2024 жылы елімізде құжат алу бағасы қаншаға өседі?
Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасының халқына құжат беру және тіркеу мәселелері бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы азаматына көлемі 24 беттік (16 жасқа дейінгі балалар үшін) паспорт бергені үшін мемлекеттік баж 4 АЕК, 48 бет (ересектер үшін) – 12 АЕК болады.
Қазақстан Республикасы азаматының бір жыл ішінде жеке куәлігін екі реттен көп жоғалтса 1 АЕК төлейді.
Қазақстан Республикасы азаматы паспорт (36 бет) үшін мемлекеттік баж салығы өзгеріссіз қалады – 8 АЕК (27 600 теңге – 2023 ж.);
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін беру үшін алынатын мемлекеттік баж салығы да өзгеріссіз қалады –0,2 АЕК (2023 жылы 690 теңге).
Төлем «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі, екінші деңгейлі банктер арқылы немесе QR код пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
Кімдер мемлекеттік бажды төлеуден босатылады:
Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері;
— үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, «Алтын Қыран», «Отан» ордендерімен наградталған, «Халық қаһарманы», "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар;
— «Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
— Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
— 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
— мүмкіндігі шектеулі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүмкіндігі шектеулі болған адамның, мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасының бірі;
— қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар, балалар үйлерінде және (немесе) интернаттарда тұратын, мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.
Жеке басты куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде ресімделген Қазақстан Республикасы азаматының паспорттарын қоспағанда) алуға өтінім берілген күннен бастап 15 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде беріледі.
Жеке тұлғаның қалауы бойынша жеке басты куәландыратын құжаттар ресімдеген күннен бастап:
1) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – 1 жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында – 3 жұмыс күніне дейін;
2) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында –3 жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында 5 жұмыс күніне дейін,
3) облыстардың аудандарында және қалаларында – 7 жұмыс күніне дейін жеделдетілген тәртіппен беріледі.
Бұйрық 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.