“15 жылда қазақша сөйлеп кетеміз”: Қырғыздар ChatGPT-тің қазақша жауабына наразы

Әлеуметтік желіде қырғыз қолданушылары ChatGPT-ке сұрақ қойғанда, ол жиі қазақ тілінде жауап беретінін айтып, наразылық білдірді.
Олар тіпті “осылай жалғаса берсе, он бес жылдан кейін бүкіл жас ұрпақ қазақша сөйлеп кетеді” деп алаңдаушылық танытты.
Wikipedia маманы Чоробек Сааданбеков ChatGPT қырғызша сұрағанда арасында қазақша жауап беретінін айтты.
"ChatGPT-ге қазақ тілінің қорынан кірген сөздер өте көп. Қырғыз тілінде жоққа таяу. Сөйтіп біздің тілден таппай қалып, қазақ тілінен алады. Қазір ChatGPT біздің ең негізгі мағлұмат алушы құралымыз болып қалған. Дәл қазір интернет майданында қырғызшаға көңіл бөлмесек, 15 жылда қазақша сөйлеп, жазып кетеміз. Ана тілімізді түсінбей, сезбей қаламыз.
Біз мына жақта концепциясын қырғызша жазып, ChatGPT оны қазақша жаза беруі мүмкін. Орысша сөйлегеніміз аздай, ақырындап сол тілде сөйлей бастаймыз. Сонымен қатар орыс тілінің ыңғайына қарай үйлестіріліп жазылады деген сөздерді де қазірден бастап қарауымыз керек", – деп алаңдады қырғызстандық маман.
Кейбір желі қолданушылары бұны мақтан тұтатын жайт деп бағалады. Себебі қазақстандықтар жасанды интеллектке алғашқылардың бірі болып қазақша сөйлеуді, мақал-мәтел айтуды, жергілікті ерекшеліктерді үйретіп жатыр. Бүгінде GPT ауылдағы ұстаздан да артық мақал айтса, қаладағы студентке қазақша диплом жазып бере алатын деңгейге жетті.