2024 жылдан бастап балалар төлқұжаты екі есе арзандайды
2024 жылдан бастап елімізде төлқұжат пен саусақ ізі бойынша бірнеше өзгерістер болады. Бірінші кезекте балалар паспорты арзандаса, төлқұжат алар алдында азаматтар саусақ ізін тапсырады.
Қазақстан азаматының төлқұжаты – ел аумағында және шетелде азаматтың жеке басын куәландыратын және азаматтығын растайтын құжат. Төлқұжат қазақстандықтарға жасына қарамастан олардың қалауы бойынша беріледі. Төлқұжаттың жарамдылық мерзімі – 10 жыл.
Төлқұжат алу үшін қандай құжаттар керек
Қазақстандықтар төлқұжат жасату үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Өзімен бірге мынадай құжаттарды апарады: жеке куәлік; егер балаға паспорт жасатса, туу туралы куәлік (құжат рәсімдегенде баланың өзі де қатысуға міндетті); төлқұжат үшін мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртек.
Төлқұжат алу бағасы
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде балалар паспорты екі есе арзандайды. Енді 16 жасқа дейінгі балаларға 24 беттік паспорт жасату үшін мемлекеттік баж 4 АЕК (2023 жылы 13 800 теңге) болады. Ересектер 36 беттен тұратын стандартты паспорт үшін 8 АЕК (27 600 теңге) төлейді. Ал 48 беттік төлқұжат үшін мемлекеттік баж мөлшері – 12 АЕК (41 400 теңге).
Кімдер паспортты тегін алады
Қазақстан заңнамасы бойынша мына санаттағы азаматтар төлқұжат рәсімдеу кезінде мемлекеттік баж төлеуден босатылған: Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері; үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, "Алтын Қыран", "Отан" ордендерімен наградталған, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар; "Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар; ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі;қ арттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын қарттар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар; Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.Осы тізімге кіретін қазақстандықтар баж төлеуден босатылғанын растайтын құжатты көрсетуге тиіс.
Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Алайда шұғыл жағдайларда қосымша ақы төлеу арқылы жеделдетілген қызметті ала алады. Ішкі істер министрлігі жеке басты куәландыратын құжаттарды жеделдетілген тәртіппен алу қызметінің құнын төмендетуді жоспарлап отыр.