Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:41, 16 Желтоқсан 2021

2000 студентті алаңға алып шыққан кім?

None
None

Газетіміздің өткен санында қоғам қайраткері Дос Көшімнің "Желтоқсандағы күнәңнан арылдың бадеген тақырыппен 4132 адамға арналған үндеуі жарияланды.

Бұл – осы уақытқа дейін айтылмай келген Желтоқсан көтерілісінің көлеңкелі беті. Қасіретті датаның әлі де ашық жарияланбай, бұрмаланып келген ақиқаттары баршылық. Оның бір парасы бүгінгі материалымызда көтеріледі. Яғни шынайы батырлардың әлі де ел ішінде бой көрсетпей жүргені, ал жалған батырлардың қасіретті күннен пайда тауып отырғаны айтылады.

Қазаққа тәуелсіздік аспаннан салбырап түсе салған жоқ. Бұл күннің бодауы үшін қаншама ерлер қан кешті. Күлтегінше күңіренсек, күндіз күлмедік, түнде ұйықтамадық. Арысын айтпағанда, берісі ХХ ғасырда азуын айға білеген Кеңес одағын ыдыратқан Желтоқсан көтерілісі – қазақ тәуелсіздігінің басы болды.

Осыдан 35 жыл бұрын – 1986 жылдың 16 желтоқсан күні Алматыда қазақтың өрімдей қыз-жігіттері алаңға шықты. Олар «Қазақты қазақ басқарсын» деген жалғыз талап қойды. Бұл талап – соңғы 70 жыл бодандық қамытын киген елдің асқынған жан жарасы, жарылған намыс оты еді. Ойламаған жерден тұтанып, ойламаған жерден жарылды. Сол қанды желтоқсанда алаңға шыққан жастардың алды қазір ақсақал, арты қарасақал. Бейресми ақпарат көздерінде 65 мың адам қатысқан сол атышулы көтеріліске әлі толық баға берілген жоқ. Тіпті, көтеріліс деген таудай атын тарылтып, оқиғаға теңеп бағасын төмендетіп жүрміз.

Баға беру деген не? Баға беру деген – Желтоқсан батырларының еңбегін мойындау, тірісінде жақсылық жасау. Бәріне бірдей статус, яғни мәртебе беру, алаламау деген сөз. Баға беру деген – Тәуелсіздікке таудай үлес қосқан батырлардың еңбегін бүгінгі ұрпаққа ашық айтып, мектеп оқулықтарына енгізу. Ұлт батыры желтоқсандықтар екенін қазақ тарихына өшпестей таңбалау. Баға беру деген – Желтоқсан батырларын сиырдың бүйрегіндей қырыққа бөліп, үй ішінен үй тігіп, бір-біріне алауыз қылмау. Бірақ Кеңес одағының шаңырағын шайқалтқан сол қанды Желтоқсан қасіретінен бүгінгі билік өз ұпайын түгендеп отыр. Мәселен, ресми тіркелген оншақты желтоқсан қоғамдық ұйымы бар қазір. Бәрінің басы піспейді. Билікке олардың алауыз болғаны керек. Алауыз адамды басқару оңай. Бір-біріне айдап салу, бір-бірімен бәсекелестіру, пәтерге таластыру, атақ үшін алыстыру – 35 жылдан бері желтоқсандықтарға жасалып келе жатқан қиянат. «Бөліп ал да билей бер» деген сәбеттің саясаты.

Тау алыстаған сайын биіктей түсуші еді. Уақыт өткен сайын Желтоқсан батырлары іріленудің орнына ұсақталып бара жатқандай. «Науқанды» пайдаланған ұпай жинағыш пысықтар «екі жеп биге шығып» алған. Осыдан 35 жыл бұрын кеудесін оққа тосып, «Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар» деген Қайрат пен Ербол, Сәбира мен Ләззаттардың саны аз еді. Бертінге дейін өздерін ашық көрсетіп, жария айтпайтын. Қазір олар жүздеп, мыңдап саналады. Көптігі соншалық: қайсысы алаңда болды, қайсысы жалған батыр екенін айыру қиын. Олардың көбін билік өзі әдейі қолдан жасап, батырлардан «базар» ұйымдастырғанға ұқсайды. Мұның кімге тиімді екенін сөз басында айттық.

Өтіріктің қасында шындық күнде өледі. Әлгі жалған батырлардың көлеңкесінде жүрген нағыз ерлеріміз ескерусіз қалуда. Тіпті, алаңға бір өзі емес, бірнеше жүз адамды алып шыққан жігіттер қазір кеудесін ұрып: «Мен алаңда болдым, жастарды ертіп шықтым» деп мақтанбайды. 35 жыл бойы жарияға жар салмай келген сондай бір азаматпен таныстық.

Талғат Тұрыспаев! Кейіпкеріміз ол кезде Алматы мал дәрігерлік институтының 5-курс студенті екен. 1985 жылы күрестен Кеңес одағының чемпионы, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы болған жанып тұрған жасындай жігіт. Көтеріліс серкелерінің бірі. Оны бірге оқыған, алаңда бірге болған курстастары мен достары аңызға бергісіз айтып отыр. Бірақ бұл шындық өз уақытында айтылмай, іште көміліп қалған. Батырға оны айтудың да, мақтанудың да қажеті болмапты. Тіпті, одан атақ жинайын, дәулет жинайын деген ой осы уақытқа дейін көкейіне кіріп шықпаған. Әлі де солай. Бізбен әңгімелесіп отырғанда, желтоқсандықтардың кейбір көңілге томпақтау «тірліктерін» естіп, өзінің сол былыққа араласпағанына қатты қуанды.

Әңгіме кіріспесінің тым ұзап кеткен себебін түсінген шығарсыздар. Шын батырлардың әлі де арамызда жүргенін, ал жалған батырлар әлдеқашан «халық қаһарманын» алып қойғанын ашық айтқымыз келген еді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ қасіретті датадан пайда тауып отырған «саудагерлер» әлі көп.

Көтерілістің Алматыда, қазіргі Республика алаңында болғанын айтып жату артық шығар. Ал алаңның түбінде қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғимараттары орналасқан. Бұл – бұрынғы Алматы мал дәрігерлік институты. Ереуілді ең алғашқы болып сол институт студенттерінің еститіні анық. Физикалық тұрғыда бірінші болып алаңға жиналатындар да солар.

Өткен күнді есіне алған Талғат Оспанқұлұлы: «Бізде сол күні 5 сабақ болды. Сабақтан шықсақ, студенттер әр жер-әр жерде гу-гу етеді. Мәскеу Дінмұхаммет Қонаевты орнынан алып тастапты. Қазақстанды бұдан былай Колбин деген біреу басқарады екен. Жастар алаңға жиналып жатыпты. «Қазақстанға қазақ басшы керек!» дейді бәрі. Жас кезіміз, жалындап тұрмыз. Ешнәрсе ойлаған жоқпын. Курстасым Сейіт Жұмабаев (редакцияға екеуі бірге келді – авт.) айтады: «Сол жерде сен бірге оқитын қыздар мен басқа ұлт өкілдерін аудиториядан шығарып жіберіп, оңаша жиналыс жасадың. Жігіттердің басын қосып, бәрін өзің ұйымдастырып, басқа институттарға хабаршы жібердің. Мені Киров зауытының жігіттеріне жұмсадың». Сағат төрт пен бестің арасы болатын. Ертесі таңғы сегізде алаңда жиналатын болдық. Шындық өлмейді. Жастарды алаңға шығуға ең бірінші болып үндеу тастаған – біз, Алматы мал дәрігерлік институттың студенттері. Бұл – тарих», – дейді.  

Талғат Тұрыспаев бұрынғы Талдықорған облысының Киров ауданына қарайтын Көксу стансасында туып өскен. Көтеріліс болған жылы нар құлататын 25 жаста екен.

– Алаңға бізден бұрын Киров зауытының жігіттері барып алыпты. Оларға біз қосылдық. Біраз уақыттан кейін КазГУ-дың студенттері келе бастады. Жүргенов пен КазПИ-дың (қазіргі Абай атындағы ҚазҰУ) студенттері қосылды. Содан тобымызбен алаңнан шығып, қазіргі Достық көшесімен төмен қарай ереуілдедік. Ұрандап барамыз. Қазыбек би көшесіне тіреліп, солға бұрылдық. Жолбойы жастар қосылып жатыр. ЖенПИ-ға (Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) жеттік. Ол жерден намысты оттай қаракөз қарындастарымыз ерді. Содан қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы көшесімен өрлеп отырып алаңға қайта келдік. Біз жеткенде, алаңда халық ығы-жығы жиналып алыпты. Бір кезде Нұрсұлтан Назарбаев келді. Бізге басу айтты. «Уақыты келеді» деген сөзі әлі есімде, – дейді батыр 35 жыл бұрынғы ереуілді еске алып.

Желтоқсан көтерілісіне қатысты барлық оқиға осылай өрбиді. Оны қайталап отырудың қажеті жоқ шығар. Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ жастарының жаппай қудаланып, сотталып, нақақ жала жабылып, таяқ жегені тарихи шындық. Сол күні түнде Талғаттың қасындағы бірнеше курстасы ұсталыпты. Сейіт Жұмабаев та алаңнан қайтпай қалған. Кейін миллициялар Талғаттың алаңда қасқайып, түйіліп тұрған суретін көрсетіп, оны алып кетуге келеді. Тұрыспаев – институттың мақтанышы. Оны іздеп келген адамға бере салу – оқу орнының басшылары үшін сын. Сол жерде ректор мен проректор араласып: «Талғатты біз жібердік. Оған «Алаңнан студенттерді жинап қайт!» деген тапсырма бергенбіз» деп, тұтқындалғалы тұрған жерінен батырды алып қалыпты. Кім білсін, оқытушылары алып қалмағанда, бір институттың студенттерін түгел алаңға алып шыққан адамға жеңіл жаза кесілмейтіні анық қой.

– Желтоқсан батырлары ақталып, тарихи шындықтың беті ашылып жатыр. Бірақ бұл арада сол қасіретті күннен жапа шеккен тағы бір топ бар. Олар туралы әңгіме айтылмайды. Алматыдағы шекарашылар мектебі мен миллиция мектебінде оқып жатқан курсанттар тапсырмамен алаңға барған. Көтерілісті басу үшін бұйрықты орындаған. Қазір солардың арасынан екі жүзге жуық жігіт ауру болып қалыпты. Желтоқсан толық зерттеліп, тарихи бағасын алу керек болса, бұйрықты орындаймыз деп денсаулығынан айырылған сол жігіттерді де ұмыт қалдыруға болмайды. Олар өз еркімен барған жоқ ,– дейді кейіпкеріміз Желтоқсанның көлеңкелі бетін ашып.

Талғат Тұрыспаев пен курстасы Сейіт Жұмабаев былтырдан бері ғана «Желтоқсан қоғамы» ұйымының мүшесі. Өздерінің айтуынша, әлгі ұйымның 8-тобына тіркеліпті. Осы күнге дейін «Желтоқсан батырларының ұйымы бар» деген әңгімені естігендерімен, қызығушылықтары болмаған. «Бізде «Атақты болайық. Өзімізді көрсетейік. Желтоқсан батырымыз деп мақтанып, пайда табайық» деген бақай-есеп болған емес», дейді олар. Өткен жылы ғана курстастарының әртүрлі желтоқсан ұйымдарына тіркелгендерін естіп, сол күні «ояныпты».

Т.Тұрыспаев: «Бізді қазақ батыр деп басына көтерсін деген ойымыз жоқ. Ұрпақтарымыз білсін. Немерелерім Кеңес одағын құлатқан Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымды, көшбасшы болғанымды білсін, жан-дүниесімен сезінсін. Сонда олардың Отан туралы түйсігі оянады. Қазақстанды, қазақ деген ұлтты шынайы сүйетін болады. Тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегенін түсінеді. Бұл – тәрбие», – деді ағынан жарылып. «Бар мақсатымыз – Желтоқсан батырларының бәріне бірдей статус берілсе, деген ой ғана. Мысалы, соғыс ардагерлеріне бірдей баға берілді ғой. Желтоқсандықтарды да билік алаламаса екен», – деді сөзін түйіндеп.

Ал досы Сейіт Жұмабаев: «Желтоқсан батырлары көп екен. Оған іштеріне кіргенде, көзім жетті. Бірақ Талғат сияқты нағыз көшбасшылар жалғыз, олар ұмыт қалмауы керек. Талғаттың ерлігін сол кездегі мал дәрігерлік институттың екі мыңға жуық студенті түгел айта алады. Мен жақында ғана ақталдым. Талғат Тұрыспаевтың да ақталуын талап етемін!» – деп, ойын қорытты.

Т.Тұрыспаевтың 1986 жылы Желтоқсанда тұтқындалмағаны өзіне емес, қазаққа олжа болғандай. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында келімсектер қазақтарды басынып жатқан алмағайып уақытта ел үміті Тұрыспаев сияқты батырларға артылады. Талғат сол кездері рэкет аталып кеткен қазақ жігіттері: Сабыр Мүсілім, «Сары Алмас», «Атаба», «Баха фестивальдермен» бірге жүріп, ел еңсесін тіктеуге өлшеусіз еңбек етті. Халық «бандит» деп айдар таққан арыстар, шын мәнінде, Қазақстанның мемлекет болып аяғынан тік тұруына өте көп жұмыс жасады.

Заман тынышталған соң, Талғат кәсіпкерлікпен айналысыпты. Бір өзі мұқтаж жандарға 150 көлік атағанын достарынан естідік. «Қыран құс шашып жейді, қара құс басып жейді». Тәкең дүниені мүлік деп жинамаған жан. Одан кемдік көріп отырған жоқ қазір. Айтпақшы, Тұрыспаевтың спорт шебері екенін айттық. 1991 жылы үш жүздің басы қосылған Қабанбайдың 300 жылдық асында «Нар палуан» атанып, Алты алаштың мерейін бір көтеріп тастағанын жерлестері аңыздай айтады. Бұл да – шын батырға лайық бір қасиет!

Уақыт өтер. Тарих түгенделер. Қасіретті күнге баға берілер. Шынайы айыптылар айтылар. Жазалаушылар көрсетілер. Ең бастысы – қасиетті күннің қадірін қашырып, кім көрінгеннің қол жаулығына айналдырып алмасақ болғаны...

Тегтер: