«139 балл – 24 болып шықты»: Қызылордада ҰБТ жарық сөнуінен дауға ұласты

Қызылорда қаласында Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні үлкен даумен басталды.
Тестілеу барысында жарықтың бірнеше рет өшуі салдарынан 150-ден астам түлек қиындыққа тап болған. Ата-аналар мен оқушылар тест нәтижелерінің әділетсіз көрсетілгеніне наразы.
Мектеп бітіруші Данара Омарова тест кезінде шамамен 139 балл жинағанына сенімді болғанын, алайда нәтижесінде небәрі 24 балл көрсетілгенін айтады.
"Басында өзім есептеп отырдым, 139 балл жинадым деп ойладым. Бірақ соңында 24 балл шықты. Жарықтың жиі сөніп, зейінімізді бөлгені қатты әсер етті", - дейді ол.
Түлектердің айтуынша, тестілеу орталығында жарық үш рет өшкен. Әрбір үзіліс оқушылардың көңіл күйі мен шоғырлануына кері әсер еткен. Кейбір ата-аналар бұл техникалық ақау емес, әдейі жасалған саботаж болуы мүмкін деген күмән келтіріп отыр.
Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлмейрам Нұрмағамбетова жағдайдың балаларға психологиялық қысым жасағанын айтады:
"Балалар жылап, ата-аналар шарасыз күйге түсті. Министрлік жарық тек 5-9 минутқа ғана өшкенін айтқанымен, шын мәнінде бұл үзілістер 25-30 минутқа дейін созылды", - дейді ол.
Тестілеу орталығының өкілдері ғимараттағы электр желісі құралдардың жүктемесін көтере алмағанын алға тартып, оқушыларға қосымша уақыт берілгенін хабарлады. Сонымен қатар, компьютерлердің қайта жүктелуі баллға әсер етті деген күдік жоққа шығарылды.
Ұлттық тестілеу орталығының бас сарапшысы Ақбота Байқоңырованың айтуынша, түлектерге берілген 240 минуттың толық көлемі пайдаланылған, ал электр қуаты тек екі рет — 9 және 5 минутқа өшкен. Оның сөзіне қарағанда, тестілеу процесі айтарлықтай бұзылмаған.
Алайда ата-аналар бұл мәлімдемемен келіспейді. Олардың сөзінше, сынақ барысындағы техникалық іркілістер нәтижелерге айтарлықтай әсер еткен. Енді олар әділдік талап етіп, ҰБТ-ны қайта тапсыруға мүмкіндік беруді сұрап отыр.