Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:01, 11 Ақпан 2021

15 жыл: Алтынбек өлмегендей, әділетке сызат түспегендей...

None
None

Біраз сарапшылар Қазақстанның саяси қоғамын Алтынбек қазасына дейін және осы қаралы күннен кейін деп екіге бөліп қарастырады.

Мәнісі айтпаса да түсінікті – үміттің үзілуі, автократиялы биліктің мығым орнығуы. Сол кезде саяси аренада жүрген саясаткер, саясаттанушы, тіпті журналистер де бар, 2006 жылдан кейін бұған дейін интригасы мол, қайнап жататын саяси өмірдің тыншып қалғанын айтады. Иә, Алтынбектер бар кез, расында, қызығырақ, жиі-жиі күтпеген жаңалық болып тұратын бір кезең болыпты. Одан беріде… Қазақстан бір бейқам кепке түсіпті. Оппозициялық топтардың өзін «шартты нәрсе» дейтін болыппыз. Қалған дүние сол мызғымаған қалпы. Азамат өлмегендей, әділетке сызат түспегендей...

Алтынбек Сәрсенбайұлы қаза болғалы 15 жыл өтсе де, қасындағы қос көмекшісімен бірге тау етегі, жол шеті – күресінге тастап жүре берген жендеттердің артында кім тұрғаны жайлы нақты зерттеу жүргізіліп, ақырғы тоқтам әлі айтылмапты. Алтынбек қаза болған күн келген сайын, талағында биті бар ақпарат құралдары арғы-бергіге сұрау салады да жатады. Бірақ кезінде Алтынбектің шарапатын көрген, демеуін сезінген белгілі адамдар жарты ауыз естелік айтуға жарамай, «әлдебір себептерге байланысты» ат-тонын ала қашады. Ал біз әлі күнге «Алаш арыстарының да атын атай алмаған кезді» еске алып, «шындық түбі айтылады» дегенді малданып әлі жүрміз.

Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына 15 жыл толар қарсаңда Азаттық радиосының Қазақстандағы қызметі арнайы фильм түсіріпті. Фильм авторларының бірі, Азаттық радиосының тілшісі Манас Қайыртайға хабарластық.

— Алтынбек Сәрсенбайұлы өмірден озғалы 15 жыл өтті. Сол уақыттан бері біраз дүниелер айтылса да, әлі еш нәрсенің басы ашылған жоқ. Фильм түсіріпсіздер, оның атауы қандай?

— Фильм «Алтынбектің қазасы. Қастандықтың артында кім тұр?» деп аталады. Фильм барысында осыған барынша жауап ізделеді. Бірақ фильм нақты үкім айтпайды. Алтынбекті жақын танитын, сол оқиғаларды жақсы білетін, біледі деген  адамдардың әрбірінің өз нұсқасына тоқталдық. Фильмде пікір қарама-қайшылығы да бар. Бірақ біз бір тарапты дұрыс, бірін бұрыс демейміз. Соңында көрермендер өздері шешім қабылдай жатар. Десек те, оған да қажетті детальдар жетпей қалуы мүмкін. Себебі 15 жылдағы ақпараттың өте аздығы, көп мәселенің жаңармағаны кедергі болды.

— Билік тарапынан пікір білдіргендер болды ма?

— Билік тарапынан ешкім пікір білдірген жоқ. Біз бұған дейін Заманбек фильмін түсірген кезде осы билік тарапынан 1-2 адамға хат жазып, сұрау салғанбыз. Осы жолы ұлттық қауіпсіздік қызметін басқарған Нартай Дүтбаевпен сөйлесіп едік, қазіргі жағдайда жауап бере алмайтынын айтты. Нұртай Әбіқаевтың, Назарбаевтың кеңсесіне хат жазып едік, жауап болмады. Сол кезде ішкі істер министрі болған Бауыржан  Мұхамеджановқа, көмекшісіне де хат жолдадық. Ол кісілер де жауап бере алмаймыз дегенге келтірді.

— Алтынбекті білетін, кезіндегі жақтастарынан сөйлегендер бар ма?

— Қатарластарынан Ғалымжан Жақиянов жауап берді. Ол кісі 10 жылдай басылымдарға сұхбат бермеген. Бұл жолы «Алтынбектің өзі, өмірі мен қызметі туралы сұхбат болса жауап беремін» деп келісті. Ол  кісі түрмеден шыққаннан кейін, екеуі 20-25 күндей көрісіп жүрген екен. Сол кезеңдер туралы, сол кездегі әңгімелер, оқиғалар туралы өз пікірін білдірді. «Дат» газетінің жетекшісі Ермұрат Бапи мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаевпен сұхбаттастық. Оған қарсы тарапта сөйлейтін ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Арат Нарманбетовтен пікір алдық. Бұл кісілердің қаза бойынша нұсқалары бір-біріне қарама-қайшы. Олар кезінде шыққан ресми нұсқаны айтқанымен, ресми нұсқаның пайда болу, жариялануына күмән келтіргендері де болды. Бәрібір бұл жерде биліктің қатысы, билік тарапының мойнындағы жүк, жауапкершілік туралы әңгімелер айтылады. Сұхбат берушілердің арасында Маржан Аспандиярова да бар. Қайсысы болсын 2005-06 жылдардағы саяси оқиғалардың ортасында жүрген адамдар.

— Фильмде Алтынбектің баласы, жары көрсетіле ме?

— Олар фильмде жоқ. Біз фильм қарсаңында ол кісілерге хат жаздық. Олар фильмнің жарық көруін қолдайтынын, бірақ 15 жылда айтарлықтай еш нәрсенің өзгермегенін, тыңнан ақпарат қосып айта алмайтынын жеткізіп, бас тартты.

 -Алтынбекпен бірге қаза болған көмекшілері Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосын туралы фильмде сөз қозғала ма?

— Өкінішке қарай, ол кісілердің туған-туыстарымен байланысқан жоқпыз. Бауыржанның жақындары Ташкент қаласында тұрады, қарындасы ғана осы жақта  деп естідік. Алайда ол кісілерге хабарласпадық. Жалпы, біз Алтынбек Сәрсенбайұлының көзі тірісінде араласқан серіктерімен де сөйлесуге тырыстық. Кейбір азаматтар хатымызды оқыды, бірақ жауап бермеді. Бұл тұрғыда Алтынбек жайлы маңызды ақпарат беретін біршама адамға жазыппыз. Көпшілігі бас тартты.

— Пікір беруден бас тартқандар кімдер?

— Пікір беруден бас тартқандардың дені саяси тұрғыдағы серіктері деуге болады. Олар сұхбат беруге не үшін келіспегендерін түсіндірмеді. Жалпылама түрде белгілі бір себептер деп қана айтты.

— Фильм түсіру кезінде қандай да бір қиындықтар, кедергілер болды ма? О бастағы жоспарларыңыз қаншалықты орындалды?

— Нақты бір үлкен кедергі болды деп айта алмаймын. Басты кедергі – біз ойлаған адамдармен сұхбаттаса алмауымыз болды. Билік тарапынан сот ісіне, одан кейінгі оқиғаларға байланысты жауап берілмеуі де қол байлады.

— Алтынбектің өліміне байланысты Өтембаев, Әлиевтердің есімі бейресми тұрғыда аталып қалады. Сосын, өмір бойы бас бостандығынан кесілген Рұстам Ибрагимовтар туралы жаңа деректер бар ма?

— Ол азаматтар туралы тың деректер жоқ. Бұл фильмді эксклюзив деп айтуға келмес. Бұны  соңғы 15 жыл мен Алтынбектің оппозицияға келгендегі өмір жолы, сол кездегі орын алған оқиғаларды жинақтап, қорытып, ұсыну деп қабылдау керек. Бұны деректі фильмнен гөрі интервью-фильм деп атаған дұрыс.

— Сарапшылар Қазақстанды Алтынбек пен Заманбектің қатар-қатар дүниеден озуына дейінгі және… кезең деп бөліп жатады. Жалпы, осы тұрғыдан «олар тірі болғанда осылай болар еді» дегендей болжам жасала ма?

— Эмоциялық тұрғыда осындай пікір білдіргендер болды. Бірақ екі саясаткердің қоғамдағы рөлі мен абыройы, саясаткерлік қабілетіне қарап, елдегі саяси жүйенің өзгеруі олардың тірі қалу-қалмауына байланысты еді деп айтқандар бар. Олардан гөрі бірінші фильмді көрген азаматтардың пікірі, халық тарапынан айтылған басты пікір де осындай болған еді. Ал енді сарапшылардың пікірі 100 пайыз осылай өрбиді деп айтуға келмейді. Десе де, олардың сөздерінің түйіні қоғамға ықпалды, белгілі тұлғалардың қаза табуының салмағына, оның үлкен қылмыс екеніне қатты мән береді.

— Фильмнің ең басты жаңалығы деп нені айтуға болады?

— Фильмде үлкен жаңалық жоқ. Бірақ Алтынбек Сәрсенбайұлының өміріне, саяси қызметіне байланысты кейбір сәттер мен детальдар, айтылмаған тұстар бар. Мысалы, ҚДТ қозғалысының құрылу барысы, ол құрылған кездегі Алтынбек Сәрсенбайұлының рөлі, басшылықпен қарым-қатынасы сияқты нәрселер айтылады.

— Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер: