2023 жылғы гранттар тізімі жарияланды
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023 жылға арналған мемлекеттік гранттарды тағайындау қорытындысын жариялады.
Биылғы білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға 94 000 өтініш берілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 000-ға артық. Құжаттар 13-20 шілде аралығында қабылданды.
2023-2024 оқу жылының білім гранты иегерлерінің толық тізімімен мына жерден танысуға болады.
Бірнеше жыл қатарынан үміткерлердің қалауы ең танымал оқу бағыттарына қатысты өзгеріссіз қалды. Осылайша, өтініштердің басым бөлігі «Машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы», «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және «Жаратылыстану, математика және статистика» сияқты салалар бойынша түскен.
Бір гранттық орын үшін ең үлкен бәсеке болашақ стоматологтар, дипломаттар, заңгерлер, мұғалімдер мен психологтар арасында болды.
Үміткерлердің арасында ұпай тең болған жағдайда басым құқығы бар 20 мыңнан астам талапкер, атап айтқанда, «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу озаттары бар. Сонымен қатар, гранттарды бөлу кезінде халықтың әлеуметтік осал санатындағы балаларға арналған квоталар ескеріледі.
Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі.
Еске салайық, биыл жоғары оқу орындарында оқуға 88 мың грант бөлінген.