Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:28, 07 Қараша 2024

17 жылдық дау: Қазақстан-Ресей шекарасы шегенделіп бітпепті

Назарбаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Назарбаевты енді не деп мақтаймыз?

Қарашаның басында «Алматыда Қазақстан мен Ресейдің бірлескен демаркация комиссиясының 143-ші кезекті отырысы өтті» деген ақпарат қазақ қоғамын селт еткізді. Біздің халық үшін жер мәселесі қашан да маңызды. 2016-жылы шетелдіктерге жер беруге қарсы мыңдаған адам қатысқан митингтің өзі көпшілік территория тұтастығына селқос қарамайтынын аңғартқан. 

Ал Алматыда өткен комиссия кездесуінің мәні неде? Әрине, әлеуметтік желіде белсенділер жазып жатқандай, Астана мен Мәскеу арасында жер дауы туындаған жоқ. Бірақ ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтқандай, күнде болып жатқан көп жиналыстың бірі деп, арқаны кеңге салып отыра беретіндей де жағдай емес. 

Демаркация комиссиясы екі елдің арасындағы шекараны демаркациялау, яғни шекаралық белгілерді орнату мәселесін талқылайды. Ресеймен шекараны делимитациялау (көрші елдер арасындағы шекараның нақты орнын талқылау) мәселесі 1999-жылы басталып, 2005-жылы аяқталды. 2005-жылы 18-қаңтарда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин екі ел арасындағы мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қойған. Ал демаркация жұмысы 2007-жылы ғана басталды. Содан бері 17 жыл өтсе де, екі ел арасындағы келіссөз аяқталмай, Қазақстан мен Ресей шекарасына қатысты соңғы сөз айтылмай келеді. Түсінікті тілмен айтқанда, Ресеймен шекарамыз белгіленген, құжатқа президенттер қол қойған, бірақ шекара сызығы сызылып, қазығы қағылған жоқ. Яғни экс-президент қазақтың шекарасын шегендеп, териториясын түгендеп берді деген мақтауды асығыс айтып қойған сияқтымыз. 

 Ресейден өзге төрт көршіміз – Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанмен шекараны делимитациялау және демаркациялау жұмысы аяқталған. Бұл елдермен енді шекара мәселесі туындай қоймайды. Ал Ресейге қатысты бұлай айта алмаймыз. Демаркация жөніндегі келіссөздің тым ұзаққа созылып кетуінің өзі екі тараптың бірі қазіргі шекара бөлінісіне келіспейтінін білдірсе керек.  

Қазіргі шекараға кімнің көңілі толмай отыр? Біздің халық біршама жеріміз Ресейге өтіп кетті дегенді жиі айтады. Елдің ең алғашқы астанасы Орынбордың өзі солтүстіктегі көршіміздің қолында. Одан бөлек те бабаларымыздың табаны тиген талай жер шекара сызығының сыртында қалған. Бірақ қазақ билігі дәл қазір мұны даулар жағдайда емес. Астана Мәскеуден тарихи жерін сұрайды дегенге ешкім сенбесі анық. Ендеше, демаркация бойынша келісімді созып жүрген Мәскеу деп болжам жасауға болады. Өйткені шекара белгілеген кезде де Ресеймен ең соңында келісімге келгеміз. Мысалы, делимитация жөніндегі келіссөз Қытаймен – 1998-жылы, Қырғызстанмен – 2001-жылы, Өзбекстанмен – 2002-жылы, Түркіменстанмен – 2001-жылы аяқталды. Ал Мәскеумен 2005-жылы ғана келісімге келгенімізді жоғарыда жаздық. Бірақ бұл Ресейден өзге төрт мемлекет шекара белгілеу барысында қазақтың айтқанына көніп, сұраған жерін берді деген сөз емес. Әсіресе Қытай және Өзбекстанмен ымыраға келе алмай, біршама ырғасқанымыз белгілі. Қытаймен дау тіпті әріден басталады. 

Ресей империясы мен Цинь империясы ХІХ ғасырда жасаған келісімдегі кейбір шартты екі ел де мойындағысы келмей, дау туды. Мектеп оқулықтарында әлі күнге дейін «Балқашқа дейінгі байтақ дала біздікі» деп оқытатын Бейжің бүгінгі шекараны қанағат тұтпасы анық еді. Алты жылға созылған келіссөздің нәтижесінде Астана мен Бейжің келісе алды. Бірақ қазақтың атамекені саналатын біршама жеріміз Қытай территориясы деп танылды. 

Қазақстан Моңғолиямен де шектесетін, енді Ресей арқылы өтіп жүр

Дүйсен Бралинов

«Өзім Қатонқарағай тумасымын. Өлкетану саласында еңбектеніп, жазған-сызғаным көп. Кезінде елімізге келген орыс саяхатшылары мен зерттеушілері жазған еңбектермен таныстым. Жеріміз қалай отарланды, шекара қалай бөлінді деген сұрақты да зерттеп көрдік. Жоңғарлар жойылған соң босаған жерді Қытай мен Ресей екі жақтан жақындап, иемденіп алды. Ол кезде қазақтың нақты шекарасы болған жоқ, көшіп-қонып жүрген жердің бәрі қазақтың өзінікі еді. Сол жеріміздің көбі Ресей мен Қытайда қалып қойды. Бірақ оған дәлеліміз жоқ, тек жер-су атауларына қарап қана біздің жеріміз деп межелеуге болады. 

Оның үстіне кезінде шекара бөлгенде ешкім жергілікті қазақтармен ақылдасқан жоқ. Қазақ қай мемлекеттің шекарасында тұрса, сол елдің адамы болып қалды. Мысалы, Ресей патша өкіметі кезінде жасалған келісім бойынша Марқакөл мен Зайсанның біраз бөлігі Қытайдың қолында қалды. Осыған байланысты тәуелсіздіктен кейін Қазақстан мен Қытай шекарасын белгілеуде дау болғанын білеміз. 

Мұндай жағдай Ресеймен арада да болды. Мысалы, Ресейдің Алтай республикасына қарайтын Қосағаштағы Жазатыр ауылы бар, орталығы – Беласу, оны қазір Беляши деп атайды. Сонда отырғандардың бәрі біздің Қатонқарағай тұрғындарымен туысқан адамдар. 2011-жылы барып қайттым. Көбіне қазақтар тұрады, қазақша сөйлейді. Бұрын атпен барып-келіп жүрген жер. 

Біз жақта туристер көп баратын Мұзтау деген тау бар. Оның бір шоқысы Қазақстанға, бір шоқысы Ресейге қарайды. Сол тауға біз жақтан барар жолда бір батпақ жер бар, одан өту қиын. Ал оған Ресей шекарасын кесіп, сол жақтан келген оңай. Ұлттық парктің қызметкерлері Ресеймен келісіп, осы жерді өзімізге алса деген ұсыныс айтып жүр. Бұл тәуелсіздіктен кейін бекітілген шекара. 

Кеңес өкіметі кезінде Моңғолиямен шектесіп жататынбыз. Біздің кішкене күнімізде Моңғолиядан мал әкеліп, сатып жататын. Тәуелсіздіктен кейін шекара бөлген кезде моңғолмен шекарадағы біраз жер Ресейдің құрамына өтті де, біз ұтылып қалдық. Қазір Ұланбатырмен ортақ шекарамыз жоқ. Қазір Қазақстан мен Моңғолия келісіп, жол ашуды ойлайды. Бірақ Мәскеу көнбей отыр. 

Көрші елмен шекара бөлуде әттеген-ай деп қалған тұсымыз бар. Бірақ осы алып қалған территориямыз да аз болмайды деп есептеймін. Маңымыздағы алып мемлекеттермен жер дауын даулау жақсы нәтиже бермейді деп ойлаймын. Қазір қолда бар жерге ие болып, соны көркейте алсақ та жаман болмаймыз», – дейді өлкетанушы Дүйсен Бралинов. 

Демаркация жөніндегі келіссөз неге созылып кетті?

Қазақстан мен Ресей шекарасының ұзындығы – 7 598,8 км. Бұл әлем бойынша екі ел арасындағы ең ұзын құрлықтағы шекара саналады. Үлкен аумақтың жұмысы да үлкен болатыны анық. Бірақ 17 жыл бойы белгіленген шекараны бекемдеу жөнінде соңғы шешімге келе алмау – бірдеңенің дұрыс емес екенін білдірсе керек. Мұны саясаттанушы Сайын Борбасовтан сұрадық.

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

«Бұл екі ортада шешілмеген мәселе бар екенін білдіреді. Менің ойымша, Ресейдің бізге айтар шағымы мен наразылығы көп. Олар өздеріне тиімді кейбір тұсты қайта көтеріп, өзіне қажетін алғысы келетін сияқты. Бұл империялық ұстаным деп ойлаймын. Кеше ғана келісімге келді, делимитация жасалды, құжатқа қол қойды. Енді тағы не керек? Бағананы қалай қою керек, торды қалай тарту керек деген сұрақтар болуы мүмкін. Бірақ бұл сағыздай созып, сонша уақыт талқылайтын мәселе емес. Демек, Ресей тарапынан бізге сұрақтар бар деген сөз. 

Ал біз Ресейге ешқандай шарт қоя алмайыз. Оған батылымыз да жетпейді. Қазір бар жеріміз жетеді деп отырмыз. Дегенмен Кеңес кезінде шекара бөлгенде Әлімхан Ермеков Ленинге дәлелдеп, жер аумағымызды анықтаған. Сол кезде жер көлеміміз – 3,3 миллион шаршы шақырым болды. Ал қазіргі жеріміз – 2,7 млн шаршы шақырым. Демек, біз Кеңес кезінде жасалған келісімдегі жердің 600 мың шаршы шақырымынан айырылып отырмыз. Кезінде Ленин мен Сталин мойындаған өзімізге тиесілі жердің бестен бірін жоғалттық. 

Содан қалған жердің өзіне қол сұққысы келетіндер бар. Бұл империялық саясаттың амбициясы деп есептеймін. Қайтсек Қазақстанды қысып, мұқатамыз деген саясаттан туған әрекет деп ойлаймын. Әйтпесе, екі президент қол қойған құжат дайын тұр емес пе! Бұл жерде Ресейдің екі сөйлейтінін ұмытпаған жөн. Кезінде «Қырымды басып алу біздің ойымызда да жоқ» деп, әлемге жар салған елдің қазір не істеп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан Ресеймен жасалған келісімге сенбеймін. Тіпті ол елдің ғалымдары, қайраткерлері де Қазақстанның мемлекеттігін мойындағысы келмейді. Ресей элитасы көрші елдер Мәскеудің айтқанымен жүру керек деп санайтын сияқты. 

Ресеймен шекарамыз шегенделді дегенге күдікпен қарау керек. Бізді мұндайға ол елдің өзі үйретті. Қазір ел тағдыры сыни кезеңде тұр деп есептеймін. Ресей үшін келісімшарттар түкке тұрғысыз болып қалды. Жалпы халықаралық тәртіп бұзылып, әлемдік саясат өзгеріп жатыр. Сондықтан Қазақстанға қауіп көп деп есептеймін. Соған дайын болу керек, армияны күшейту қажет», – дейді сарапшы. 

Халық Ресейден неге қауіп күтеді?

Кезінде Ресей президентінің өзі қазақта ешқашан мемлекет болмаған деп мәлімдеген еді. Мұндай пікір Мәскеу жақтан жиі естіліп қалады. Яғни көршіміздің көкейінде қазақ шекарасына қатысты сұрақ көп болуы мүмкін. Мысалы, биыл тамызда Кремльде өткен жиналыста Ресей экономика министрі Максим Решетников Қазақстанмен шекарада шешілмеген бір мәселе барын айтты. Ол Путиннен Белуха тауына (Мұзтау) қатысты мәселені шешіп беруді сұрады. Оның айтуынша, тауға шығу үшін Қазақстан аумағынан өтуге тура келеді, ал онда шекаралық режим бар. Министрдің бұл сөзінен Қазақстан жеріндегі тауға шығатын бөлікті өзімізге алсақ деген емеурін аңғарылады. Міне, осындай сұрақтар шекара дауына себеп болуы мүмкін.  

Сондай-ақ Қазақстанның көп қаласы Ресеймен шекараға жақын жатыр. Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодар қалалары Астанадан гөрі, Ресейге таяу орналасқан. Мысалы, Қостанайдан елдордаға дейін – 702 шақырым. Ал Қостанайдан Ресейдің Челябинск қаласына дейін небәрі 300 шақырым жол бар. Оның үстіне шекарамызды ешкім қару алып күзетіп отырған жоқ. 7 600 шақырым шекараның әр нүктесіне әскер қою туралы ойлап жүрген де ешкім жоқ. Шекара бекеттері трассалар мен вокзалдарда ғана орналасқан. Жергілікті жұрттың айтуынша, кейде Ресей деревняларының малы Қазақстанға өтіп кетіп, біздің мал Ресейге өтіп кететін жағдайлар кездеседі.  

Халық демаркация комиссиясының кезекті отырысынан неге шошыды? СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, кейбіреулер кәсіби терминнің мәнін білмегендіктен, демаркация мен делимитацияның ара-жігін ажырата алмай, шулап жүр. Екі ел арасында шекараға қатысты ешқандай дау жоқ. Делимитация – шекара белгілеу десек, демаркация – сол белгіленген шекараны сызу, іргесін бекіту екенін халық білмейді емес, біледі. Тек, қазық қағылып, сызық тартылмаған соң, қауіп етеді. Жұрт қауіп еткен соң айтады. 

Ал министр Мұрат Нұртілеудің міндеті – екі ел арасындағы келіссөзде туды тік ұстап, ел мүддесін бөтенге жығып бермеу. Ол министр ретіндегі алғашқы шетелдік сапарын Ресейге жасап, ол елді тату дос, керемет көрші деп мақтаған. Мәскеудің мақтауын асырып жүрген бас дипломатымыз шекара мәселесін шешіп, 17 жылға созылған келіссөзге нүкте қоя алар ма екен?..

Қуаныш Қаппас