Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
00:00, 10 Қаңтар 2019

2018 жылы Атырауда 206 бала өмірден озды

Атырау облысының тұрғыны Альбина ЕРМЕКОВА егіз босанады. Өкінішке қарай, жансақтау бөлімшесіне алып кеткен сәбилері бірінен кейін бірі шетінеп кетеді.
Болған жайға облыстық перинатальдық дәрігерлердің біліктілігін кінәлаған Альбинаның шағымынан кейін аталған облыстағы денсаулық басқармасы мен аталған мекеме басшылары БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.Белгілісі, жағдай расымен де көңіл көншітердей емес. Мұнайлы аймақта былтыр бір жасқа дейін шетінеп кеткен сәбилердің саны 176-ға жеткен. Оның ішінде, 108-і – дүние есігін жаңа ғана ашқан нәрестелер. Облыстық  перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВТЫҢ айтуынша, уақытынан бұрын туған нәрестелер арасында шетінеу көп. Олар көңілсіз көрсеткіштің басым бөлігін құрап отыр. Себебін қазбаласаң, бірнешеу. Ең бастысы – ананың денсаулығы нашар. Жас ананың баласын айы-күніне жеткізіп, босана алмауы көбінесе «жоспарланбаған жүктіліктен» болып отыр. Бас дәрігердің айтуынша, әйел әр баласының арасына кемі бір жарым жылдай уақыт салып, дүниеге әкелуі тиіс. Бізде – бұл жағынан бейғамдық бар. Бұдан бөлек, барлық емханалар мен аудандық ауруханаларда отбасын жоспарлау және репродукция бөлімдері ашылған. Аналар мектебі мен патронажды мейірбикелер бар. Соған қарамастан, кейбір жүкті әйелдер тарапынан уақытылы тексерілуге, дәрігерлердің нұсқаулығын орындауға деген енжарлық байқалады.-Бізде салмағы өте аз сәбилер де өмірге келіп жатады. 2018 жылы салмағы бір жарым келіге дейінгі үш жүздей нәресте туды. Олардың иммундық жүйелері төмен деңгейде болды, аналарынан экстрагенитальдық дерттер анықталды. Тағы да қайталасақ, аналары бірінен кейін бірін босана берген, бұл, өз кезегінде, оның денсаулығына әсер етпей қоймайды, — дейді осы орталықтың неонатология бөлімі меңгерушісі Гүлмира ӘБЕКЕЕВА.-Әрине, айтып отырған көрсеткіштеріміз жақсы емес, бірақ, бұл дәрігерлердің біліктілігі төмен дегенді аңғартпайды. Сәбидің әрбір шетінен жағдайы ресми тіркеліп, әрбір орын алған жағдай бойынша жан-жақты талдаулар жүргізіледі. Сарапшы дәрігерлер, аудитор дәрігерлер тартылып, толық сараптама жасалады, — деп жуып-шайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Райса БАЙМҰҚАНОВА. Атырау облысында 2017 жылы 146 бала өлімі тіркелген, оның ішінде бір жасқа дейінгілері – 114 бала. Былтыр бес жасқа дейінгі 206 бала өмірден өтсе, оның 176-сын жасқа дейінгілер құрайды. Негізінен, мезгілсіз үзілген балақандардың басым көпшілігі денсаулығы нашар болып туылады екен, олардың шамамен 70 пайызында туғаннан жүрек ақауы  болады. Осындай деректерге қарамастан, мұнайлы өңір бала өлімі жағынан республика бойынша 16 орында екені белгілі болды. Сонда бұл жағынан бастапқы орындарда тұрған аймақтардың жайы нешік, бағамдай беріңіз.Фото автордікі. 
Тегтер: