16 желтоқсан... Бұл қандай күн?
Мен де өзіміздің тәуелсіз ел екенімізді мақтан тұтамын. Тек дәл осы күні бөркімізді аспанға атып, шын жүректен неге шаттана алмаймыз?
Әлде «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, Желтоқсан құрбандарының рухы арымызды мазалай ма? Солай болса, қанеки… 1986 жылы 16,17,18 желтоқсан күндері еш нәрсе де болмағандай… Ақ қар қазақ жастарының қызыл қанына боялмағандай. Ал біз бұл күнді мерекелеп, той тойлаймыз. Қарқ-қарқ күліп, есіре би билейміз...
Неге бұлай? Билік білер мұны тек.
(Саясаттың біз білмейтін сыры көп).
Жалын жастар елі үшін жан қиған күн
Тойлануда Тәуелсіздік күні боп.
Намыс оты лаулап кекті жанарда,
Теңдік сұрап шықты жастар алаңға.
Өршіл жастар серттерінен таймады,
Тапталса да бастары лас табанға.
Ала алмастан тарихтан шын бағаны,
Бұл күн де енді ұмыт болып барады.
Естен шығып ерлік ісі жастардың,
Барады өшіп мұзға жаққан алауы.
Өз-өзінен орнағандай азат күн,
Мейманасы тасты әбден қазақтың.
Ұмытты олар ел-жерім деп жан қиған,
Қайрат, Ербол, Сәбира мен Ләззатын..
Қазақпыз ғой… Еске аламыз несіне,
Тез жетейік күлкі-думан кешіне.
«Риза боп аунап түссін» олар да,
Қарқ-қарқ күліп, би билейік есіре...
Шынында да, күлкі-әзіл қайнайтын,
Тәуелсіздік күні деп ел тойлайтын,
(Боздақтарды еске алуға болмайтын),
16 желтоқсан… бұл қандай күн?
16 ЖЕЛТОҚСАН 1986 ЖЫЛ
Қасқалдақ ұшып көлінен,
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен,
Қарғалар билік алған күн.
Адал мен арсыз, аярды,
Айырып халық ұққан күн.
Саф алтындар баяғы,
Сары жез болып шыққан күн.
Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір түнде,
Қайғыға халық батқан күн.
Қақаған күннің ызғары,
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын,
Озбырлар бастан тепкен күн.
Аязда суық су атып,
Мұз болып жастар қатқан күн.
Ұлардай елді шулатып,
Мұнартып ерте батқан күн.
Озбырлық күшпен тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір шындық,
Ер-Қайрат қыршын кеткен күн.
Бір басына қазақтың,
Бар қасірет сыйған күн.
Сәбира, Ербол, Ләззаттың,
Жас ғұмырын қиған күн.
Қайғы езіп елдің еңсесін,
Жоғалтты қанша қымбатын.
Енді қайтып келмесін,
Сол бір ауыр зұлмат күн.