2024 жылы Қазақстанда зейнетақы мөлшері қалай өседі
2024 жылы зейнетақының қандай түрлерін және қаншаға арттыру жоспарланған, бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді
Ресми сауалына берген жауабында, жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдері жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген мөлшерде көтерілетіні айтылған. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызға өседі.
"Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2024 жылға арналған инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізде көзделетінін ескере отырып, "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат олардың мөлшерінің 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға өсуін ескере отырып көзделеді.
Бұдан басқа, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 60 пайыздан 65 пайызға дейін, ал ең жоғары мөлшері – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан 105 пайызға дейін артады", - деп толықтырды Еңбек министрлігі.
Бюджет туралы заң жобасында 2024 жылы ең төменгі зейнетақы 57 853 теңге, ал базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге болатыны айтылған. Жасы бойынша зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері 2024 жылы 152 295 теңгеге жетеді.