Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 08 Қазан 2024

16 жасар бала кісі қолынан қаза тапты

Шерзат қаза тапқан дүкеннің алды
Фото: "Жас Алаш" газеті

4 қыркүйекке қараған түні Алматы облысында 16 жасар баланы өзінен ондаған жас үлкен бірнеше жігіт ата-анасының көзінше пышақтап кеткен.

 Жасөспірім ауруханаға жетер-жетпестен қаза тапқан дейді әлеуметтік желі қолданушылары. Кейіннен осы оқиғаға қатысты бейнеролик те тарады. Оқиға куәгерлеріне сенсек, дүкенде алған заттарының құнын төлеуден бас тартқан бірнеше ер адам сатушымен (қайтыс болған баланың әкесі) жанжалдаса бастайды. Осы кезде әкесіне баласы келіп жақтасады. Жастар өзара дауласып, арты қайғылы жағдайға алып келген. Ең сорақысы, күдіктілер немесе видеоға түсіп қалған қылмыскерлер жасөспірімнің әкесі мен анасын, ағасын, әжесін қаратып қойып, бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Бұл оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаментіне хабарластық.

«Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлайды. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларының толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Қылмыстық істі тергеу ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», – деп жауап берді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Меруерт Морякова.

Сол күні облыстағы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында белгісіз ер адам жас жігітті пышақтап кеткен. Салдарынан жігіт оқиға орнында көз жұмды. Бұл бір ғана облыста екі-үш күн шеңберінде болған оқиғалар. Ал еліміздегі жантүршігерлік қылмыстар мен өлім саны артпаса, азайып жатқан жоқ. Соның ішінде жасөспірімдерге қатысты істің қатары қалың. Деректерге сүйенсек, жастар арасында жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заңбұзушылық тіркеледі екен. Оның ішінде төбелестер мен жанжалдар, буллинг пен сексуалды зорлық, суицид пен тағы да басқа жайттар бар. Қозғалған істер бойынша кінәлілер анықталып, заң талабына сай бас бостандығынан айырылады, жазасын өтеу үшін түзету колонияларына жіберіледі. Ең қайғылысы, өрімдей жастар өмір көрместен үзіліп жатыр. Бұл проблеманың өзектілігі сондай, үкіметте талқыланып, президент тарапынан тапсырмалар берілді. Ол туралы мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов былай дейді:

«Елімізде кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасында орын алып жатқан зорлау, ұрып-соғу және өлім жағдайлары жөнінде естісең жағаңды ұстайсың. Партиямыз кең таралған зорлық-зомбылықтың, әскер қатарындағы өлімнің, дені сау және мықты жігіттерді мүгедектік пен өлімге әкелетін жазатайым оқиғалар, мектепте тамыр жайған бұзақылық, зорлық-зомбылық, бұзақылық және қылмыстық өмір салтының көрінісі деп санайды. Зорлық-зомбылықты түбірімен жою керек. Алайда бүгінде агрессорлар, жасына байланысты кейбір жасөспірімдер жазадан сытылып кетіп жатыр. Бәлкім, біз заң шығарушылар Ұлыбритания елі секілді қылмыстық жауапкершілікке тартуды 14 жастан емес, 12 жастан бастап қайта қарауымыз керек шығар. Мұндай жауапкершілікті, әсіресе зорлық жасау істеріне белгілеу қажет. Уәкілетті орган білім беру процесіне ғана емес, сонымен қатар балалардың моральдік-этикалық мінез-құлқына, эмоциялық-психологиялық тұрақтылығына ерекше назар аударуы керек. Себебі әскердегі өлім, қоғамдағы әлімжеттік пен зорлық жасау секілді бұзақылық жайттардың тамыры мектептен таралады. Сондықтан еліміздің білім ордаларындағы тәртіптік жұмысты қайта қарап, үлкен өзгерістер енгізу керек».

Бұл орайда елімізде арнайы жұмыстар жасалып жа жатыр. Әсіресе жергілікті органдардың үлесі зор. Мәселен, жоғарыда мысал ретінде айтылған Алматы облысында жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту бойынша шаралар үздіксіз жүргізіледі. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері де ақырындап көрініп жатыр. 2024 жылдың алғашқы сегіз айында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың саны 20 пайызға дейін азайған. Яғни 70-тен 56 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан іс-шаралардың тиімділігін көрсетеді. Ондай шаралардың да түр-түрі бар. Биыл облыс бойынша 200 жиналыс жасалып, 306 мәселе қаралған. Облыстың әр ауданында, оның ішінде Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Талғар, Қарасай, Ұйғыр, Кеген, Райымбек және Қонаев қалаларында отырыстар өткізілді. Нәтижесінде, 521 нақты тапсырма мен 137 ұсыныс белгіленген. Арнайы комиссия 11 көшпелі отырыс ұйымдастырды. Бұл тек мектеп немесе мекеме деңгейінде ғана емес, тұрғындарды толық қамтып, ауыл-ауылдың мәселелеріне тікелей жауап беруге мүмкіндік береді.

Десек те, қылмыс мүлде жойылды немесе айтарлықтай азайды деуге әлі ерте. Жыл басынан бері Алматы облысында кәмелетке толмағандарға қатысты 42 іс сотқа жолданып, 8 іс әртүрлі себептерге байланысты кері қайтарылды. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың ішінде жыныстық сипаттағы 95 қылмыс тіркеліп, бұл көрсеткіш бұрынғымен салыстырғанда 58,3 пайызға артқан. Алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі – суицид. Өңірде биыл 17 суицид және 13 суицид әрекеті тіркелді. Оқиғалар көбіне Қарасай, Жамбыл, Талғар және Іле аудандарында орын алған. Осы проблемаларды шешу үшін «Ата-аналар университеті» жобасы іске қосылған. Бұл жоба аясында аудандық деңгейдегі кездесулер ұйымдастырылып, ата-аналарға балаларды қорғау, суицидтің алдын алу және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ақпарат берілді. Ал арнайы комиссия 2024 жылға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жоспар бекіткен. Еңбекшіқазақ ауданындағы жетім балаларды қамқорлығына алған отбасылық үлгідегі балалар үйлері де жіті назарда.

Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты шараларда мектептің маңызы мен рөлі ауқымды екені белгілі. Әрине, білім ордаларына бар жауапкершілікті артып тастауға да болмайды. Десек те, ондағы жұмыстардың өзектілігі жоғары. Осы және өзге де мәселелер туралы педагог, кәсіпкер, QAZBILIM ұлттық лицейінің басшысы Аятжан Ахметжанұлы былай дейді:

«Кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың төмендемеуі сала мамандары мен қоғам үшін үлкен сынаққа айналған. Бірақ нәтижелі қадамдар мен оң бастамалар өз кезегінде жақсы нәтижелерге әкеліп жатқаны да рас. Алайда бала құқықтарына қатысты жұмысымызды тоқтатпай, керісінше, дамыта беруіміз қажет. Жігіттің үш жұрты болатыны секілді, оқушының да үш жұрты бар: мектеп, отбасы, қоғам. Осы үш жұрт тәрбие ісіне жұмылмаса, бала тәрбиесінің жақсаруы жайында айтудың өзі орынсыз. Әрқайсының өз міндеттері бар. Мектеп білім мен тәрбиені қатар беру керек, отбасы бала тәрбиесіне бейжай қарамауға тиіс. Ал қоғамның әрбір мүшесі бала тәрбиешісі екенін ұмытпағаны абзал. Біз соны көбіне естен шығарып аламыз. Біз өз баламыздың ғана емес, қоғамдағы әрбір баланың тәрбиешісіміз. Тіпті әлеуметтік желіге қатыгездікті насихаттайтын бейнежазбаны жүктеген кезде, оны балалардың да көретінін ұмытып кетеміз. Желіде отырып алып ойға келгенді жазамыз. Бұдан кейін кешегідей, бір-бірін аяусыз тепкілеген қатыгездер қайдан шықты деп байбалам салудың өзі артық. Бала тәрбиесімен айналысу тек оқу-ағарту министрлігінің немесе мектептің құзырындағы шаруа емес. Оған басқа да министрліктер, қоғамдық ұйымдар, тіпті діни бірлестіктер бірігіп, ортақ тұжырым жасауы керек.

Бір жағынан қоғамымыз балаға тәрбие беру мен оған қолайлы материалдық орта жасауды шатастыратын да секілді. Балаға жылы үй, киім мен тамақ керек, әрине. Бірақ мен саған ананы әпердім, телефон сыйладым, енді сен мынаны жаса деуге де болмайды. Мысалы, «Мен сені қыдырттым, сен мынаны орындауың керек» деген қарым-қатынас адами байланысқа емес, іскерлік келісімшартқа көбірек келеді. Оданда құндылықтарға құрылған тәрбие мен сенімге негізделген қарым-қатынас дұрыс».

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: