Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:06, 29 Желтоқсан 2020

2020 жыл. Жалтақ билік, жарымжан идеология

None
None

      «Ай – ат  басын  бұрғанша,  жыл – жылқы аунап  тұрғанша»  демекші, 2020  жыл да  бітіп  жатыр.

  Жалпы,  2020 жыл  еліміздің  саясат   сахнасында   қандай  өрнек  қалдырды  десек,  бір  емес,  бірнеше  мәселені  бөліп  қарастыруға  болады. Бұл  жөнінде  кейінірек айтамыз.  

     Билік   дәліздерінде  жүрген  кейбір саясаттанушы  шенеуніктердің айтуынша, елімізде   саяси модернизацияның   бірінші пакеті қабылданған көрінеді.  Ол – әрине,  сайлау,  митинг өткізу,  партияларды  тіркеу  туралы  заңдарға  бірқатар өзгерістердің енгізілуі.  Алайда  одан  не  пайда?  Өзгерістерден,  яғни  сайлау  туралы заң демократияланып кеткен  жоқ,  митинг өткізу  күрделенді,  өз  ойын ашық айтқысы келіп, алаңға  жиналған  жұрттың «қалмақтың  шаңды  жорығын  жасап»,  биліктің  дарбазасын  қағуға  мүмкіндігі  шектелді,   ал партияларды  тіркеуге келсек, бұл да  бір «Абылай аспас  сары  белдің»  кебін киді, жаңа  партиялар  тіркелмеді. Қысқасы, өзгерістерге  ұшыраған  бұл  заңдар  әлі де  шикі, кедір-бұдыры мол.  Осыған  қарап-ақ саяси модернизация, реформалау  толыққанды  жүрді деп айта  қою  қиын.  Былайша айтқанда,  саяси модернизацияның  имитациясы жүрді. Басқа еш нәрсе жоқ. 

        Иә,  парламенттің жоғарғы  палатасы  саналатын  сенат  сайлауы  өтті.  Бұған  аса бір  тоқталудың  қажеті  шамалы.  Өйткені  сенат депутаттарын  мәслихат  сайлайды. Халық  одан тыс  тұр.  Демек,  бұл  жерде  аламан арпалыс,  дода тартыс  өтті деудің  өзі біртүрлі. Жалпы,  «Сенат қажет емес»  деп, біз  мұны бірнеше  рет  жазғанбыз. Себебі Қазақстан федералды  мемлекет емес. Сондықтан басы артық құрылымды  ұстау,  ол үшін көл-көсір ақша шашу қандай  қажеттіліктен  туып  отырғаны  белгісіз. Демек,  сенат – Қазақстан  үшін басы артық  құрылым.  

      Осы  жылдың жылт етер тағы  бір  жаңалығы – мемлекет  басшысы  алдағы  жылдың  10  қаңтарында  парламент мәжілісінің  сайлауы  өтетіні  туралы жарлығын  шығарды.  Әлбетте,  бәсеке  елде тіркелген  алты партия арасында  өтпек  болған. Алайда  биліктің ишара,  талабы  (екеуара келісімі)   солай  болды ма, оппозиция  саналатын Жалпы  ұлттық  социал-демократиялық  партиясы  (ЖСДП )  сайлауға  бойкот жариялап, оқшантайдан  түсіп  қалды.   Енді тартыс «Нұр  Отан» мен билікшіл  төрт  партияның («Ақ  жол», «Адал»,  «Ауыл» және  Қазақстан  халық  партиясы)   арасында  болмақ. Халықтың  үнін биік  мінберден айтар оппозициялық  партия болмаған соң, бұлардан  елге  пайда бар деудің  өзі  артық.  Десек те, алдағы жылдың 10 қаңтарында нақты  бәсекеден алыс,  алайда формалды болса да, мәжіліс  сайлауы  өтері анық.  

      Ал бұлтсыз күні ойнаған  найзағайдай қоғамды бір  сілкінтіп  өткен оқиға  – қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің  тергеу изоляторындабелгісіз жағдайда көз  жұмуы. Жұрт дүрк көтерілді. Қоғам  белсендісінің жұмбақ  қазасын  анықтауды  талап етті. «Сасқан  үйрек артымен  жүзеді» дегендей,  билік  Дулат Ағаділдің  өлімінде ешқандай саяси астар  жоқ екенін, жүрек  талмасынан  қайтыс  болғанын айтып, жуып-шайған  болды. Осыдан-ақ  Ақорданың  халықтың  қаһарынан қаймығатыны сезіліп қалды.

       Енді осы жылы  болған  ұсақ-түйекті  термелемей,  екі  басты  мәселеге назар аударғанды  жөн көрдік. Біріншісі – ақпан айында  болған Қордайдағы  қазақ-дүнген арасындағы  қанды  қақтығыс.  Екіншісі – Ресей  саясаткерлерінің Қазақстанға  байланысты айтқандары.  Алдымен Қордайдағы  дүрбелең туралы айталық.  Онда 11 адам өліп,  жүздеген жан жараланды. Бұл  дүрбелеңнің  қоясын ақтаратын  болсақ,  оның бірнеше  себебін анықтауға болады. 

     Бірінші себеп. Қазақстанда ешқандай  мемлекеттік  идеология  жоқ екені уақыт өткен  сайын  дәлелденіп келеді. Әсіресе  елімізде  тұрып  жатқан өзге  ұлт  өкілдері «Қазақстан – менің  Отаным,  мен  осы  елдің азаматымын»  деген сөзді айтқысы келмейді.  Неге?  Өйткені  біз оларға қазақтың тілін,  мәдениетін және өздері өмір сүріп  отырған  жер өзгенің  емес,  исі  қазақтың атамекені екенін сіңіре де,  түсіндіре де алмадық. Керісінше, «Бірлігі  жарасқан елміз» деген  жалған,  жалпақшешей  ұранға малдандық. Енді келіп осының  тақсыретін тартып жатырмыз. Дәлел керек  пе?  Айтайық. Қазір өзге  жұрт  арасында  қазақтың  тілін керек  қылмайтындар,  мемлекеттің заңын   сыйламайтындар көбейді. Ақпандағы  Қордай  қақтығысы, одан кейін  болған Шонжыдағы  дүрбелең соның  бір көрінісі. Екі  жерде де қазақ пен өзге ұлттың (дүнген мен ұйғыр) текетіресі.  Дүнген де,  ұйғыр да  қазақтың тілін  тіл деп,  мемлекетті, ол  мемлекеттің  заңын да қыстырып  тұрған  жоқ. «Не  істесек те  өзіміз  білеміз» деген кейіп танытуда. Бұл соңғы 30 жылда жүргізілген  саясаттың, идеологияның «жемісі».

        Біз  мына көрші  жатқан өзбектерден тәлім алғанымыз  жөн. Мәселен, тәуелсіздік   жылдары ол  елде 100-ден астам  қазақ мектебі  жабылды. Амалсыз  қазақ балалары  өзбек  мектептеріне  барды, өзбек  тілінде,  яғни  мемлекеттік тілде  білім алды. Осылайша олар өз  жерінде  өмір сүріп жатқан  қазақты да,  тәжікті де, ұйғыр  мен  кәрісті де өздеріне «сіңіріп»,  өзбек  жасауға  тырысты. Солай  болды  да. Қазір  бір  шаңырақ астында мамыражай  өмір сүруде. Біз, керісінше, өз  жеріміздегі өзге  ұлт  өкілдеріне  бас-бастарына  мектеп,  мәдени  ошақтар  ашып  беріп, өзімізге  тартудың орнына кері  итерудеміз. Мұндай  жағдайда өз тілінде  сөйлеген, өз  мектебіне барған, өз  театрын  көрген өзге  ұлт  өкілі қазақ  тілін қайтсін!? Шаңырақты  қалай  сыйласын!? Міне,  үлкен қателік. Міне, кеңқолтық идеологияның  кесірі.

        Екінші себеп. Елімізде Масаншыдағы  секілді өзге  ұлттар  топтаса орналасқан елді мекен – анклавтар  баршылық. Мәселен, оңтүстікте өзбектер,  күрдтер, ұйғырлар,  дүнгендер топтаса,  жұптаса  өмір  сүріп  жатқан  ауылдар  жеткілікті. Мұндай  жерде  міндетті  түрде жергілікті  халық пен өзге  ұлттардың  арасында кикілжің, текетірестер болып  тұрады.  Мысалға   бұған  дейін  болған, қазақ пен тәжік, қазақ пен  шешен,  қазақ пен күрд,  қазақ пен ұйғыр арасындағы дүрбелеңдерді еске алсақ та  жеткілікті.                                                                                 Қайтпек керек? Демек, мұндай анклавтарды  бөлшектеп,  ондағы  тұрғындарды – диаспораларды  қазақы ауылдарға   аз-аздан  орналастыру. Бір  сөзбен айтқанда, қазақы  ортаға  сіңіру,  жұтылдыру. Осылай ғана ұлтаралық  қақтығыстардың алдын алуға  болады.  Бұл  мәселе  жөнінде  билік  жақсылап  ойлануы  тиіс. Қалай айтсақ та, осы жылы  болған Қордайдағы қанды  қақтығыстан  ресми Нұр-Сұлтан  қорытынды  шығаруы  керек-ақ. Баяғы  «Ынтымағы  жарасқан елміз»  деген жалған  ұраннан арылып, мемлекеттің нақты иесі кім  екенін  анықтап, мемлекеттік  тілді  бәрі бірдей білуі керек деген  талапты  күшейткені  жөн.

      Осы  жылы қара күзде  исі  қазақтың қан  қысымын көтерген  тағы  бір  мәселе, ол – Ресей  саясаткерлерінің  Қазақстанға  байланысты  айтқандары.  Сәл арыға  үңілсек,  2014  жылы  Путиннің «қазақта  мемлекет  болмаған»  деген әңгіме айтып, Айды  аспанға  бір-ақ  шығарғаны  бар. Одан кейін  биылғы  маусым айында былай  деді:  («Россия 1» телеарнасындағы «Москва. Путин. Кремль» хабары)  «Совет Одағын құру туралы келісімде одан шығу құқығы да жазылған. Бірақ оның нақты процедурасы жоқтықтан, мынадай мәселе туады: қандай да бір республика Совет Одағының құрамына кіреді, сөйтіп, Ресейдің ірі көлемде дәстүрлі-тарихи аумағын алады. Сөйтеді де, бір күні Одақтан шығуға шешім қабылдайды. Олай болса орыс халқының сыйлығын қоса әкетпей, немен келдің, сонымен шығуың керек қой».  Әрине,  Қазақстанға  қаратып айтпаса да, қосақ  ішінде  (ТМД-ның  бір мүшесі  ретінде) кеткеніміз белгілі. Путиннің  бұл айтқандары дәл сол кезде  қоғамда  біраз  шу  болған. Қалай  десек те, Путин ойындағысын айтты. Пиғылының  қандай екенін  танытты. Әйтпесе тарихтан мақұрым жан емес екені анық. Айналасында жүздеген кеңесшісі  отыр, қаншама институттар  жұмыс істеп жатыр. Солар әлемді  қойып, ТМД елдерінің тарихын  білмейді  емес –   біледі,  айтпайды  емес –  айтады. Бірақ  Путин Ресейдің әлеуеті  баяғыдай  мықты  екенін  танытқысы келіп, айналасына сұс көрсете  сөйлеп,  үрейде  ұстағысы келеді.

        Ал Ресей  думасының  депутаттары В.Никонов, Е.Федоров   және  В.Жириновскийлер  тіпті «тереңге» кетті. Олар «қазақ  жері – патшалық  және КСРО-ның сыйлығы,  қайтаратын  мезгіл  жетті»  деп көкіді.  В.Никонов, Е.Федоров, В.Жириновский  Ресей думасының депутаттары екенін ескерсек,  олар Мәскеудің  көзқарасын  айтып отыр  деуге  болады.  Бұл айтқыштар  Қазақстан мен  Ресей арасына  сына  қағып,  түбі қандай да  бір текетірестерге алып келуі ғажап емес. Сондықтан түрлі  саяси әдіс-тәсілдерді  пайдалана  отырып,  олардың  Қазақ  еліне  байланысты  айтқандарына  тойтарыс   беріп отырған  жөн. Өйткені  бұға берсең, сұға  берері анық. Басқа  республиканы  қайдам, бірақ Қазақ елінің біраз  жері  патшалық  Ресей мен  большевиктік  Ресейдің   қанжығасында кеткені  тарихтан  белгілі.  Нақтылайтын  болсақ, Орынбор, Астрахан, Челябі (бұрынғы атауы – Селебе),  Түмен, Саратов  және Омбы шаһары  мен оның маңындағы  ұлан-ғайыр  жер  Ресей қарамағында  қалды.  Әгәрәки,   қажет  болса, жер дауын   Путин  және  оның  депутаттары  емес, біз  даулауымыз  керек.

         Осы  жерде ескеретін аса  маңызды  бір мәселе – солтүстік облыстарда өз  ұлтымыздың  әлі де  азшылықта  отыруы. Бұл  үлкен  қауіптің  бірі. Егер Қордайдағы жағдай  солтүстік аймақтардың  бірінде (арандатушылар   жетерлік)  бола  қалса, жеріміздің   бүтіндігіне,  еліміздің  тұтастығына үлкен қауіп сонда  болмақ.  Өйткені ондағы орыстың артында   Ресей  тұр.  Мәскеудің  «орыстың  тілі мен мүддесін  әлемнің кез келген жерінде қорғаймыз»  деген  ұстанымын  ескеретін болсақ, жағдайымыз мүшкілге айналмақ. Бұл  жерде Ресейдің   «орыстың мүддесін  қорғап»,  Украинаға  не  істегенін   еске алсақ та жеткілікті.  Сондықтан елімізде  тасбақа  аяңмен  жүріп  жатқан,   оңтүстікте  тығыз  отырған  қандастарымызды    солтүстікке  көшіру   мәселесін жеделдету  қажет. Ресейде  табиғаты  қатал  солтүстік аймақтарға  қоныс аударған,  не  болмаса жұмыс істеуге  барғандарға  айлықты  бірнеше  есе көбірек  төлейді. Бізге де  осы  тәжірибені  ескеру  керек. Солтүстіккке  көшіп барғандар  әбден  жерсініп кеткенше жеңілдіктерді аямаған  жөн. «Бұл  мемлекет  үшін  үлкен  шығын»  деген уәж айтылмауы  тиіс.  Өйткені елдің,  мемлекеттің  қауіпсіздігіне  жұмсалған  қаржы шығынға  жатпайды. Осылайша  солтүстік  өңірлерде ұлтымыздың  санын   арттыру арқылы  болашақта  болуы  бек  мүмкін қатерлердің  алдын алуға  болады.

        Бұл  аймақтарда  да  Қазақстанның  заңдарын  жүре  тыңдайтындар, қазақ  тілін менсінбейтіндер  жеткілікті. Орыс  жұрты  тұтаса  орналасқан анклавтар да  жоқ  емес. Мәселен,  Қостанай  облысында 361, 4 мың (жергілікті жұрттың  41,28  пайызы), Солтүстік  Қазақстанда  277,8 мың (49,73 пайыз),  Ақмола облысында  244,8  мың (33,13  пайыз),  Павлодар  облысында  270,7  мың (35,86 пайыз), Шығыс Қазақстанда  505  мың (36,5 пайыз) славян азаматы  бар.  Үркердей  топ емес, қара ормандай,  қарасы көп. Демек,  Қордайда  болған жағдайды   сабақ  етіп,  қорытынды  шығарғымыз келсе, солтүстікте   қордаланған  мәселелерді  де жадымыздан  шығармауымыз  керек.

       Тағы  бір ескеретін  дүние  – Қазақстан  халқы  ассамблеясы еліміздегі ұлт пен  ұлт арасындағы  достықты,  ынтымақты, бірлікті қамтамасыз етуге  неге қауқарсыз? Сонда  бұл ассамблеяның  миссиясы  не? Әр  ұлтқа ән айтқызып,  би билетіп, дастархан жайдыртып, байқаулар ұйымдастырғаннан  басқа  шаруасы  жоқ  па? Ұлтаралық  дүмпулерді реттеуге  құлықсыз  болса,  онда оның қажеті  қанша? Не  үшін  ұстап отырмыз?  Бұл да  ойланатын  мәселе. Қалай айтсақ та,  қалай  жазсақ та, 2020 жылы  болған  оқиғалардан  сабақ  алып,  алдағы  жылы сондай дүрбелеңдерді  болдырмаудың  алдын алуға   тиіспіз.

          Айтпай кетпейтін тағы бір жайт – Қордай мен Шонжыдағы  дүрбелең, Ресей  саясаткерлерінің айтқандары   қазақ  халқының  намысын оятты,  «бір жағадан бас,  бір  жеңнен  қол» шығару керегін аңғартты,  жігерін  жаныды. Елді,  жерді  қорғауға  ұйыстырды. Мұны естен  шығаруға болмайды.

Тегтер: