Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 15 Тамыз 2023

1952 жылы Батыс Қазақстаннан Жетісайға еріксіз көшірілгендердің тағдыры

None
None

 Қазақстан тәуелсіздігі арқасында отандық тарихшыларға  шығармашылық еркіндік тиді.

 Еліміздегі  жабық архив қорлары  ашылып,   ұлттық тарихымызды жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдауға кең жол ашылды.  Президент Қ.Тоқаевтың  2020 жылы 24 қарашадағы  «Саяси-қуғын сүргін құбандарын толық  ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы бұл мүмкіндіктің аясын одан әрі кеңейте түсті. Батыс Қазақстан облыстық архив қорындағы тың деректер негізінде осы жолдардың авторы «Капустин Яр әскери полигоны: қазақ депортациясы» атты  монографиялық ғылыми еңбек жариялады. (Боранбаева Б.С. «Капустин Яр әскери полигоны: қазақ депортациясы» – Орал:  «Полиграфсервис», 2022. – 268-б.). Бұл кітаптың негізінде AQJAYIQ телеарнасының белгілі журналшысы Г. Телеубаева  «Ойрандалған Орда: қазақ депортациясы» атты тарихи танымдық фильм түсірді. Сөйтіп, ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыруға үлкен үлес қосты.

Қазақ депортациясы туралы қысқаша тоқталсақ, КСРО Министрлер Кеңесінің 1951 жылы 21 желтоқсандағы №5263 қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының 1 миллион 355 мың 692 гектар жері «Капустин Яр» әскери полигон иелігіне берілді.  Осылайша әскери сынақ алаңына айналған Орда  ауданы  1952 жылы таратылып, аудан халқы республикалық ішкі депортацияға ұшырады. 

КСРО Министрлер Кеңесінің жоғарыдағы қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облыстық Кеңесі Еңбекшілер депутаттары атқару комитеті Орда ауданының 175, Жаңақала ауданының 125 барлығы  300 отбасын Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіретін Ильичев ауданына көшіру туралы шешім шығарды. Орда, Жаңақала аудандық атқару комитетінің төрағалары Валиев және Ваисов қоныс аударатын колхоздар мен колхозшылардың жеке отбасыларын 1952 жылдың 15 ақпанына дейін анықтап, оларды көктемгі егіс маусымына дейін жөнелтуге міндетті болды.

Сөйтіп, 1952 жылдың шілде айында Оңтүстік Қазақстан облысына Орда ауданының «Интернационал», «Каганович», «Калинин» атындағы 3 колхозы, Жаңақала ауданының «Сары өзен», «Ленин» атындағы 2 колхозы барлығы 5 колхоздың 336 отбасы, 1805 адам шұғыл түрде еріксіз қоныс аударылды. Полигонға берілген жер босатылып, Орда ауданы таратылды. Оңтүстік Қазақстан облысының Иличев ауданына қоныс аударушылар үшін алдын ала дайындалған үй-жай болмаған. Шілденің аптап ыстығында жиырма күнге жуық пойызбен жүріп барған халық ашық далада өмір сүрген. Қолдарынан келгендер жертөле қазып, жан сауғалаған. Арықтан су ішіп күн көрді. Арықтан мал да су ішкен, кір де жуылған. Мұның соңы жұқпалы іш сүзегіне ұласып, балалар жаппай шетінеген. Төлқұжаттарын жинап алғанына қарамастан, адамдардың бірқатары қайта қашып келіп, туысқандарын паналауға мәжбүр болған. Бірқатары көрші Ресей, Өзбекстанға өтіп кетеді. Қазақ халқы әлеуметтік-экономикалық, моральдық-психологиялық, демографиялық дағдарысты басынан кешірді. Кеңестік өктем саясаттың құрбаны болған жас балалары өлім құшты.

   1952 жылы 12 жасында Оңтүстік Қазақстан облысы Ильичев (қазіргі Жетісай) ауданы Тельман ауылына қоныс аударылған ақын  Қайрат Жұмағалиев оқыған мектеп

Кешегі оқиға – бүгінгі тарих. Ұлттық мүдде тұрғысында жазылмаған, айтылмаған осы тарихи оқиғаның ақиқатын Түркістан облыстық (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) және Жетісай аудандық архивінен іздеп, іс-сапармен жолға шықтық.

Алдымен оңтүстіктің шіліңгір ыстығында ізденіс жұмысымыздың табысты болуына көмек қолын созған «Германия Кеңес әскерінің тобы (ГКӘТ), Варшава келісімшарты әскерінің тобы (ВКШӘТ)» Республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің Қалдыбай Мамырханұлы басқаратын Жетісай аудандық филиалының мүшелері: К. Ботабеков, Е. Оралов, Ж.Өтебеков, Т.Мамадалиев, Ә.Қаныбеков, А. Сұлтанов, А.Ибрагимов,  т. б. азаматтарға, сондай-ақ Түркістан облыстық және  Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің қызметкерлеріне алғысымыз зор. 

Зерттеу жұмысын Шымкент қаласынан 250 шақырым жердегі Жетісай ауданы (бұрынғы Ильичев)  өңірлік мемлекеттік архивінен бастадық. Өйткені 1952 жылы Батыс Қазақстан облысынан қоныс аударылғандар Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіретін Ильичев (қазіргі Жетісай) ауданына барған еді. 

Архивтен «Ильичев ауданы Сталин ауылдық кеңесінің «Каганович» атындағы колхоз жиналысының 1953 жылғы  хаттамалары табылды.  Хаттама арқылы колхозшылардың күнделікті әлеуметтік өмірінен көп жайды аңғардық: Мәселен, 15 наурыз күні өткізілген жиналыста сөйлеген Аманғали Маташов:  «Қаз ССР переселен, облыстық переселен бастықтарынан құралған комиссия колхозшылардың қалін тексеріп көруде,  колхоз мүшелерінің ішінен 8 адам тверкулез (туберкулез – Б.Б. ) деп тапты.  Бірақ бұл 8 адам емес, одан да көп. Кейбір колхозшылардың отырған үйлері өте нашар. Бір үйде үш үйден отыр. Денсаулық сақтау жөнінде ең кішісі колхоздың орталығында монша, дәретхана жоқ… Колхоздың колхозшыларға көмегі нашар ұйымдастырылып отыр», – десе, комиссия мүшесі Қуаныш Нығметов: «Өзіміз аралап көргенде  70 адам ауру. Ауруының түрі зеңгі ауруы. (цинга болу керек – Б.Б.). Осы аурудан Тойдық Досхазиева деген өліп қалды», – дейді. Ал 23 сәуірдегі  колхоз жиналысында: «Батыс Қазақстан облысында жартылай семьям тұруына байланысты сол жердегі семьяма көшуге рұқсат етсеңіз» деген Рамазан Қаполовтың өтініші: «Бір үйде 3 жұмыс қолы болғандықтан, кетуіне лұқсат етілмесін», – деп  қабылданбайды. 24 майдағы жиналыста: «Қаполов Хамиттің Батыс Қазақстан облысында қалған жарты семья мүшелерін алып келу үшін 2000 сом ақша сұрап берген арызы бойынша колхозға бере жағы көп болғандықтан, аяқсыз қалдырылды», – дейді. Қазақстанның барлық аймағынан қоныс аударылған  колхозшылардың мұндай өтініштері өте көп.   Осы тұста тарихқа шегініс жасасақ, ХХ ғасырдың 50 жылдарында Кеңес өкіметі Мырзашөлді игеру, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай өңірін мақталы алқапқа айналдыру жөніндегі «Ұлы Ленин»  кезеңінен  басталған мемлекеттік жоспарын жүзеге асырып, ғасырлар бойы бос жатқан жерді социалистік ауыл шаруашылығының игілігіне қызмет еткізуге белсене кірісті. (1918 жылы В.И. Ленин Қазақстанның оңтүстігіндегі батпақты даланы игеруге 50 млн қаржы бөлген).

Қазақстанда ішкі республикалық «Қоныс аудару» мемлекеттік мекемесі құрылады. Қоныс аудару ісіне жауапты өкілдер үшін  21 бөлімнен құрылған жадынама (памятка) дайындалған. Сөйтіп, 1951-1952 жылдардан бастап жаппай жүргізілген қоныс аударудың құрығына  Қазақстанның барлық аймақтарының түрлі ұлт өкілдерінен құралған колхозшылар ілікті. Олардың арасында Батыс Қазақстан облысы Орда, Жаңақала аудандарының 5 колхозының 336 отбасы мүшелері де болды. Аталмыш архив қорынан батысқазақстандық отбасы иелерінің толық аты-жөні, отбасы мүшелерінің саны және переселен билетінің нөмірі көрсетілген орыс тіліндегі тізім табылды. Осы құжат – тізім бойынша жерлестеріміздің оңтүстікке барып қоныстанған колхоздарды  анықтау мүмкін болды.  Мәселен, «Ильичев ауданы Каганович атындағы колхозға Батыс Қазақстан облысы «Сарыөзен» колхозынан келген қоныс аударушылардың тізімі» деген құжатта  77 отбасы, ал екінші «Ильичев ауданы «Коммунизм» колхозына Батыс Қазақстан облысынан келген қоныс аударушылардың (продссуда алуға)  Тізімі. 21. 07. -52.» деген құжатта 134 отбасының иелері  тіркелген.  Ал үшінші,  «Тельман» атындағы колхоздың ссуда астық алатын колхозшыларының тізімі». 79 отбасы тіркелген  тізімде Орда ауданы «Теректі» ауылдық кеңесі «Интернационал» ауылынан көшкен ақын Қайрат Жұмағалиевтің анасы Укенова Жаңыл  75-болып тіркеуге алынған.  Отбасында 2 адам көрсетілген.

1952 жылы  Жаңақала ауданы  Сары өзен  ауылынан көшкен Джандетова Жібектің  ұрпақтары Ләтипа Мұқанғалиева (1937 ж.)  және оның інісі Мұқанғалиев Қуанышқалидың  ұлы  Әлбек (1965 ж.).

Біз, жоғарыда айтылғандай, жергілікті ардагер ағалардың көмегімен Қайрат Жұмағалиев қоныстанған «Тельман» (қазіргі атауы  Жаңа ауыл)  ауылын   іздеп  таптық.   Демек, 1952 жылы  12 жасында  анасымен бірге осы «Тельман» ауылына келген ақын Қ.Жұмағалиевтің тілшімен арадағы сұхбатында:

– Сонымен сіздерді қайда әкелді?

– Ол кездегі атауымен Шымкент облысы Жетісай ауданының  «Тельман» дейтін колхозына алып келді. Жаңадан құрылып жатқан шаруашылық екен.

– Колхоз көшіп келгендерге баспана берді ме?

– Қайдағы баспана, анам екеуміз бұрын көшіп келген бір қазақтың «времянкасын» жалдадық. Ең үлкен қасіретті айтайын: сізге өтірік, маған шын, жаңадан көшіп келген елден күніне 4-5 адам өліп тұрды.

– Неге олай болды?

Өйткені біз қоңыржай климатта, жер асты ылғалынан сүзіліп шыққан құдықтың суын ішіп  үйренгенбіз. Мында келіп, еріксіз арықтың суын іштік. Осыдан іш ауру пайда болып, әсіресе балалар қынадай қырылды. Көп кешікпей, батыстан көшіп келген елдің 65 пайызы қырылып қалды. Өлімнің көптігі соншалық, адамдар бір-біріне көңіл айтудан қалады екен. Заң қатты, ешкімді себепсіз жұмыстан босатпайды, өліктерді жерлеудің өзі сын болды ғой. Өлікті жерлейтін адам жоқ. Қандай қасірет еді! Осылай біздің арқамызда ауылдың шетінде айналасы ат шаптырым қорым-зират пайда болды. Зираттың үлкейгені соншалық, білмейтін адам оны «жаңадан орнаған ауыл екен» деп қалатындай дәрежеге жетті. Өйткені қабірдің қасындағы біздің колхоз көзге көрінбей қалды», – дейді.  

Иә, куәгер  Қайрат аға айтқан зират қазір Тельман ауылының шетіндегі   Сапаралы ата қорымында екен. Естелікте айтылғандай, қорымның оңтүстік батысындағы  үлкен аумақта шағын-шағын  төбешік  болып,  топырақ  арқалап жатқан балалар зиратынан аяқ алып жүре алмайсыз. Зираттың бірқатарының басында кішкене ағаш белгі қадалған, бірқатарының топырағының шеті таспен көмкерілген. Әйел заты үшін ауыр көрініс… Қалың шөп көлегейлеп тұрса да, бейкүнә балалардың қырылып жатқанын көзіміз көріп, көңіліміз толқыды. Бұдан басқа осы қорымнан 40 шақырым жер шамасындағы 1952 жылы батысқазақстандықтардың мекені болған «Коммунизм» (қазір «Өрге бас») ауылы тұсындағы зиратты да көрдік. Сөйтіп, Кеңестік өктем саясаттың  құрбандары кішкентай бөкейліктердің соңынан 71 жылдан кейін барып, Құран бағыштадық. 

Жоғарыда айтылған, ақын Қайрат Жұмағалиев оқыған Тельман ауылындағы мектепке барып, естелік суретке түстік. 1950 жылы салынған  ескі мектеп  2012 жылы құлатылып, жаңа мектеп тұрғызылған екен.  

Сондай-ақ біз 1952 жылы Батыс Қазақстан облысынан депортацияланған адамдардың ұрпақтарын іздедік. Жетісай ауданы Ш.Ділдәбеков атындағы ауыл тұрғыны Мұқанғалиева Ләтипа апайды таптық.   Жады мықты, көңілі сергек 86 жастағы Ләтипа апа: «1952 жылы Жаңақала ауданы «Сарыөзен» ауылынан анам Джандетова Жібекпен бірге Тельман ауылына келдім. Әкем  Мұқанғали  «Сарыөзенде» тұрғанда қайтыс болды. 13 жастамын, қасымда екі інім, екі сіңлім болды.  Біз келгенде үй-жай, ауыз су  болмады. Тұрмыстың қиындығынан екі сіңлім қайтыс болды. Анама көмектесіп, ерте жұмысқа араластым. Мектеп бітірген соң мұғалім Құдайбергенов Ұлықбекке тұрмысқа шықтым. Отбасында 8 қыз 4 ұл тәрбиелеп өсірдік.  Анам марқұм  елге кері  көшпеді. Мені қимай, осында қалып қойды», – деді.  Бізге Ләтипа апаның марқұм інісі Қуанышқалидің  1965 жылғы баласы Әлбек жолығып: «Менің әкем Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданынан жас кезінде келген. Атам сол Жаңақала ауданы «Сарыөзен» колхозында тұрғанда қайтыс болған. Батыс Қазақстандағы әкемнің  туыстарын іздеймін. Тіпті «Бармысың бауырым» бағдарламасына да қатысып, іздеп көрдік. Әзірге нәтиже жоқ. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген мектепте оқитын ұлым мен қызым байқауға қатысып,  жеті атасын айта алмай, жүлде ала алмады» деп мұңын шақты. Сондай-ақ «Жаңа жол» (бұрынғы Тельман) ауылының тұрғындары ағайынды Есполаева Слухан, Есполаев Әбдірайыммен кездестік. Олар: «Біздің әке шешеміз Есполаев Жылқайдар (1938 ж.), Кенжеғалиева Сара  (1942 ж.)  Жаңақала ауданының  №7 ауылынан пойызбен келдік. Келгенде қиындық көрдік. Ауру тарады. Балалар өлімі көп болды дейтін. Әттең ата-анамыздың әңгімесін зейін қойып тыңдамаппыз», – деді.

1952 жылы  Жаңақала ауданы  №7 ауылдан көшкен  Есполаев Жылқайдар (1938 ж.) мен  Кенжеғалиева Сараның  (1942 ж.)  ұрпақтары    Есполаева Слухан (1964 ж.) (оң жақтан бірінші), Есполаев Әбдірайым (1965 ж.). (оң жақтан екінші).  Жаңақала ауданы  Сары өзен  ауылынан көшкен Қуанышқали Мұқанғалиевтың  баласы    Әлбек Қуанышқалиұлы  (1965 ж.) (сол  жақтан бірінші)

Кеңестік билік тұсында тәрбиеленіп өскен жас ұрпақ, бұл оқиға туралы  көнекөз ата-әжелеріміздің әңгімесін зейін қойып тыңдамадық. Тек бұл емес-ау, ХХ ғасырда ата бабаларымыз бастан кешкен ашаршылық нәубеті, тәркілеу, күштеп колхоздастыру, саяси қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыста қан кешкен ардагерлер естелігі бәрі-бәрі біз үшін қызықсыз, түсініксіз «бірдеңелер» болған еді. Әрине, бұл қасірет екенін сол тұста ұғынып та жатпадық.  Өйткені  империялық мемлекеттердің ұлтты  жою үшін  қолданған  тиімді құралы – тарихи сананы жою болатын.

Түркістан облысы Жетісай ауданы  Тельман ауылындағы (қазіргі Жаңа ауыл) Сапаралы ата қорымындағы 1952 жылы құрбан болған балалар зиратында

Ал тарихи жадыңнан айырылу,  ұлт ретінде өмір сүруін тоқтату деген сөз. Сондықтан тарихи сананы жетілдіріп, ұлттық рухты көтеру бүгінгі күннің басты міндеті. Қорыта айтқанда, біздің ғылыми нәтижелі іс-сапарымызға қолдау көрсеткен облыстық Қоғамдық даму басқармасы, ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастырушы «Дана» орталығына алғыс білдіреміз. Сондай-ақ 1952 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданына Батыс Қазақстан облысы Орда, Жаңақала аудандарынан  еріксіз көшіріліп қоныс аударған  халыққа қолайлы тұрмыстық жағдайдың жасалмауы салдарынан Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Жаңа ауыл (бұрынғы «Тельман»)  және «Өрге бас» (бұрынғы «Коммунизм») ауылдарында құрбан болған жас балалар зиратына белгі қойып,  қорымды қоршауға  алу  қажет. «Аруақ разы болмай, тірі байымайды». Бұл жазықсыз жапа шеккен ата баба рухына  жас ұрпақтың тағзым етіп, құрмет көрсетуі деп санаймыз.

Боранбаева Бақтылы

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымының кандидаты

Тегтер: