жатқанын сұрадық. Бірақ министрліктің баспасөз қызметіндегі мамандар жағдай алаңдайтындай емес деп арқаны кеңге сала сөйлеп, тасқынның алдын алу жұмысы қалай жүріп жатқанын министрліктің ресми сайтынан оқуға кеңес берді. Ал ресми сайттағы ақпаратқа сенсек, халықтың қауіпсіздігін арттыруға және ықтимал су тасқынынан болатын залалды барынша азайтуға бағытталған жұмыстар жүріп жатқан көрінеді.
«Қардың тез еруі салдарынан Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Маңғыстау облыстарындағы 13 автомобиль жолын еріген су басты. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ, қызметтердің кезекшілігі ұйымдастырылды. Су тасқынының алдын алу үшін мұз қабатын бұзу, өзен жағалауын бекемдеу, сондай-ақ қар шығару мен су сору сияқты кешенді жұмыстар жүріп жатыр. 2025 жылғы 17 наурызда Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысындағы өзендерде мұз жару жұмысы жүрді», – деп жазды ТЖМ баспасөз қызметі.
Ал үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, ТЖМ құрамындағы 37 мыңнан аса адам, 13 мың техника, 4 мыңнан аса су айдау қондырғысы және 640 дана жүзу құралы көктемгі су тасқынының алдын алуға дайын отыр. ТЖМ-ның әуе кемелері тәулік бойы кезекшілік жүргізіп жатыр. Сондай-ақ мыңға жуық қызметкер, 120 дана түрлі мақсаттағы техника, 123 дана су айдау және 39 дана жүзу құралы резервте дайын тұр.
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет мүшелеріне су басу қаупі жоғары елді мекендерде дайындықты күшейтуді тапсырды. «Су басу қаупі жоғары елді мекендерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы дайындау қажет. Эвакуация орындарын анықтаңыздар. Олар тіршілікке қажетті барлық құралдармен жабдықталуға тиіс», – деді ол.
Бірақ дәл қазір су тасқыны бола ма және оның алдын ала аламыз ба деген сұраққа жауап беру қиын. Өйткені ел аумағының 67 пайызын әлі қар басып жатыр. Наурыз және сәуір айлары жылы болады деген болжам бар, оның үстіне еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады. Дәл осы жағдай су тасқыны қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан су тасқыны қатері төніп тұрған жоқ деп арқаны кеңге салуға әсте болмайды.
18 наурыз күні мемлекет басшысының қабылдауына барғанда да Олжас Бектенов төтенше жағдайдың алдын алуға тас-түйін дайын екенін айтты. Ол президентке республикалық штабтың су тасқынына қарсы іс-шаралары жайлы есеп беріп, жағдайды тәулік бойы бақылап отырғанын, 37 мыңнан аса қызметкер мен 13 мың техника дайын тұрғанын жеткізді.
Қазақстан үкіметі былтырғы алапат апаттан сабақ алды деп үміттенеміз. Былтыр қыс ұзақ, қар қалың болғаны, жергілікті әкімдіктер бейғам отырып, дайындық кезеңін өткізіп алғаны айтылды. 2024 жылы тасқынның салдарын жою үшін үкімет резервінен 46,9 млрд теңге бөлінген. Бұл үлкен шығын. Демек биыл ондайға жол беруге болмайды. Бір жыл бұрынғы қателікті қайталамай, халықтың қауіпсіздігін, мал-мүліктің амандығын және инфрақұрылым бүтіндігін қамтамасыз ету қажет.
Еламан Өмірхан