174-бап – қазақтың қасіреті
Біздің Ата заңда үнемі қазақтың есесін жейтін бір бап бар. 174-бапты айтамын: «Ұлттық алауыздықты қоздыру» деп аталады.
Талай қаракөз осы баптың құрбаны болып кетті. Неге екенін қайдам, атышулы заң жобасы басқаларға келгенде көзі соқыр, құлағы керең. Әйтпесе қазақ халқы туралы басқа ұлт өкілдерінің арасынан да талай керауыздар мен көкауыздар көкіп жатқан жоқ па? Ұлтараздық қана емес, ұлтты қорлап, қазақтың шыққан тегіне тіл тигізіп, тарихына күмән келтіріп, шекарасына көз алартып, мемлекеттігіне күйе жағып жүрген өзге ұлт өкілдеріне біз не істедік? Олар айтқысы келген сөзін ешкімнен қаймықпай айтады. Заңың бар-ау, бабың бар-ау, 174-бабыңа томпақ-ау деген олар жоқ.
Бір қызығы, әлгілер ұлтараздықты қоздыратын ауыр әрі ащы былапыт сөзді айтып-айтып алады да, артынан түк болмағандай кешірім сұрап құтыла салады. Ал қазақтар ше? Қазақ байқұс өз ұлтының намысын қорғаймын, қазағыма тіл тигізбеймін деп, әлгі 174-бапқа кереғар бірдеме айтып қойса, біткен жері сол. Бірақ олар кешіріммен құтылмайды. Мейлі, қанша жалынып-жалпайса да, қазаққа келгенде соттар қара ағаштай қатып, баптардың бабы қиындап кетеді. Неге? Қазақ қашанғы өз елінде өгейдің күйін кешеді? Қазақ қашанғы «екінші сортты» ұлт болып қала бермек?
Мұны неге айтып отырмыз? Неге қырық құлаш кіріспе сөз арнадық? Өйткені бұл тақырып әбден асқынып кетті. Тіпті қазаққа қасірет болған 174-баппен азаматтарды соттай салу – ең оңай, жауапкершілігі ең жеңіл үкімге айналды. Сөзімізге дәлел болсын. Өткен айда ғана ұлтшыл – Марғұлан Боранбай мен блогер Данат Намазбай дәл осы 174-баппен 5 жылға темір торға қамалды. Олардың айыбы не еді сонша?
Марғұлан Боранбай фейсбукте ұлттық сипаттағы жазбаларымен және ана тілінде сөйлей алмайтын қазақтарды сынаумен танылған азамат. Оған судья «Ұлттық алауыздықты қоздыру» және «Конституциялық құрылысты күшпен өзгерту» деген 174 пен 179-баптар бойынша іс қозғап, кейіннен соттады.
Данат Намазбай ше? Оған да тағылған айыптардың бәрі көңілге қонымды емес. Мысалы, Данатқа да ұлтараздықты қоздырды деген баппен айып тағылыпты. Оның қоздырған ұлтараздығы – антиресейшілдігі көрінеді. Блогер Ресей саясаткерлерінің Қазақстан туралы пікірлеріне қарсы өз ойын ашық айтқан. Жалпы, Данат та, Марғұлан да үнемі әлемжеліде Ресеймен интеграциялық байланыстың дамуына қарсылықтарын білдіріп отыратын азаматтар. Одан бөлек, Ресей әскерінің Украинадағы іс-әрекетін де қатты сынайды. Қисынсыз жері осы – қазір кім Ресей әскерінің Украинаға жасаған соғысын айыптап, сынамай жатыр? Оның бәрін ұлтаралық татулықты бүлдірді немесе конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге талпынды деп айыптап, шетінен соттай берсек, кінәсіз кім қалады?
Данат Намазбайға тағылған тағы бір қылмыс – «жемқорлықпен күресудің радикалды жолдарын ұсынған» деген айып. Данаттың қандай радикалды жолды ұсынғанын қайдам, бірақ Қазақстанда жемқорлықтан асқан індеттің жоқ екені айдан анық. Жемқорлықпен қалай күрессек те, ол қылмыс болып саналмауы керек. Өйткені 30 жылда біз жемқорлықтан әбден тұралап, мемлекеттің тамырына балта шауып алған елміз. Сол үшін де кім жемқорлықпен қандай формада күрескісі келеді, оған заң да, сот та жолын кеспей, жөнін көрсетуі керек!
Айдың-күннің аманында, ұлт мүддесін қорғаған азаматтарымызды түрмеге тоғыта берсек, қалай Жаңа Қазақстан құрамыз? Әлде Жаңа Қазақстанның жолы ұлтшылдарды тұқырту, қазақ мүддесін қорғаған азаматтарды түрмеге тоғыту ма? Айтпақшы, Марғұлан Боранбай 2020 жылы «Ақ жолдың» қатарына өтіп, оған партия төрағасы Азат Перуашев мүшелік билетін өз қолымен табыстаған болатын. Марғұланның басы дауға қалған кезде мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Қазыбек Иса өзінің фейсбуктегі парақшасында: «Ұлттық мүддені қорғап, сепаратизмге қарсы шыққаны үшін теріс пиғылды қызыл коммунистердің жала жабуымен ісі тергеліп, үйқамақта жатыр. «Ақ жолды» таңдаған Марғұлан Боранбайға ақ жол тілейміз!» – деп жазған болатын. Одан кейін партияластарының қандай қарекетке барып жатқаны туралы хабар жоқ.
Марқұм жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Мен ұлтшыл деген сөзді жақсы көремін. Мені ұлтшыл дегендерге рақмет! Біреулер сияқты ұлтжанды болғанша, ұлтшыл болғаным мың артық» – деп еді көзі тірісінде берген бір сұхбатында. Ұлтын шексіз сүйген адамнан бақытты жан жоқ шығар? Бірақ біздің жүйе ұлтшылдарды жақсы көрмейді. Кезінде Алаш арыстарының көбі ұлтшыл болғаны үшін айдалып, атылып, тұқымы тұздай құрыған жоқ па? Ұлтшылдарды қудалау тәуелсіздіктің отыз жылында әлі жалғасып жатыр. Бұл біздің әлі де толыққанды ұлт болып қалыптаса алмағанымызды көрсете ме, әлде тізгін-шылбыры қолына тиген дербес мемлекет бола алмағанымыздың белгісі ме? Әттең, арыстандай ақырған талай жастарымыз 174-баптан қаймығып, жағасынан үні шықпай, ішінен тынып, тұншығып жүр-ау!