Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 22 Мамыр 2024

14 млн қазақстандықты TikTok-сыз қалдырса...

тик ток
Фото: из открытых источников

Жастардың ғана емес, жалпының ермегіне айналған TikTok әлеуметтік желісіне шектеу қойылуы мүмкін.

Бұл идеяны алғашқылардың бірі болып мәжілісмендер айтты. Сәуірде Ерлан Сайыров премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, ұсыныс айтқан. Соңғы екі жылда TikTok-қа 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті, оның дені балалар. Аталған платформада жасөспірімдерді жаман әдеттер мен әрекеттерге үндейтін, әртүрлі ойындар мен онлайн казиноларды жарнамалайтын, порнография мен суицидке шақыру элементтері кезігетін, жала жабу, жалған ақпарат тарату сынды бейнематериалдар көп дейді ол. Одан бөлек, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы да айтылып жүр. Сондықтан заңға қайшы контенттерді бұғаттап, кәмелетке толмағандарға шектеу енгізіп, Қытайдағы секілді TikTok -тың балаларға арналған нұсқасын енгізу керек дейді депутат. Ал ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева TikTok толық бұғатталуы (!) мүмкін екенін, бұл сұрақтың қарастырылып жатқанын хабарлады.

Аудитория мен табысы жағынан мүмкін рекордтардың көпшілігін жаңартып, қысқа ғана уақыттың ішінде әлемдік рейтингте көш бастаған TikTok «трендтер тудырушы» ортаға айналғаны рас. Қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі желі 2016 жылы пайда болып, 2018 жылы әлемдік нұсқасы қолданысқа шығарылған. Тез танымалдылыққа ие болған әлеуметтік желіге қарапайым қолданушылардан бөлек, шоу-индустрия, бизнес пен медиа да қосылды. Ал алғашқы шектеулер Қытайдың өзінен басталды. 2021 жылдан бері 14 жасқа толмаған балалар платформада тәулігіне тек 40 минут қана уақыт өткізе алады. Оның өзі сағат 6:00-22:00 аралығында. Толық шектеуді бірінші болып Үндістан енгізді, одан соң Ауғанстан, Иран, Өзбекстан мен Қырғызстанда бұғатталды.

Мемлекеттік қызметкерлерге TikTok жүктеуге тыйым салған елдер де бар. Мәселен, Тайвань, бірқатар Еуроодақ елдері, Ұлыбритания, Канада, Австралия және Америкадағы штаттардың көпшілігі осындай қадамға барған. Оған себеп – TikTok қолданушылардың конфиденциалды деректерін үшінші тараппен бөлісуі мүмкін деген күдік. Расында, платформа жасанды интеллект арқылы қолданушылардың қызығушылығына анализ жасап, соған сай лента ұсынады. Бірақ бұл деректердің басқа мүдделер үшін қолданылмайтынына толық кепілдік жоқ дейді. Тура сол секілді, 170 миллион қолданушысы бар АҚШ та қытайлық қосымшаға шектеу қою туралы заң жобасын талқылады. Сәуірде Байден тиісті құжатқа қол қойып, қытайлық компанияға TikTok-ты сат деген талап айтылды. Енді ByteDance бір жыл ішінде нақты тоқтамға келіп, сервисін сатпаса, желі АҚШ территориясында бұғатталады.

TikTok бұл шешіммен келіспейтінін және сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Олар деректерге қатысты күдіктерді бұрыннан жоққа шығарып келеді. Сондықтан өз сервистерін бұғаттау сөз, ой бостандығын шектеу деп есептейді. Мұндай пікірді көпшілік әр сөзіне мән беріп отыратын Илон Маск та айтты. Ол Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «АҚШ-та ТикТокқа шектеу қоюдың қажеті жоқ, бұл сөз еркіндігіне қайшы» деп жазды. Арнайы зерттеу орталықтары, тағы сол секілді институттар мен сарапшылар, қалың аудитория да сөз бостандығы үшін алаңдайтындарын байқатып жатыр.

Креативті индустрияны қайда қоямыз?

Ал біздің елді деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігі емес, контенттің мазмұны көбірек алаңдататын секілді. Министрлік пен депутаттардың сөзінен осыны аңғаруға болады. Олар халықаралық тәжірибе мен басқа да сұрақтар қарастырылып жатқанын айтып, елді бір елеңдетіп қойды. Бірақ өткен қазанда ғана президент пен TikTok-тың бас директоры Шоу Чу кездесіп, креативті индустрия саласындағы ынтымақтастық, жасанды интеллект бойынша зерттеу жүргізу, электронды сауданы дамыту, платформа арқылы Қазақстанның мәдениеті мен туристік мүмкіндіктерін насихаттау мәселелерін қарастырғаны есімізде. Тіпті сервис интерфейсін қазақ тіліне аударып, кибербуллингтің алдын алу мәселелері бойынша уәкілін тағайындады. Осы кезде TikTok арқылы кәсібін дөңгелетіп, табыс тауып отырғандар қуанып қалған. Себебі сауда тетіктері жетілдірілсе, аталған платформа жақсы табыс көзі бола алады. Ал енді елде толық бұғатталуы мүмкін деген хабарға тиктокерлер мен сервис арқылы ақша тауып отырғандар таңғалуда. Әрі наразылықтарын да жасырмады. Осы мәселе жөнінде TikTok-ты табыс көзіне айналдырған Думан Бақыткелдімен тілдестік:

«Бастапқыда TikTok балалар отыратын, билейтін, қызықты видеолар түсіруге болатын платформа ретінде танылса, соңғы уақытта бәрі басқаша сипат алды. Кім бар – бәрі тиктокта. Мұнда жарнама мен жеке брендті танымал ету ісі қарыштап тұр. Ал Қытайдағы аналогы зауыттардың акциялары саудаланатын, үлкен табыс әкелетін алаңға айналған. Себебі TikTok-та қаралым трафигі өте жылдам, алгоритмі сондай. Мәселен, инстаграмда қаралым тіркелушілердің санына тәуелді болса, мұнда «рекке» шықсаң болғаны. Эфирі де дәл солай. Осыны пайдаланып, монетизациялау үшін мен де бірнеше брендпен жұмыс істеп, СММ қызмет көрсетіп жүрдім. Сол кезде TikTok-тан келетін клиент пен сатылымның көптігін аңғардым. Соңғы 8 ай TikTok эфирінде отырып сатумен айналысып жатырмын. Сол секілді контент арқылы сату да алдыңғы қатарға шығуда. Бұл орта және шағын бизнес үшін де таптырмас жарнама құралы. Өйткені фейсбук, инстаграм арқылы жіберілетін таргет өте қымбат. Ал тура сол ресурсты TikTok-қа салып немесе тіпті салмай-ақ, өзіндік фишкаларды қолдану, қызықты видео түсіру арқылы қаралым, тіркелуші жинауға мүмкіндік бар. Оның бәрі де – потенциалды клиенттер.

Фейсбук мақала жазбайды, бірақ онда күніне миллиондаған пост салынады, содан пайда көреді. Тура сол секілді Яндекстің бір жаман көлігі де жоқ, бірақ ТМД-дағы барлық такси соларға 16-17 пайыз табыс әкеліп отыр. TikTok та сол сияқты. Өзіңізде тауар болмаса да, отырып сату арқылы табыс таба аласың. Оның үстіне, Қытайдағыдай тікелей TikTok арқылы тауарға тапсырыс беріп, төлем жасауды қарастыруға болады. Каспи сынды дүкендер қызметі үшін жобамен 16 пайыз комиссия алса, TikTok-тың арнайы маркетплейсі қосылса 0,16 пайыз ғана алады. Бұл сатып отырғандар мен сатып алушы үшін де өте тиімді. Сондықтан да, TikTok-ты жабу туралы емес, дамыту туралы ойлану керек. Негізі, бұл орайда цензура жағы қылаң беретіндей. Себебі су тасқыны бар, басқа да мәселелер бар, мемлекеттік арналар мен мемлекеттік БАҚ бәрі жақсы, бақылауда деп хабар таратып жатқанда TikTok-та сол сәтте тұрғындардың, халықтың, белсенділердің видеоматериалдары шындықты көрсетіп отырады. Сондықтан ақпараттық блок қоюға ұмтылыс емес пе екен деген ойдың туындауы заңды. Бір жағынан, шектеу қойғанның өзінде халық TikTok-қа Ресей мен Қырғызстан секілді VPN (ред: virtual private network – жеке виртуалды байланыс) арқылы кіре береді. Ал Қазақстан TikTok-қа мықты аналог жасап шығара алмайтыны тағы айдан анық».

Аталған желі арқылы кәсібін жүргізіп, жарнама арқылы табыс тауып отырғандардың дені осындай пікірде. Ал ақпараттық шектеу мен оны іріктеу жағы өз алдына тақырып. Бұл туралы журналист, медиа-сарапшы Дастан Қастай былай дейді:

«Бұл қосымша қазір жастардың басын қосып отырған негізгі платформа. Шынын айту керек, біздің елде мінберлерден ойын еркін айтуға, құқықтық негізде талап қоюға, азаматтардың өз білімі мен қарым-қабілетін, дарынын ашық танытуына мүмкіндік беріле бермейді. Сондықтан жастар TikTok арқылы өзінің виртуалды келбетін реалды келбетіне қарағанда жақсырақ танытуға ұмтылады. Бұл құбылысты «диджитал клондау» санатына жатқызуға болады. Демек, TikTok-тағы бізге тән бейнелер, кадрлар мен контенттер – біздің диджитал клонымыз. Осы себептен де TikTok демократия құндылықтарын нығайтатын платформа ретінде жалған ұрандар мен «айтылмайтын әңгімелердің» бетпердесін біршама деңгейде шешіп тастады. Қосымшаны қолдану кең етек алғалы қазақ жастарының Кореяда өз нәпақасын тауып жүргенін, Еуропа асып, құлпынай алқабына қонған қарғаларды үркіткенін, зорлық-зомбылық пен қорлық деректерін қымсынбай айтатынын байқайтын болдық. Сол секілді қаншама әлеуметтік, қоғамдық, саяси мәселелер ашық талқыға салынуда. Осылайша, әлеуметтік медиа демократия заңдылықтарын нығайтатыны да белгілі. Оны шектеуге тырысу ақталатын қадам деп айта алмаймыз. Франкфурт мектебінің танымал социологы Эрих Фроммша айтқанда, кісеннің адам аяғына салынғанынан гөрі адам ішіне түскені көп зардап әкеледі. Ұлттық ақпарат кеңістігіне жіті, жүйелі көз жүгіртіп шықсаңыз, белгілі бір дәрежеде сұрыпталған, іріктелген ақпаратты алып отырғаныңызды аңғарасыз. Ал бірақ біздегі TikTok желісіне бұғалық салу не салмау – бүгін-ертең шешілетін мәселе емес. Өйткені елімізде шалыс қимылдау, батыл қадамдарға бойлау, шатпа-шұт шешім шығару көріністері атымен жоқ. Сондықтан қосымша жуық арада бұғатталады дегенге аса сеніңкіремеймін. Оның үстіне, біздегілер жалаң, жұтаң ақпараттық науқандарды ұйымдастыру, әлеуметтік медиа алаңында жарқ-жұрқ эстафета жолдау, сападан бұрын көрсеткіштерге жұмыс істеу сынды «топайгөк әдістерді» жақсы жүзеге асырады. Бұл жағынан алғанда, TikTok-тың әлі де «берері мол».

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: