20 жыл бойы жасырынған қылмыскер Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды

Қазақстан азаматы, 20 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген қылмыстық топтың қатысушысы Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды.
Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
“Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресей Федерациясынан Қазақстан азаматын экстрадициялады. Ол қылмыстық топтың құрамында болу, аса ірі көлемде есірткі заттарының заңсыз айналымы және олардың контрабандасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ”, - делінген хабарламада.
Тергеу дерегінше, күдікті 2003 жылы қылмыстық топтың құрамына қосылған. Бұл топ Өзбекстаннан Ресейге Қазақстан аумағы арқылы героин мен апий жеткізумен айналысқан. Күдіктінің негізгі міндеті — есірткіні тасымалдау, сақтау және басқа қатысушыларға тапсыру болған.
2003 жылы Қызылорда және Қарағанды облыстарында арнайы операциялар барысында топтың бірнеше мүшесі ұсталған. Олардың қолынан 35 келі героин мен 28 келі апий тәркіленген. Ұсталғандар кейін сотталып, түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Алайда күдікті сол кезде құқық қорғау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеу жарияланған.
2023 жылдың желтоқсан айында, 20 жыл іздеуде болған күдікті Ресейдің Самара облысында ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасының сұранысы бойынша ол елімізге экстрадицияланып, қазіргі уақытта тергеу изоляторына қамауға алынды.
ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, күдіктіге тағылған айыптар бойынша 10 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар мүлікті тәркілеу шарасы да қарастырылған.