2024 жылы жалпыға бірдей декларацияны тапсыруда қандай өзгерістер енгізіледі

2024 жылдың 1 қаңтарынан жалпыға бірден декларациялаудың үшінші кезеңі басталмақ, деп жазады Zhasalash.kz.
Декларация тапсыруға ендігі кезекте жеке кәсіпкерлер пен ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) иелері, компания басшылары мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеледі.
Қазақстанда жалпыға бірдей декларацияның екі түрі бар. Алғашқысы – 250.00 нұсқасы. Мұны бір рет қана тапсырады. Одан кейінгі жылдары 270.00 нұсқасын тапсыруы керек. Мұны "Азаматтың мүлкі мен табысы туралы” декларация деп атайды.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларациялаудың үшінші кезеңінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 нұсқа) алғаш рет заңды тұлғалардың құрылтайшылары (ЖК, ЖШС, АҚ және т.б.), жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсырады.
Сонымен қатар бұған дейін декларация тапсырған азаматтар енді жыл сайын 270.00 нұсқа бойынша табысы мен мүлкін көрсетеді. Айта кетері, азаматтардың шетелде мүлкі болмаса да, декларация тапсыруға міндетті, тек құжатта шетелде мүлкі жоқ екенін көрсетеді.
Декларация тапсырушы қандай ақпаратты көрсету керек?
1) Шетелдегі мүліктер:
- Өзге елдің құзырлы органында тіркелген жылжымайтын мүлік, жер телімдері, жер үлестері, ұшақ пен қайық-кемелерді;
- Өзге елдің құзырлы органында тіркелген транспорт, арнайы техника мен тіркемелерді;
- Қазақстан аумағынан тыс жерде ашылған заңды тұлғаның капиталындағы үлесі;
- Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан шетелдік банк шотындағы жалпы сомасы 1000 АЕК-тен асатын қаржы;
2) Қазақстан аумағы мен шетелдегі мүлік:
- Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуы туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес;
- Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
- Бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, цифрлық активтер;
- Инвестициялық алтын;
- Зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері;
- Жалпы сомасы 10 000 АЕК-тен асатын (2024 жыл үшін 36 920 000 теңге) қолма-қол ақша;
- Жалпы құны 1000 (2024 жыл үшін 3 692 000 теңге) АЕК-тен асатын өзге де мүліктер.
Декларацияны уақытылы тапсырмаса не болады?
Азамат бір жыл ішінде екінші рет заң бұзса, онда 15 АЕК (2024 жыл үшін 15*3 692= 55 380 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек жеке тұлға салық төлеу қажет нысандарды декларацияда көрсетпесе, онда төленбеген салықтың 200% көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Егер бұл тағы да қайталанса, айыппұл көлемі 300% болады.