2 млрд теңгенің тендері кімнің қалтасында?
Қарағандыда облыстық ревизиялық комиссия қызметкері Кенжеғұл Түсіпхановтың туған қызы Аңсар Түсіпханованың компаниясы үй кезегінде тұрғандарға арналған бес қабатты үш үйдің құрылысына жарияланған байқауда жеңіске жетті.
Қарағанды қаласының шет жағында, (нақты мекенжайы – 14-ықшамаудандағы Қазақстанның 50 жылдығы көшесі мен Бирюзов көшелерінің қиылысы) салынуы тиіс делінген үйлерге қала бюджетінен 2 миллиард теңге бөлінген екен.
Ал енді «Курсив» газетінің жергілікті тілшісі анықтағандай, тұрғын үй құрылысына тендер ойнатылған бұл конкурсқа бес компания қатыстырылған. Тендерді«Балхашский Казмеханомонтаж» дейтін ЖШС ұтып алды. Компания тапсырыс берушіге – қалалық құрылыс бөліміне тіпті 200 миллион теңге сомасында шегерім жасап берген екен.
Қазбаласақ, «Балхашский Казмеханомонтаж» ЖШС-ы 2000 жылдың 12 сәуірінде тіркелген. Құжат бойынша компанияның көрсететін қызмет түрлеріне электр-монтаждау жұмыстары, құрылыс машиналары мен құрал-жабдықтарды жалға беру, бөлшек сауда сияқты қызметтер кіреді екен. ЖШС директоры Бақсұт Тұяқаевтың түсіндіруінше, бұл тізімде тұрғын үй құрылысы деген қызметтің болмауы кәсіпорын құрылыспен айналыса алмайды дегенді білдірмейді.
«Бізде құрылыс қызметін жүргізу құқығын беретін лицензиямыз бар» депті Тұяқаев.
Қарағанды қалалық құрылыс басқармасы тендерге қатысушылар үшін «К66 – III санатты құрылыс-монтаждау жұмыстары» лицензиясының болуын талап етіп қойған. Аталған лицензия техникалық жауапкершілігі тұрғысынан күрделі емес, екінші деңгейдегі нысандар құрылысымен айналысу құқығын береді. Ондай нысандар тізіміне тұрғын үйлер де кіретін болып шықты.
«Балхашский Казмеханомонтаж» ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы Аңсар Түсіпханова. Оның әкесі Кенжеғұл Түсіпханов – сыртқы мемлекеттік аудит және жергілікті бюджеттің орындалуына қаржылық бақылау жүргізетін Қарағанды облыстық ревизиялық комиссиясының мүшесі.