16 млн адам «ұрланса» да, Мәдиев ешкімге өкпелемейді

16 маусым күні интернетте 16 миллионнан астам Қазақстан азаматының мәліметтері ұрланды деген ақпарат шықты. Көп кешікпей бұл деректі кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сәтиев растады.
Тараған ақпаратта азаматтардың тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, мекенжайы, тұрғылықты жері, байланыс нөмірлері (ұялы, үй, жұмыс), азаматтығы, ұлты және басқа да жеке деректері қамтылған. Осыдан соң цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеме жасады. Онда Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы мекемелермен бірлесіп, тараған деректердің шынайылығын тексеріп жатқандығы айтылды. Сондай-ақ мәлімдемеде алғашқы талдау нәтижесіне сәйкес бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екені айтылды. Министрліктің мәліметінше, деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден тарамаған, хакерлік шабуыл да жасалмаған. Осыдан соң «сонда осынша адамның жеке дерегі қайдан таралып кетуі мүмкін» деген заңды сұрақ туындайды. Бұған министрліктің жауабы мынадай: «Тексеру толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте».
Бүгін осы оқиғаға қатысты цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев те пікір білдірді. Министрдің сөзінше, 16 миллион қазақстандықтың дерегі «Яндекс тамақ» секілді ресейлік қызметтерден тараған болуы мүмкін.
«Мәселен, «Яндекс тамақ» қызметін алайық. Оның Қазақстандағы штаты үлкен. Жеке деректерді қорғауға келетін болсақ, олар да бағынады. Олар үшін деректерді қорғауда қандай да бір ерекшелік жоқ. Ал ірі, дербес дерек иелері хакерлік шабуылға жиі ұшырайды», – дейді Мәдиев.
Бір қызығы, жағдайды реттеуге барын салып жатқан (!) министр «ақпаратты таратқан болуы мүмкін» делінетін ресейлік қызметтерге ешқандай наразылығы жоқ екенін айтты.
Негізі қазақстандықтардың «ұрланған» мәліметтері туралы ақпарат бірінші рет тарап отырған жоқ. Бұған дейін де бірнеше рет қайталанған. Біз арнайы хабарласып, пікірін сұраған IT сарапшысы Тимур Бектұрдың айтуынша, 2020–2023 жылдары «ұрланған» мәліметтер туралы нақты статистика жоқ, тек болжамдар жасалады. Мысалы, 2020 жылы – 2 миллион, 2021 жылы – 1 миллион, 2022 және 2023 жылдары 500 мың деп бағаланады. Ал 2024 және 2025 жылдары нақты ақпарат бар – 3,6 миллион және 16 миллион.
IT сарапшысының сөзінше, Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік туралы жиі айтылса да оған ешкім мән бермейді. Себебі біздегі ақпаратқа кім жауапты екені де нақты белгісіз, ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Сондай-ақ инцидент болса, ешкім жауап бермейді. Қоғам тарапынан да инциденттің ізіне түсу, сотқа тарту, келтірілген моральдық не өзге де шығынды өндіріп алу жолға қойылмаған. Яғни бұл мәселені қолға алып, шынайы айналысып жатқан ешкім жоқ. Ал дамыған елдерде жағдай мүлде басқаша. Азаматтардың ақпараты интернетке тарап кеткені анықталса, сол үшін таратқан тарап заңды жауапкершілікке тартылады.
«АҚШ-та жеке бас дерегінің ұрланғаны, интернетке шығып кеткені белгілі болса, сондай шаруамен айналысатын үкіметтік емес ұйым әлгі ақпараттың таралуына жол берген мекемені (ведомствоны) мәліметі ұрланған миллиондаған азаматтың атынан сотқа береді. Сосын соттасады. Сотта, әдетте, жеңеді. Сосын әлгі мекеме, ведомство сот шешімі бойынша моральдық шығынды қаржылай өтейді. Содан соң ол үкіметтік емес ұйым өзінің маңдай терін алып қалады да, қалған қаржыны жеке ақпараты интернетке шығып кеткен азаматтардың шотына аударады.
Ал біз шулап-шулап қоя саламыз. Тиісінше, ІТ заңгерлер қауымдастығы, ІТ мәселе бойынша жұмыс істейтін қоғамдық институттар әлі дамымаған» – дейді ол.
16 миллион қазақстандықтың ақпаратының интернетте таралуы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі «ұрланған» ақпарат. Бұл, берісін айтқанда, азаматтардың қауіпсіздігіне, арысын айтқанда, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін маңызды мәселе. Сондықтан мұндай да «ақпарат бізден тараған жоқ, оны таратқан «Яндекс тамаққа да» ешқандай наразылығымыз жоқ деп, министр Мәдиевше қол қусырып отыруға болмайды. Қалай да түпкілікті тексеріліп, нақты шешім қабылдануы тиіс.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ