Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:58

1718 – Семейдің құлдық таңбасы

1
Фото: ашық дереккөз

Жай уақытта «Ұлы тұлғалар ізі қалған» деп әспеттелінетін, оның айғағы ретінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты қастерлі есімдерді көлденең тартатын, Семейде қарауға кісі ұялатын ескерткіш бар.

 Ол Семейдің Жаңасемей ауданы және Курчатов қаласы аумағынан кіреберісте 1968 жылы орнатылған мына бір «тарихи нысан».

Шын мәнінде, бұл ел тәуелсіздігіне көлеңке түсіретін көлеңкелі көрініс. Алаш қайраткерлерінің алғаш басы қосылып, елдік болмысты талқылаған шаһар Семей екенін айтқанда, алдына қара салмайтын «алаштанушылар» онсыз да жетерлік.

Алаш демекші, 1917 жылы 21 қазан күні ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов Семей қаласына келеді. Алашорда басшысын халық аса бір ынтық көңілмен, құрмет, қошемет көрсетіп күтіп алады (Бұл туралы С.Торайғыровтың «Әлиханның Семейге келуі» деген мақаласында жан-жақты жазылған). Алайда Ә.Бөкейхановтың табаны тиген жерде (қазіргі облыстық тарихи-өлкетану мұражайы) тарихи оқиғаны айғақтайтын ешқандай ескерткіш жоқ. Осы мәселе ақпарат құралдарында айтылғанымен аяқсыз қалып келеді.

Дегенмен жергілікті атқарушы билік осы обелискке, яғни, «1718-1868» белгісіне келгенде іштен тынады. Осы тұрғыда белгілі ақын һәм өлкетанушы, Алаш десе астындағы атынан түсіп беруге әзір Құсмілия Нұрқасымның айтуынша, бұл ескерткіш Семей жұрты ғана емес, жалпы қазақ үшін құлдық таңба.

«1718» деген – біздің құлдық-қасірет белгіміз. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты, Семейдің патшалық, советтік гербтері мен осы цифр маңдайымызға әлі құлдық таңба болып басылып тұр...», – дейді Құсмілия Жырғалұлы.

Осыған орай Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасына сұрау салдық. Олардың мәліметінше, бұл ескерткіштің ешқандай тарихи мәртебесі жоқ.

Біздің сұрауымызға: «Бұл нысан мәдени ескерткіштер қорғауына алынбағанын хабарлаймыз», – деген қысқа ғана жауап келді. Демек ескерткіш ешқандай қорғауда жоқ нысан, онда неге алынып тасталмайды?

Тоқетерін айтқанда, бұл ескерткіш жергілікті атқарушы билік үшін «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім...» сөзін еске түсіреді.

Сәтжан Қасымжанұлы

Абай облысы

Тегтер: