Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:20, 30 Желтоқсан 2023

2023 жылы әдебиет, өнерде қандай жаңалықтар болды? Қаламгерлермен сұхбат

Суретте: Ж. Қрғасбек, Ә. Бөпежанова, Ә. Рахат
Фото: из открытых источников

Қазақ әдебиеті қазір шығармадан, кітаптан кенде емес. Жыл сайын ескілі-жаңалы авторлар жарық көріп жатады.

 Биыл да біраз туындылар мерзімді басылымдарда жарияланды, кітап болып басылып шықты. Бұған жарық көріп жатқан аудармаларды қосыңыз. Жалпы 2023 жылы әдебиет, өнерде қандай жаңалықтар болды, нендей шығармалар көпшілік есінде қалды, жаңа есімдер деп кімдерді атай аламыз. Сондай-ақ жарияланған шығармалардың жетпейтін, жетіспейтін тұстары қайсы осы және өзге де сауалдарды сыншы, мәдени сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы, драматург Әлішер Рахаттан сұрап көрдік.

Әлия Бөпежанова сыншы
Фото: ашық дереккөз

Әлия Бөпежанова, сыншы, мәдени сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: Бір оқығанға тартымды, ағын судай зымырайтын сюжеттер, құнары аз кейіпкерлер...

Жылдың жаңалығынан гөрі жалпы руханиятымыздағы жақсы үдерістер мен тенденциялар туралы айтсам деймін. Республика парламентінде Мәдениет туралы заңның үлкен кемшіліктері талқыланды. Ұлттық өнеріміздің мәртебесін заңмен айқындау, өнер түрлерін қаржыландыруда келеңсіздіктерге жол бермеу, сондай-ақ қаламгерлер қауымының шығармашылық құқын қорғау жолындағы, т.б. мәселелер қолға алынды. Бұған, бір есептен, жаңа парламент құрамына азаматтық қоғамнан сайланған депутаттардың енуі себеп және жалпы алғанда қоғамға әділдік, әділеттілік үшін күрестің нәтижесіз қалмайтынына сенім тудырады.

«...Зайырлы, жетілген және зияткерлік қоғамды қалыптастыру» мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдасы болып отыр. Сондықтан да елімізде әдебиетке, театрға, жалпы мәдениетке ерекше көңіл бөліне бастады. Осының жақсы бір көрінісі – әдебиет және өнер саласындағы «Айбоз», «Ұмай» ұлттық сыйлықтары «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларға» табысталды. Жас жазушыларға Президенттік арнайы гранттық байқаудың маңызы үлкен. Бұларға қоса қоғамдық қорлар байқауларының сыйлықтары, стипендиялары бар. Осының бәрі шығармашылыққа деген ынтаның оянып, жақсы бәсекелестіктің жандануына жасампаз, жақсы мүмкіндік. Бірнеше облыстық әкімдік тарапынан қаламгерлерге арнаулы стипендиялар беріліп келеді. Бұл ретте Алматы қаласының әкімдігін ерекше атау керек. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшелерімен белсенді жұмысы да жер-жердегі рухани атмосфераның жақсара түсуіне ықпал етіп отыр. Республикамызда жүйелі түрде өтетін театр фестивальдарының саны артып, халықаралық фестивальдарда заманауи кәсіби қазақ театры мен киносының үні айқын естіледі.

Басты жаңалық және үлкен қуаныштардың бірі – осыдан бірер жыл бұрын көтерілген Шығармашылық одақтарға мемлекеттің стратегиялық серіктесі мәртебесін беру мәселесі шешімін тапқан сияқты.

Республикада баспалар да, жарық көретін кітаптар, демек, жаңа көркем шығармалар да жеткілікті. Әрине, бүкіл әдеби процесті қадағалап отыру қиын. Дегенмен де өзім оқыған прозалық көркем шығармалардан байқаған бір тенденцияға тоқталсам (пікірлерім субъективті болуы әбден мүмкін):

Бүгінде, орта, әсіресе жас буында жанрлық, дұрысы көркемдік ізденістер мол деуге болады. Айырмашылығы – жастар прозасында күрделілікке ұмтылатын автофикшн басым, мүмкін жас ерекшеліктеріне орай бейсана түрде бой ұрады. Ал орта буынның заманауи ізденістерге барған, бүгінде танымал бірталай өкілінде трансформацияланған нон-фикшн мен беллетристиканың қосындысы белең алып тұр. Мұның өзі оқырманның көкжиегін кеңейтіп, жаңа сезімдер беретінін жоққа шығаруға болмас. Дейтұрғанда өкінішке қарай, әдебиетте бүгінде ремесленниктер қатары артып бара жатқандай. Бір оқығанға тартымды, ағын судай зымырайтын сюжеттер, тез-тез шешілетін тартыстар, сондықтан да құнары аз кейіпкерлер... Автордың шығармасын ойына келген жерден, мүмкін таусылған, шаршаған тұсынан аяқтай салуы, сонымен қатар айтпағына тұздық – деректі мәліметтермен «есеп беруі», яғни нон-фикшн элементтерін балдақ-сүйеніш жасауы...

Екінші бір тенденция – әдебиет пен өнерде бейізгілікке дес беру. Әрине, ізгілік пен зұлымдықтың текетіресі әлімсақтан бар. Оны көркем шығармада немесе сахна не экраннан тап өмірдегідей көрсетсе оның несі өнер? Жастардың зұлымдықты өздері де байқамай фетиш деңгейіне көтеруі, содан бір тіпті эстетикалық ләззат алатындай ахуалдары шошытады... Шамамен осыдан бір ғасыр бұрын испан ойшылы Хосе Ортега-и-Гассеттің Еуропа әдебиетіне байланысты айтқан «дегуманизация» бізде енді жүріп жатқан сияқты...

Ұлттық сыйлық алған туындыларды айтпағанда, негізінен бұрыннан таныс есімдердің жаңа шығармаларын сүйсіне оқыдым, спектакльдерін көрдім. Олардың бірерін ғана атасам: Ы.Ожайдың «Еркін ойлау немесе көне қағидаларды қирату» жинағы, А. Ықсанның «Британ мысығы» заманауи көркем әңгімесі, Ж. Қорғасбектің «Асқар Сүлейменовке оралу», Д.Амантайдың «Абыздар мен аңыздар» заманауи эсселері, А.Ахмет пен Ж.Шамұратованың сайттардағы интеллектуалды, сондай-ақ Т.Медетбек, М.Ақдәулет пен Ж.Шаштайұлының «Жас Алашта» жарияланған терең де ауқымды сұхбаттары, тізе берсем, көлем жетпес.

Ал биылғы жаңа автор – А. Аймағамбет, жаңа шығарма – оның республикалық «Кемел-қаламгер» байқауының бас жүлдесіне ие болған «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда...» криминалдық романы. Тақырыбы, жазылу сипаты, психологиялық иірімдері қазақ әдебиеті үшін соны. Автор жантүршігерлік қылмыстардың қалай ашылғанынан гөрі әрбірінің қалай жасалғанын отражениемен (жалдамалы жазушы шығармаларында) соншалықты ыждаһатпен, егжей-тегжейлі баяндайды. Сөз жоқ, талантты, ізденгіш жастың, бұл, біздіңше, мейлінше абай болатын тұсы.

Режиссурадағы жаңа есім – Әлібек Өмірұлы, спектаклі – М.Әуезов Ұлттық театрындағы «Құйын».

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК
Фото: Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы: Қазақ прозасы қайта жасарып келеді

Нарықтың өңешінен өтпей қалған сіңіртік ұрпақ едік. Прозада төртеуміз төрт құбыла құсап тұрдық. Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, төртеуміз. Алды-артымызда бірер есім-сой аталды. Бірақ төртеуміз алдыңғы ұрпаққа ұқсайтынбыз. Алғашқы шығармаларымыз бойынша кинолар түсірілді, қорықпай романдар жаздық. Алпысыншы жылы туғандарды әдебиетке алпысыншы жылдары келгендердің бауырына басқаны тегін емес. Олардың өздерінен кейінгі толқынды буыны қатып кеттіге санап, бізді тәрбиеге алғанының символдық мәні бар.

Тіпті алдымыздағы үлкен бір буынға тірек болдық. Жаугершілік заманда жырауларымен жорық бастаған поэзияның жетім көш сияқты жәутең көзге айналғанын сонда көрдік. Бізден кейін әдебиет болмайтындай қаңырап қалды. Сол жылдары прозаға келіп жатқан жастар санаулы ғана еді. Қазір қазақ прозашыларының қатары тез көбейіп жатыр.

Бұрын бір буынды шамамен бес-он жыл аралығымен есептейтін. Нарық жылдарында оған шама келмей қалды. Осы кейінгі кездері ғана топ-тобымен төл санағандай халге жете бастадық. Тіпті екі-үш жыл айналдырып, бір буын дейтіндер бар. Бірақ олар буын емес, бір жылдың төлдері. Десек те жас жазушылардың қарасы молайды.

Былтыр бір ұйымның басшысы қырық жасқа дейінгі қырық жазушының тізімін жасап беруімізді сұрады. Сонда Бекзат Смадияр екеуміз, ол санды төрт-бес есе орап алатындай жас ақын-жазушылардың аты-жөнін тізіп бердік. Солардың ішінде төртеу емес, әдебиетіміздің төрт құбыласын тіреп тұрған қырық жазушы бар. «Төрт саны мифологияда тұрақтылықты білдіреді» дейді ғалымдар. Қырық талант шеп құрған әдебиетімізде енді тұрақтылық орнайды.

Бүгінде Ырысбек Дәбей, Қанат Тілеухан, Қанат Әбілқайыр, Есбол Айдабосын, Бейбіт Сарыбай, Мақсат Мәлік, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ұларбек Дәлейұлы, тағы басқаларын жас жазушылар деуге болмайды. Қаламгерлік пен баспагерлікті қатар алып жүрген Арман Әлменбеттің айналасы тағы бар.

Сонымен бірге Бақытбек Қадыр, Әлішер Рахат, Есбол Нұрахмет, Досхан Жылқыбай, Арман Әділбек, Жәудір Нартай, Бақытгүл Сәрмекова, тағы біраз жас прозашыларды қадағалап оқып жүрем. Меніңше, жаңа әдебиетті осы буын жасайтын сияқты. Осылардың оншақтысы бір-екі жылда он роман жазса, қазақ әдебиетінде не боларын өзіңіз-ақ ойлап көріңіз. Бір сөзбен айтқанда, қазақ прозасы қайта жасарып келеді.

Әлішер Рахат
Фото: Әлішер Рахат

Әлішер Рахат, жазушы: Әуесқой авторлар қаптап кетті

Әңгімені оқыған кітаптарымнан бастайын. Биыл Стефан Цвейгтің «Бальзак» романын оқыдым. Қазақшасын. Орыс тілінен аударылса керек, десе де аударманың сапасы көңілімнен шықты. Цвейгтің Бальзакты мұқият зерттегеніне, оның жазған шығармалары мен жолдаған хаттарының арасындағы өзара байланысты тапқанына, өмірінің қай кезеңінде қандай шығарма жазғанына, ең бастысы суреткердің болмысын сан қырынан ашқанына тәнті болдым. Бірақ баяндауы көп секілді сезілді. Көркем, әрі деректі роман дер едім. Цвейг жазған Бальзакты оқып отырып, сол Бальзак сияқты, сол типтес адамдар әлі де арамызда бар екеніне таңғалдым. Бальзактың әке-шешесіне «мен жазушы боламын» деген кезде, олардың жасөспірім Бальзакқа «мына баланың есі дұрыс, дені сау ма» деп қарағанына қарқылдап күлдім. Ілеуде біреу шығар, баласының әдебиетші боламын дегеніне шын қуанатын. Әйтпесе, не ақшасы жоқ, тіршілік етуге қолайсыз, болашағы бұлыңғыр мамандыққа кім де болсын, баласын бергісі жоқ. Мұндай жағдай менің де басымнан өткен және қатарлас қаламгер достарымнан да жиі естимін. Сосын Бальзактың либретто жазып, провинциясындағы адамдарды жинап алып, үш сағат терлеп-тепшіп оқып беруі де еріксіз езуіңе күлкі үйіреді. Ауылдастары Бальзактың жазғаны жақсы ма, жаман ба, айыра алмай, түсініксіз күй кешуі сондай шынайы... Ұйқасы жақсы, соңында «ащы» шындығы қосылған тақпақтарды кейде кейбір оқырмандар шын поэзия деп санап қалады ғой. Сол сияқты. Ұлы суреткердің әпенділігі, жастық максимализмі, ақшаны дұрыс жұмсай алмай, қарыз ала беруі, бірден байып кетуге қарқынды ұмтылысы сондай нанымды. Оның бойындағы алапат энергияны жазушы анық жеткізген. Сол жойқын күшінің арқасында түкке тұрғысыз көптеген роман жазып жүріп, үлкен көлемдегі сөздерді игеріп барып, ол шын суреткерге айналғанын байқаймыз. Бұл шынымен жанкешті жазушының жолы. Өмір бойы жетіспеушілікте жүріп, сот орындаушыларынан қашып жүріп Бальзак әдебиетте төңкеріс жасады. Ал біз жазушылардың әлеуметтік жағдайы төмен екеніне налып жүрміз. Оның ішінде өзім де бармын.

Мұндай шығармаларды оқу мен үшін кейде ауыр тиеді. Жазғым келмей қалады. Өйткені Цвейгтің, Бальзактың деңгейіне жету үшін мені ұзақ ұзақ түндер мен бірнеше жылдар күтіп тұрғанын ойлаймын да, күрсінемін. «Бальзак» романына ең биік өлшеммен қараймыз ғой, әрі ол сол үдеден шығады.

Одан кейін Гүзел Яхинаның «Зүлейханың оянуы» деген романын оқып шықтым. Алайда оған ең биік әдеби өлшеммен қарай алмадым. Дегенмен автордың материалды игеруін, үлкен ізденісін байқамау мүмкін емес. Қайткенмен де, тарихи роман жазу өте қиын. Сол заманның сыртқы және ішкі әлемін толық меңгеру керек. Роман Татарстанның Юлбаш деген ауылында елеусіз ғана тіршілік кешіп жүрген Зүлейха есімді келіншектің Сібірге айдалуы жайлы. Жалпы сол заман туралы шығармалар көп қой, бірақ автор сол уақытты қазіргі күннің көзқарасымен, яғни әйел теңдігі, адам құқықтары тұрғысынан ашуға тырысқан. Әрі, қанағаттанарлық. Бірақ маған көркемдігі кемшін секілді көрінді. Кей тұста автордың орынсыз, менмұндалаған комментарийлері оқуға кедергі келтіреді. Профессор Лейбенің есінен алжасуын картиналы түрде беруге тырысқаны (жұмыртқаны көріп, соның ішінде өмір сүргені) онша сендірген жоқ, тек автордың тырысқаны байқалады. Жалпы, профессордың өткен өміріне шегіністері іш пыстырарлық. Мұртаза, Игнатов, Мұртазаның анасының образдары анық та, Иконников, Горелов, Изабелла секілді кейіпкерлердің образдары толық ашылмаған, бұлдыр.

Басты кейіпкер Зүлейханың күйеуін өлтірген Игнатовпен кейін көңіл жарастыруы нанымды болғанымен, жағымсыз. Ол Игнатовпен көңіл қосу арқылы коммунистер істеген былықтарды «заңдастырғандай» әсер қалдырады. Әрине, бұл туралы ұзақ дауласуға болады. Өйткені Зүлейхада «Стокгольм синдромы» болуы мүмкін, яки жай ғана әлсіздік немесе шын махаббат та болуы мүмкін. Қай қырынан болсын талдауға, таласуға болады және сонысымен де қызық. Аудармасы да жаман емес. Осы кітапты оқуға ұсынар едім. Отарсыздану мақсатында бұл кітап елімізде кеңінен оқылып, талқылануы тиіс деп санаймын. Коммунистердің жазықсыз, бейуаз, қарапайым халықты қалай қырғанын ұмытпауымыз керек.

Бұл екеуінен бөлек бірнеше ғылыми еңбектерді, бірнеше әңгімелер оқыдым. Солардың есте қалғаны Бақытгүл Сәрмекованың «Қызыл кірпіш», «Дүкеннің артындағы төрт күн», Есбол Нұрахметтің «Ли қытайдың Бәй ханымы», Жәудір Нартайдың «Той көйлек» деген әңгімелері. Үш автордың да әңгімелері кәсіби жазылған. Пафостан ада. Сендіреді. Образдары да, бояуы да анық. Жақсы пікір білдірдім. Дегенмен бұл әңгімелерге де ең биік өлшемдермен қарай алмаймын. Үш автор да жастар арасында қысқа әңгіменің шеберлері ғой, дегенмен де, Чеховтың, Акутагаваның өлшемімен қарай алмаймын. Біз, бәлкім, күндердің күнінде сол деңгейге жететін шығармыз деп үміттенемін. Бақытгүл Сәрмекованың «Қарагер тайы», Жәудір Нартайдың «Ұлжаны», Бақытбек Қадырдың «Әйнек қабырғасы», Есбол Нұрахметтің «Некесі» маған кейде естелік эссе секілді көрінеді. Ішкі қуаты әлсіздеу секілді.

Ай сайын бір жақсы әңгіме жарияланбаған соң, кәсіби авторлар жиі жазбаған соң, жазса да, газет-журналға бермеген соң, әуесқой авторлар қаптап кетті. Оны өзім Дактиль журналына жетекшілік етіп отырған соң, бірді-екілі әдеби конкурсқа қазылық етіп отырған соң, білемін. Сондайда кілең қарабайыр, сендірмейтін, логикалық байланысы жоқ, образы да, идеясы да көмескі шығармаларды оқи беріп, арасынан ортаңқол бір дүниені көріп қалсаң, керемет сияқты сезіледі. Біздің әдебиеттің қазіргі күйі өкінішке қарай сондай ма деп қорқамын. Оның бір айқын дәлелі – соңғы аптада әлеуметтік желіні шулатқан «Шайтанның торы» деген әңгіме. Бұл, бәлкім, автордың ең сәтті шығармасы емес шығар, бірақ нашар дүниелердің қатарына кіреді, менің есебімде. Кәдімгі арзанқол сериалдардың сюжеті, финалын Чак Паланиктің «бойцовский клуб» дегеніне ұқсатып «мұңдас еркектер ұйымы» деуі күлкілі. Ал ол шығарманы ұсынған, әрі оның идеясын қолдап пост жазған Дәурен Қуат ағамызды түсінбедік. Қарсы пікір айтқан адамды «жазушысымақ, мырың» деп кекетуі тіптен қате. Аталмыш әңгіменің идеясын қолдап отырғандар мен қарсы шыққан топты екі түрлі көзқарастың аясында қарастыруға болады. Консерватор оңшылдар мен либерал солшылдар. Бірақ біздің консерваторларымыз өздерінің ультра боп бара жатқанын, тіптен либералдарды жеңу үшін қатыгездікті де ақтап алуға дайын екенін аңғармайтын сияқты. Ары қарай, мәселенің бәрі әңгімеде емес негізі. Көзқарастардың қақтығысында. Осы қарапайым ғана нәрседен біз мынаны анық түсінуіміз керек: еркектің айтқанын тыңдаса ғана әйелді адам ретінде көретін қауым бар және олардың сондай әділетсіздігіне ашынған, «үнемі құрбанды кінәлайтын» қоғамның бір бөлігіне ашулы қауым бар. Демократия болуы керек деп жиі айтқанымызбен, оның принциптерін өзіміз онша түсінбейтін сияқтымыз. Тіпті зиялы қауым өкілдері де. Жылына жүздеген әйел еркектің қолынан қаза табатын, педофилдері мен зорлықшылары көп біздің елге не керек екенін бәріміз жақсы түсінуіміз керек. Мәселе, тіптен феминизмда емес. Мәселе әділетсіздікте, құрметсіздікте, қатыгездікте... Түбінде мәдениетсіздік пен надандықта.

Дайындаған – Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ