“157 миллион далаға кетті ме?”: Қызылордада медкереуеттер нарық бағасынан үш есе қымбатқа сатып алынған

Қызылорда қаласының №2 соты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына медициналық кереуеттерді асыра бағамен сатып алу ісі бойынша үкім шығарды.
Резонансты істің ортасында – аурухананың бас бухгалтері, оның туған бауыры және азаматтық некедегі жары.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аурухана жеке компаниямен 220 кереует сатып алуға келісімшарт жасаған. Бір кереуеттің құны – 1,2 миллион теңге. Алайда нарықтағы орташа баға 460 мың теңгеден аспайды.
Салдарынан мемлекетке 157,7 миллион теңге көлемінде зиян келген. Тергеу барысында айыпталушылардың 111 миллион теңгеден астам мүлкіне тыйым салынған. Сотта мәлім етілгендей, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде күдіктілер кінәсін мойындап, келтірілген шығынды толық өтеген. Осыған байланысты тараптар процессуалдық келісім жасасқан.
Сот оларды ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы — «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған аса ірі көлемдегі ұрлық» бойынша кінәлі деп таныды.
Барлығына алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оларға белгілі бір лауазымдарды атқаруға және кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды. Алайда ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистия аясында жазаның үштен бірі қысқартылып, олар шартты түрде төрт жылға сотталды.