18 жасар чемпион: Даниярдан - Даниялға дейін
Күні кеше Шымкентте аяқталған бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында батысқазақстандық 18 жасар Даниял Сәбит 49 келі салмақ дәрежесінде ел чемпионы атанып, айды аспанға бір шығарды!
Іріктеу кезеңінде Қызылода, Алматы, Павлодар облыстарынан келген өзінен әлдеқайда ересек және тәжірибелі боксшыларды қапы қалдырған Даниял финалда бес дүркін Қазақстан чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, әскерилер арасында әлем чемпионы, атағынан ат үркетін 31 жасар ақмолалық Теміртас Жүсіповты айқын басымдықпен ұтты. Чемпионат қорытындысында алтын медальға қоса «Ең жас боксшы» аталымын да қанжығаға байлады. Сөйтіп, Даниял бауырымыз ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионаттарында ең жас чемпион атанған екі жігіттің бірі атанып отыр. Бір ғажабы – алғашқы жас жеңімпаз да жерлесіміз. Ол – әйгілі Данияр Елеусіновтің туған ағасы Дәурен Елеусінов. Сонау 2005 жылы Атырауда алтын алған дейді спорттық статистика.
Тағы бір қызық жағдай Шымкентке жеткенде болыпты. Даниял 18-ге жарыс басталғасын бір күннен кейін толады екен. Ереже бойынша 18-ге толмаған қатыспауы тиіс. Осы жерде батысқазақстандық бапкерлердің бірауыз сөзін жерге тастамай жас боксшыға «батасын» берген Қазақстан ересектер құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаевтың да азаматтығын айтпай кетуге болмайды.
Осы тұста тағы бір сырды суыртпақтайық. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, Даниял бокс әлеміне осыдан екі-ақ жыл бұрын, яғни 16 жасында (!) келген. «Әдетте боксқа 7-8 жастап бастап келе береді ғой. Әлі есімде, Даниял өзінен бір жас үлкен ағасы екеуі Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығының табалдырығын 2018 жылы 20 қыркүйекте аттады. Өзі қолтоқпақтай шағын денелі бала. Басында күдік-күмән көп болды. «Жасың біразға келіпті, уақытынан кеш қалдың ғой» дедік. Дегенмен Даниялдың сабырлы мінезін, салқынқандылығын, дене дайындығын, жаттығуда жан аямайтын жігерін көргеннен кейін ойымыз өзгеріп, осы баладан бірдеңе шығарына сендік. Сол жылдың соңында іште спарринг өткізіп ек, оны ұтып алды. Сосын облыста жеңімпаз болып, ел біріншілігінде жақсы өнер көрсетіп, жастар арасында Қазақстан құрамасына енді. Бәрімізді таңқалдырғаны – Даниял «ҚР спорт шебері» нормативін бар-жоғы 4 айда орындағаны. Негізі бұған 4-5 жыл уақыт кетеді. Бір сөзбен айтқанда, оның бойында дарын мен еңбекқорлық қатар ұштасқан, – деді бізге телефон арқылы хабарласқанымызда чемпионның бапкері, бокстан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы, Оралдағы оқушылар сарайы спорт бөлімінің меңгерушісі Саттар Сұлтанғалиев.
Саттар Сұлтанғалиевтың айтуынша, он салмақ дәрежесінде өткен жарысқа біздің облыстан сегіз боксшы қатысып, бәрі де терезесі тең дәрежеде өнер көрсеткен. Кейбіріне жеребе жолдас болмаса, кей жағдайда қарсыластың бағы басым болған. «Батыс Қазақстаннан қыздар неге қатыспады деген сауалға келер болсақ, біздің боксшылар әзірге жас, ересектер сапында шаршы алаңға шығуға ерте. Болашақта үмітіміз бар», – деді бапкер.
Аға жаттықтырушы газет арқылы спортшыларға бар жағдайды жасаған облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қаймен Есендияровқа, жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Асхат Шайхиевке ризашылығын жеткізуімізді сұрады. Біз де оны орындаймыз және Даниял батырға Даниярдай дүлділ ағасының жолын бергей деп тілейміз!