2024 жылы қандастар үшін қанша квота бөлінеді
Биыл елімізде қандастарды қабылдау үшін 2433 квота, солтүстік облыстарға қоныс аударатындар үшін 7050 квота бөлінбек. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы қандастарға квота былай бөлінеді:
- Павлодар облысы 902 адам;
- Қостанай облысы 550 адам;
- Ақмола облысы 285 адам;
- ШҚО 269 адам;
- СҚО 207 адам;
- Абай облысы 220 адам.
Ал қоныс аударатындарға бөлінетін квота:
- СҚО 2 702 адам;
- Павлодар облысы 2 603 адам;
- Қостанай облысы 950 адам;
- ШҚО 372 адам;
- Абай облысы 255 адам;
- Ұлытау облысы 132 адам;
- Қарағанды облысы 36 адам.
Мемлекет қандастар мен солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 мың теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек билік оларды қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа тұрғызуы, жеңілдікпен баспана алуға көмектесуі тиіс.
Ал қоныс аударғандар мен қандастарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1,4 млн теңге) субсидия беріледі.
Ресми дерек бойынша, 1991 жылдан 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда шетелден 1 млн 128 мың қазақ оралған.
Қазақстанда 2017 жылдан бері оңтүстіктен солтүстікке көш бағдарламасы жұмыс істеп, мыңдаған адам қоныс аударған. Билік осы арқылы қазақтар аз тұратын солтүстіктегі облыстарға оңтүстіктен халықтарды көшіруді көздейді.