2023 - 2029 жылдарға арналған жастар саясатының маңызы қандай?
Кез келген елдің болашағын оның негізгі қозғаушы күші, құнды стратегиялық және кадрлық ресурсы ретінде әрекет ететін жастар айқындайды.
Сондықтан Қазақстанда жастар саясаты мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Ол жастардың табысты болуы және шешім қабылдауға толық қатысуы, сондай-ақ олардың рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық дамуы үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға арналған.
Бүгінде еліміздің алдына әлеуметтік жаңғырту, жеделдетілген инновациялық индустрияландыру және экономикалық интеграция бойынша жаңа ауқымды міндеттер қойылып отыр. Тәуелсіздіктің 33 жылында қол жеткізген жетістіктерін нығайта отырып, Қазақстан ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіру мақсатына сенімді түрде қадам басуға ниетті. Осындай жағдайда аға ұрпақтың жасампаз істерінің эстафетасын жалғастырып, ұлттық бәсекеге қабілеттілік шыңын бұдан да биікке көтеріп, ХХІ ғасырда Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен жаһандық танылуын қамтамасыз ететін жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі.
Мұндай миссия кәсіби білімді, физикалық және моральдық жағынан дені сау, бәсекеге қабілетті, отансүйгіш, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жастардың ғана қолынан келеді. Осыған байланысты мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті – жастар Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналып отырған уақыт талабына мемлекеттік жастар саясатын бейімдеу. Жастарды қоғамға пайдалы болатын жұмысқа тарту. Дәл осы мақсатта жастар алдына мақсат қойып ұмтылса жетістікке жете алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта өз сөзінде Жаңа Қазақстан жастарының үш маңызды басымдығын санамалап берген болатын. Президент “білімге ұмтылу, еңбекқорлық және патриоттық жастардың маңызды қасиеттері екенін айтты.
«Жастардың қатысуымен ел азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ете отырып, бәсекеге қабілетті болуы керек. Туған жерге қажет, пайдалы болуға ұмтылу әрбір жастың мақсаты болуы кажет. Алға қойған мақсатына білімді де білікті жастар ғана жетеді. Мемлекет жастардың тың идеялары мен ұсыныстарына әрқашан ашық. Жастар адал еңбекті бағалап, рухы мықты болуы керек. Мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоя білуі де маңызды. Ол үшін ана тіліңді білу, өз халқының салт-дәстүрін, тарихын қастерлеу керек. Бұл әрбір жастың қасиетті борышы және мұны әрқашан есте ұстау қажет», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанда жастар саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында және 2015 жылдан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының жеке заңында көрсетілген. Осы құжаттарға сәйкес «Қазақстанның жастар саясатының мақсаты – жастардың толық рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және дене дамуы үшін жағдай жасау, шешім қабылдау процесіне қатысу, табысты ету.
Осыған байланысты үкімет қаулысымен еліміздің 2023 - 2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілген болатын. Аталған құджатта 2029 жылға қарай орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам мен бизнес институттарының құзыреті мен жауапкершілік саласын нақтылайтын ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді моделінің арқасында Қазақстанда мемлекеттік жастар саясаты құрылатын болады. Оның арқасында Қазақстанда тұрақты жұмыспен қамту және жастардың жоғары табысы ел әл-ауқатының негізіне айналады. Бәсекеге қабілетті ауыл жастары мемлекет өміріне белсенді қатысады. Жастар арасында салауатты өмір салтын сақтау мінез-құлық нормасына айналады. Құжатта сонымен бірге жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу еліміздің мемлекеттік жастар саясатының бір бөлігі екені де жазылған.
Осылайша, Отанымыздың өткеніне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына құрметпен қарауға тәрбиелеу аясында мемлекеттік тілде заманауи интеллектуалды командалық ойындар дамытылатын болады. Жастар саясатының белсенді жұмысының арқасында 2029 жылға қарай жұмыспен қамтылған жастар үлесі 2,3 млн-ға жетеді және жас кәсіпкерлердің үлесі 20 пайызға дейін артады.