15 мемлекет Навальныйдың өлімін тәуелсіз тергеуді талап етті
Германия бастаған 15 мемлекет Ресей оппозиционері Алексей Навальныйдың қазасына байланысты істі жан-жақты әрі ашық тергеуге шақырды. Бірлескен мәлімдеме 16 ақпанда – саясаткердің Ресейдің солтүстігіндегі колонияда қаза тапқанына екі жыл толған күні жарияланды.
Мәлімдемеде Навальныйдың өлімі үшін жауапкершілік «толықтай Ресей билігінің мойнында» екені атап көрсетілген. Құжат авторлары оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, істің барлық мән-жайы соңғы деректерді ескере отырып қайта қаралуы тиіс екенін жеткізді.
Еуропалық сот шешімі еске салынды
Қатысушы елдер Еуропа адам құқықтары сотының бұрынғы шешіміне де сілтеме жасаған. Онда Ресей билігі Навальныйды қамауда «адамшылыққа жат әрі ар-намысты қорлайтын жағдайда» ұстағаны және оның шағымдарына тиісті жауап бермегені үшін жауапты деп танылған болатын.
Сондай-ақ мәлімдемеде соңғы сараптамалық деректерге назар аударылды. Навальныйдың қазасына екі жыл толар алдында Ұлыбритания, Швеция, Франция, Германия және Нидерландия саясаткердің эпибатидин атты сирек токсинмен уланған болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Эпибатидин — Эквадорда кездесетін ағаш бақасының терісінен алынатын улы зат. Аталған елдердің сарапшылары Навальныйдың биологиялық үлгілерін бір-бірінен тәуелсіз зерттеп, осындай қорытындыға келген. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, саясаткердің туыстары бұл үлгілерді оның қазасынан кейін Еуропаға жеткізе алған.
Ал Кремль бұл айыптауларды «негізсіз және қасақана жасалған» деп бағалап, үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков билік тарапынан улау туралы мәлімдемелерді «шындыққа жанаспайды» деп атады.
Ресейдегі репрессияларға алаңдаушылық
Бірлескен мәлімдемеде Ресейдегі адам құқықтары ахуалының нашарлап бара жатқанына да ерекше назар аударылған. Құқық қорғаушылар, журналистер мен азаматтық қоғам өкілдеріне қысым күшейгені айтылды.
Құжатта «ОВД-Инфо» құқық қорғау жобасының деректеріне сүйене отырып, Ресейде саяси себептермен 1700-ден астам адам қамауда отырғаны көрсетілген. Олардың арасында Украинаға қарсы соғысқа қарсылық білдірген украин азаматтары да бар екені атап өтілді.
Мәлімдемеге Австралия, Ұлыбритания, Германия, Чехия, Дания, Канада, Латвия, Литва, Нидерландия, Норвегия, Швеция, Жаңа Зеландия, Польша, Финляндия және Эстония қол қойған.
«Ресейдегі ішкі репрессиялар оның сыртқы агрессиясын жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр. Біздің ұстанымымыз айқын: Ресей билігі барлық халықаралық міндеттемелерін толық орындап, саяси тұтқындардың барлығын босатуы тиіс», – делінген құжатта.
Навальныйдың қазасы екі жыл өтсе де халықаралық деңгейде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, бұл іс Ресейдегі адам құқықтарының жай-күйіне қатысты халықаралық қысымды күшейте түскен тақырыпқа айналып отыр.