Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

1,5 миллиард теңгеге салынған крематорий әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ

Крематорий
Фото: zhasalash.kz

Бұл – Қазақстандағы алғашқы крематорий нысаны.

Құрылысы 2021 жылы аяқталғанымен, бүгінде оның нақты қай ведомствоға қарайтыны белгісіз. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёвтің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бұл нысанды өз балансына алуға ерекше ынта танытып отырған жоқ.

“Мұнда кең залдар, газбен жұмыс істейтін экологиялық таза чехиялық екі пеш орнатылған. Барлық коммуникация тартылды. Инфрақұрылымы толық дайын. Бірақ әлі күнге дейін іске қосылмай тұр”, - дейді Пономарёв.

Оның айтуынша, Алматыда медициналық және биологиялық қалдықтардың көлемі күн өткен сайын көбейіп келеді. Депутаттың мәліметінше, бұл крематорий күніне 16 мүрдені өртеп жоюға қауқарлы.

“Пандемия немесе эпидемия жағдайында мұндай нысанның маңызы екі есе артады. Оның үстіне, Алматы агломерациясымен бірге алдағы 10–15 жылда халқы 7,5 миллионға жетуі мүмкін. Сондықтан мұндай инфрақұрылым қаланың қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайы үшін стратегиялық маңызға ие”, - дейді депутат.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың маусымында Алматыда крематорий құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттамаға тендер жарияланған болатын. Сол кезде алғашқы крематорийді салуға 1,5 миллиард теңге бөлінді. Алайда арада жылдар өтсе де, бұл нысанды басқаруға жауапты ұйым әлі анықталған жоқ.

Крематорий Алатау ауданында, ЖЭО-2 жылу электр орталығының оңтүстік жағында орналасқан. Қалалық құрылыс басқармасының хабарлауынша, барлық инженерлік желілер жүргізіліп, нысан толықтай дайын күйде тұр.

“Ғимарат толық дайын. Архитектура мен әділет органдарында тіркеуден өтті. Барлық техникалық талаптар орындалды”, - деген еді басқарма өкілдері.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кремация және колумбарийлердің (күл сақтауға арналған орын) қызметі 2021 жылы бекітілген санитарлық нормалармен реттеледі. Алайда қазіргі уақытта сол ережелерге өзгерістер енгізу бойынша құжаттар әзірленіп, келісу сатысында тұр.

Айта кетейік, Алматыдағы крематорийдің ашылуы бірнеше рет кейінге шегерілген. Алғашқыда оны 2021 жылы іске қосу көзделген еді, алайда бұл мерзім кейін 2022 жылға, одан соң 2023 жылға жылжытылды. Ал қазір 2025 жылдың таңы атты.

Қазақстандағы алғашқы крематорийдің құрылысы аяқталғанына қарамастан, оның нақты қашан іске қосылатыны әлі белгісіз. Құжаттық рәсімдер мен жауапты мекеменің анықталмауы жобаның іске қосылуын ұзаққа созып отыр. Миллиардтаған қаржыға салынған нысанның бос тұруы қоғамда да, сарапшылар арасында да сұрақ тудырып отыр.

Тегтер: