Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:59, 16 Ақпан 2024

2024-2029. Бесжылдықтардың орындалмай қалғаны жоқ

Қазақстан
Фото: из открытых источников

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жуырда Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын әзірледі. Ашық НҚА порталына жүктелген жоспар туралы бірер сөз.

Жоспар бойынша Қазақстан алдағы бес жылда негізгі капиталға құйылатын инвестициялар көлемін төрт есеге ұлғайтпақ. Отандық шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі осы уақытқа дейін 37 пайыздың айналасында болса, енді бес жылда бұл көрсеткіш 55 пайызға жетуі керек. Пайдалы қазбаларды игеру мен оларды өндіру 40 пайызға ұлғаймақ. Транзиттік тасымал көлемін 26 млн тоннадан 34 млн тоннаға жеткізу мақсаты тұр. Бұдан бөлек жоспарға сәйкес 2029 жылға қарай экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны 6-7 пайыз деңгейінде болса, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің көлемі 1,8 есеге артпақ. Медиандық жалақыны 2,4 есеге ұлғайту да жоспарда бар.

Жалпы, бұл құжат бойынша сөйлесек, ендігі бес жылдан кейін «айымыз оңынан туып», мамыражай тірлік кеше бастайтын тәріздіміз. Осылай тәтті қиялдың жетегіне еріп, құрылған жоспарға сеніп қалғымыз-ақ келген. Бірақ құжатқа қатысты сала мамандарының қынжылысы бізді ойлантпай қоймады.

Ұлттық даму жоспарымен танысып шыққан экономист Айдархан Құсайыновтың байқағаны – Ұлттық даму жоспарында халықтың әл-ауқатына қатысты ешқандай нысаналы индикатор (меже) жоқ. Жоспарда «халықтың табысы мен табысының өсім қарқыны», «табыстар бойынша теңсіздік», «ЖІӨ-дегі жалақы үлесі» немесе басқа да халықтың әл-ауқаты мен қоғамдағы әділдікке тікелей қатысты нақты ештеңе көрсетілмеген.

«Тек «медиандық жалақы» деген сөз бар, бірақ халықтың 30 пайыздайы жалдамалы жұмысшы екенін ескерсек, бұл ешқандай да индикатор емес. Халықтың әл-ауқаты дегенді ұмытқан екен. Жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 1,8 есеге өсуі және медиандық жалақының ұлғаюы деген жеріндегі екі көрсеткіштің де халықтың әл-ауқатына қатысы жоқ. Жоспардың ең басты мақсаты деп ЖІӨ-ні 450 млрд АҚШ долларына дейін жеткізіп, екі есеге арттыруды атапты. Осымен-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық валютамыз теңгеге түкіргендей қылыпты», – дейді маман.

Әріптесінің бұл пікірін экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов те қоштады. Оның ойынша, жоспарда қарапайым халықтың жағдайын күйттейтін нақты меже шынымен де көрсетілмеген. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру, кәсіпкерлікті қорғау, болжамды және тартымды экономикалық саясат қалыптастыру, өмірдің жоғары сапасымен қамту, тағы толып жатқан «қамтулар мен қалыптастырулар» жоспарда бар. Алайда әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың жағдайы, халықты кедейшілік қамытынан алып шығу туралы жоспарлауға келгенде әдеттегідей нақтылық жоқ.

«Кеше ғана Бірінші несие бюросы кедейлік деңгейіне қатысты соңғы мәліметтерді жариялады. Оған сүйенсек, біз кедейлер саны бойынша ұзақмерзімді рекордты жаңарттық. 2023 жылы елдегі кедейлердің саны 1,1 миллион адамнан асқан. Бұл – 2011 жылдан бергі 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық жоспарда жаттанды сөздер көп. Қазір ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Ал кедей-кепшікке төленетін ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың теңге. Инфляциялық деңгеймен салыстырсақ, төменгі жалақы 85 мың теңге де, ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың теңге де адам баласына бір айға жетпейтін сома. Біз төменгі жалақыны қазірдің өзінде 120 мың теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейін 85 мың теңге болуы керек деген ұсыныстар айттық. Бұл ескерілмеді. Ұлттық жоспар бойынша 2029 жылы медианды (орташа) жалақыны 2,4 есеге өсіру жоспарланыпты. Демек, төменгі жалақы алатындардың да, ең төменгі күнкөріс деңгейінде күнелтетіндердің де таяу бесжылдықта бүйірі шықпайды. Халықты байытқысы келсе, жоспарда бірінші осы мәселелер ескерілуі керек», – дейді Жұмаділда Баяхметов.

Маман ұлттық жоспардағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындарға берілетін бензин мен газға қатысты жеңілдіктер идеясы да көңілге қонымсыз дейді. Бұл сараңның тауыққа там-тұмдап жем шашқанына көбірек ұқсайды. Мұның орнына үкімет АӘК алатындарды жеткілікті деңгейде баспанамен, арзан көліктер алумен қамту жағын ескерсе оңды еді.

«Кедей-кепшіктің баспанасы, көлігі жоқ болса, оларға бензинге, көгілдір отынға қатысты жеңілдік бергеннен не пайда?! Әркімге бір жалданып жұмыс істейтін, ең төменгі жалақымен күнелтетін адам көгілдір отын тұтынатын, ыстық суы бар, барлық жағдайы жасалған пәтерді жалға алмасы анық. Көлік дегенді онсыз да міне алмайды. Адамдардың өмірін жақсартуға нақты индикатор болуы тиіс. Мысалы, жылына 200 мың жағдайы төмен адамды баспанамен қамтимыз деген мақсаттар қойылса, жұмыспен қамту, қолынан іс келетін қарапайым отбасыларға шеберхана ашып беру, олардың қолына жеңілдікпен мал беру деген жоспарлар қойылуы тиіс. Ұлттық жоспарда пайдалы қазбаларды игеру, мұнай өндіру, мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын арттыруға көбірек басымдық берілген. Жалаң сөздер мен сөйлемдер көп» дейді маман.

Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов та Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына қатысты ойымен бөліскен. Ол құжатты әзірлеудегі нақты деректерді былай тізіп шығыпты. Құжаттағы дерек бойынша 2022 жылы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) мұнай құбырының үлесіне мұнай экспортының 94 пайызы тиесілі болған. 2023 жылы – 90 пайыз. 2029 жылға қарай бұл үлесті 80 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Соңғы екі жыл бойы онсыз да КҚК үлесіне экспорттың тура 80 пайызы тиесілі болып келген. Ал 2029 жылға қарай Теңізде және Қашағанда мұнай өндірудің ұлғаюына және жетілген кен орындарында өндірудің төмендеуіне байланысты, керісінше, 90 пайызға жетуге тиіс. Сондай-ақ Ұлттық жоспарға сәйкес, КҚК бойынша мұнай тасымалдауды тоқтатқан жағдайда Атырау-Самара және Қазақстан-Қытай мұнай құбырлары іске қосылуы мүмкін. Сарапшы қазірдің өзінде бұл маршрутта Ресейдің жұмыс істеп отырғанын жазады. Бұдан бөлек құжатта «Еуразия» жобасын іске асыру үшін инвестициялар тарту жоспарланған. Алайда сарапшы үш жыл бұрын «ҚазМұнайГаз» экономикалық тиімсіздігіне байланысты бұл жобадан бас тартқанына тоқталған.

Жалпы, мамандардың пікірінен түйгеніміз, қандай да бір жоспар, жоба, бағдарлама, ұлттық деңгейдегі жоспар даярланғанда қарапайым халықтың, кедей отбасылардың шеңберді бұзып шығуына ықпал ететін реформалар енгізілуі қажет. Кедейлік атаулы әлеуметтік көмек түрінде ақша таратумен және ұлттық қордан балаларға арналған шот ашу туралы уәдемен ғана шешілмейді. Бұған қатысты халықпен диалог орнататын үкімет керек. Ал бізде керісінше, басшылар халықпен сөйлеспейді, түрлі қағаз, есептер көрсетіп, сытылып кетуге тырысады.

Шынтуайтында, елде халықтың тұрмыс-тіршілігін дамытамыз, жаңғыртамыз, модернизациялаймыз, цифрландырамыз, абаттандырамыз дейсіз бе, толып жатқан реформалар өте көп. Тіпті Асқар Мамин үкіметті басқарған жылдары тиімді реформалар легін қалыптастыру мақсатында Жоғары реформалар кеңесін де құрғанбыз.

Мысалы, қазір цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «елді цифрландырамын, сиқырландырамын» деп, уәдені төгіп-ақ жүр. Тіпті ол өз реформаларын шектен тыс мақтап жіберетіндіктен «мақтаншақ Мусин» де атанды. Ал медиандық табыс, халықтың өмір сапасын жақсарту туралы реформаларды кезінде Тамара Дүйсеновадан қабылдап алған қазіргі еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова нақ осы Ұлттық жоспарды талқылағанда, елдегі кедей-кепшіктің жағдайын ашып айтып жүрген мамандардың пікірін талқыға салуға асықпайды. Кеше ғана Ұлттық экономика министрі болып тағайындалған Нұрлан Байбазаров та жаңа экономикалық саясатты ұстанатынын нықтады. Ауыл шаруашылығы министрлігі «реформа ауылға жетуі керек» дейді де, оны ауылдағы ағайынға жеткізе алмай, орта жолда қалдырады. Айналып келгенде, біздегі реформаларды халық түсінбейді. Қазір тіпті қоғамда «үкіметке реформа ұсыну бюджеттен ақша сындыру» деген пікірлер де бар.

«Қазақстан-2030» дейтін ұлы жоспар есіңізде ме? Совет одағы кезіндегі бес жылдық жоспарларды да ұмыта қоймаған боларсыз? Соның орындалмай қалғаны болып па еді? КСРО бәрін артығымен орындайтын, 1997 жылы қабылданған біз – 2030-ға 2020-ға жетпей, бірінші президент кетпей тұрып жетіп алғанбыз! Енді 2029-ды асыға күтеміз. Бәрі тамаша!

Қарлығаш Зарыққанқызы