2021 жылы баспана тағы қымбаттай ма, арзан баспана қайда бар?
Құлағы түрік жандардың дені нақ қазір «не қымбаттайтынын, тағы қандай қызмет құнының бағасы аспандайтынын, қандай мүліктің бағасы шарықтайтынын» өзінше сараптап, сақ жүр.
Сондай сараптаулардың ең басты тізімінде: талай қазақтың арманы болғаны баспана бағамы тұр.Сарапшы мамандардың пайымдауынша, елдегі банктер болашақта сыртқы қарыздарынан құтылудың барлық амалдарын қарастыра бастайды. Осы тұста банктер өздерінде кепілде тұрған үйлерді сатуға шығаруға өзінен-өзі мәжбүр болады. Әрине, егер банктер кепілде тұрған үйлерін сатылымға нарықтық бағамен шығарса жақсы. «Бірақ банктердің халыққа арзан бағамен тұрғын үй ұсынбайтыны даусыз. Осыны ескерсек, Тұрғын үй саласынан нанын тауып жүрген қайсыбір банкирлердің айтып жүргеніндей, болашақта еліміздің барлық аймақтарында тұрғын үй бағасы 7-8 пайызға қымбаттауы мүмкін» дейді мамандар.
«Қайсыбір мемлекеттер тұрғын үй ипотекасын, тұрғын үйлерді жалға беру тәсілін үйіріп те әкете алды. Ал біздің елімізде бұл үрдіс осы уақытқа дейін сауатты түзілмеді. Білесіз, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ капиталын көбейтіп, сол арқылы жеңілдетілген несие беру әдісін қолданысқа енгізе бастаған тұста «бұл әдіс бірінші реттегі нарықта үй алуға ұсыныс артып отыр. Ол міндетті түрде екінші реттегі нарыққа әсер етеді де, алдағы уақытта бұл өз нәтижесін беріп, мысалы, 140 мың доллар тұратын тұрғын үйлер 50-60 мың долларға түсетін болады» деп шенеуніктер осыдан үш –төрт жыл бұрын болжаған еді. Дегенмен, содан бері халық арзан үйге қол жеткізе алмады. Бүгінде кейбір екінші деңгейлі банктердің де ипотека беру үрдісі тоқтатылды. Шенеуніктер былтырғы инфляциямен алдағы түзілер нарықтағы бағаны болжағанды қою керек. Былтыр доллардың құны басқаша болды, ал қазір жағдай басқаша. Білесіздер, біздің қарапайым тұрғындардың басым бөлігі баспананы осы банктер арқылы алуға үмітті. Кепілде тұрған үйлері бар, әр түрлі мемлекеттік бағдарламаға қатысатын банктер бар енді олар өздерінің халыққа баспана беру әдісін қайта қарауды Үкіметке ұсынуы мүмкін. Сондықтан баспана бағасы арзандайтын тетіктерді көріп отырғанымыз жоқ. Керісінше, жағдайды өз пайдаларына шешіп алуды көздейтін банктер бұл бұл жерде қарап қалмайды»,-деді эконмист-сарпашы Тоғжан Шаяхметова. Абзалында, Тұрғын үй нарығына қатысты мамандар «банктер өз алдына, мұндайда монополистер де қарап қалмайды» деседі. Жалпы, соңғы 12 жылда елдегі баспана бағасы 600 пайызға дейін қымбаттағанына басымдық беріп отырған мамандар «бұл жерде монополистер тағы да сол жабайы нарық қағидасына жүгініп кетеді» деп отыр.
«Негізінде доллардың күрт өсуі ішкі нарыққа айтарлықтай әсер етпеуі керек. Ол сыртқы нарықтағы бағаға, экспортқа, сыртқы сауда-саттыққа әсер етуі тиіс. Ал отандық өнім, отандық кәсіпорындар, отандық ішкі нарық бұдан зардап шекпеуі тиіс. Тұтынушылар да соған орай қымбатшылықты аса сезінбеуі керек-тін. Нарықтың заңдылығының өзі осы. Бірақ бізде жабайы нарық қалыптасып кеткен. Доллар көтерілсе бітті, сол долларға қатысы жоқ саланың өзінде бағаның өсімі болады. Мысалы, азық-түлік нарығын алайықшы. Доллардың құны көтерілді ме, азық-түліктің де құны демде өсіп шыға келеді. Бұған себеп «біз елге азық-түліктің 80 пайызын импорттап әкелеміз» деп ақталсақ та, бұл жерде отандық өндірісшілер тауар бағамын аспандатпауы тиіс. Сонда отандық өнімге деген сұраныс артып, импорт өзінен-өзі қалтарыста қала беретін еді. Бірақбұл заңдылыққа отандық монополистер бағынбай тауарының құнын одан әрі өсіре береді емес пе? Сол тәрізді Тұрғын үй саласын алайық, мұндайда құрылыс материалдарының 80-90 пайызын сырттан әкелетін бұл салада баға қымбаттамайды, оған «алғышарт жоқ» деп бейқам отыруға тағы болмайды. Бағаны монополистер қымбаттады. Құрылыс материалдарын шеттен әкелетіндіктерін желеу етіп олар қазірдің өзінде бағаны өсіріп қойды, ал енді бір-бір жарым айдан соң бағаны тіпті өсіреді. Тұрғын үйдің құрылысы сол үйдің әрбір шаршы метріне кететін шығынмен байланысты болғандықтан, бұл жерде баға өседі демеске амал жоқ»,-деді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов. Осылайша мамандардың пайымдауынша, баспана бағамы жуық арада арзандамайды, керісінше, біртіндеп көтерілуі әбден мүмкін. Әрине, сарапшыларымыздың бұл сөзі баспанаға мұқтаж отбасылардың арманын одан бетер алыстатқандай.