200 мың еуро алып кетіп бара жатқан италиялық кәсіпкер Астанада ұсталды
Италиялық кәсіпкер Массимо Скалони Қазақстанға жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатымен келген, алайда елден кетпек болған сәтінде экономикалық контрабанда бабымен айыпталып, сотталды.
Lada.kz порталының хабарлауынша, сот кәсіпкерді кінәлі деп танып, оған ірі айыппұл салып, ақшасын тәркілеуге үкім шығарған.
Пезаро қаласының тұрғыны Массимо Скалони Астана әуежайында ұшаққа мінер алдында ұсталды. Тексеру кезінде оның чемоданынан 200 мың еуро көлеміндегі қолма-қол ақша табылған. Бұл сома кедендік декларацияда көрсетілмеген болып шықты.
Шекарашылар оның валютаны жасырын түрде елден алып шығуға тырысқанын анықтағаннан кейін Скалони құқық қорғау органдарына тапсырылды.
Оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің 234-бабы («Кедендік шекара арқылы арнайы бақылауға жататын құндылықтарды жасырын алып өту») бойынша іс қозғалды.
Пәтер алмақ болдым, бірақ ойымнан айныдым
Сотта Массимо Скалони өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, ол Қазақстанға жылжымайтын мүлік сатып алу үшін келген және елге ақшаны осы мақсатпен алып кірген.
«Астанадан пәтер сатып алмақ болдым, бірақ кейін ойымнан айныдым. Таяу Шығыстағы — Израиль мен Палестина арасындағы шиеленіс менің шешіміме әсер етті», — деді ол сотта.
Бұдан бөлек, кәсіпкер анасының ауыр науқастанып қалғанын, сондықтан шұғыл түрде еліне қайтуға шешім қабылдағанын айтты. Бірақ сол кезде ақшаны декларациясыз алып шығуға тырысқаны оның ұсталуына себеп болған.
Судья Меруерт Абаева италиялық азаматты кінәлі деп таныды.
Үкім бойынша оған:
- 1500 АЕК (шамамен 6 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды;
- табылған 200 мың еуроның 190 мыңы мемлекет пайдасына тәркіленді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Массимо Скалонидің апелляция беруге құқығы бар.
Едімізде валюталық ереже қандай?
Қазақстан заңнамасына сәйкес, 10 мың еуродан асатын кез келген қолма-қол валюта міндетті түрде декларациялануы тиіс.
Бұл талапты орындамау валюталық контрабанда ретінде қарастырылып, ірі айыппұл немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.