Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:10

17 миллион теңге пара алған сот төрағасы бостандыққа шыққысы келеді

Шайдуллин
Фото: ашық дереккөз

Ақтау қалалық сотының экс-төрағасы Бауыржан Шайдуллин өзіне қатысты шығарылған үкімге шағым түсірді.

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот оны алаяқтық жасап, пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп тауып, 9 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Бұл шағымды қарау күні әлі белгіленбеген.

Еске сала кетейік, Шайдуллин ірі көлемде пара алу ісі бойынша сотталған болатын. Сот үкіміне сәйкес, ол салық төлеуден жалтарды деп айыпталған кәсіпкер Зухра Әбішеваны түрмеден құтқарып қалу үшін 17 миллион теңге талап еткен.

Кәсіпкерге бас бостандығынан айырылу қаупі төнген сәтте, ол жазадан құтылудың жолын іздей бастайды. Сол кезде оның азаматтық некедегі жары, сот орындаушысы Ринат Жанахметов көмектесуге ұсыныс білдіреді. Ол өзін Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Шайдуллинмен жақсы таныспын деп таныстырып, мәселені шешуге көмектесетінін жеткізген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, судья қиын жағдайға түскен кәсіпкерге көмектесуге келіседі. Бірақ оның «көмегі» арзан болмайды.

«Айыпталушы Б.Ж.Шайдуллин кәсіпкер З.У.Әбішеваны пара беруге итермелеп, аса ірі көлемде оның ақшалай қаражатын иемдену ниетімен, Р.М.Жанахметовтің сеніміне кіріп, қызметтік жағдайын пайдалана отырып, айыпталушыға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындау мәселесін шешу үшін прокуратура мен сот органдарының лауазымды тұлғаларына берілуі тиіс деген желеумен 20 миллион теңге талап еткен» деп жазылған іс материалында.

Біраз келіссөздерден кейін, Шайдуллин «жомарттық» танытып, соманы 17 миллион теңгеге дейін төмендетеді. Ал азаматтық күйеуі Әбішевадан 18 миллион теңге талап етіп, артық бір миллионды өзіне «делдалдық ақы» ретінде алып қалмақ болған.

Кәсіпкер әйел үшін сұралған 17 миллион теңге тым көп болып шыққан соң, ол бұл жағдайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке (Антикор) хабарлайды. Осыдан кейін арнайы қызмет өкілдері судья Бауыржан Шайдуллинді бақылауға алады. Пара беру күні Зухра Әбішеваға белгіленген 17 миллион теңге табысталады. Ол бұл соманы Ринат Жанахметовке береді, ал ол өз кезегінде ақшамен толтырылған сөмкені қалалық сот төрағасының жүргізушісіне тапсырады.

Сот үкімінде келтірілген деректерге сәйкес, «2024 жылғы 7 маусым күні сағат 12:45 шамасында Ақтау қалалық сотының автотұрағында қызметтік көлікке отырған Б.Ж. Шайдуллин үйіне бет алады. Үйінің алдында ол көліктен түсіп, ішінде ақша бар сөмкені алады».

Дәл осы сәтте жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері оны ұстап үлгереді. Алайда Шайдуллин сөмкеде ақша бар екенін білмегенін алға тартып, «онда балалар киімі бар деп ойладым» деп өз әрекетін ақтауға тырысады.

Жиналған айғақтар Бауыржан Шайдуллин мен Ринат Жанахметовті сотқа тартуға жеткілікті болды. Екеуі де бас бостандығынан айырылды. Ал кәсіпкер Зухра Әбішевада да жазадан құтыла алмады, салық төлеуден жалтару ісі бойынша ол да кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.

 

Тегтер: