2025 жылғы Букер сыйлығының иегері белгілі болды
Канадада туған, венгр және британ азаматтығына ие жазушы Дэвид Салей 2025 жылғы Букер сыйлығын иеленді.
Ол бұл марапатқа «Болмыс («Flesh») атты романы арқылы лайық деп танылды. Шығармада адамдық қадір-қасиет, әлеуметтік теңсіздік және билік табиғаты тақырыптары талданады.
Лондондағы марапаттау рәсімі
11 қараша күні Лондонда өткен салтанатты жиында қазылар алқасының төрағасы, ирландиялық драматург Родди Дойл жеңімпаздың есімін жария етті. Бұл Салейдің шығармашылық жолындағы алтыншы романы.
52 жастағы жазушының «Болмыс» романы — Венгрияның жұмысшы табынан шыққан Иштван есімді жас жігіттің тағдыры жайлы. Әскери қызметін аяқтаған соң ол Лондонға қоныс аударып, бай адамдардың қызметшісі ретінде еңбек ете бастайды.
Салейдің айтуынша, роман — «қазіргі Еуропа мен оны сипаттайтын мәдени және экономикалық айырмашылықтар» жайлы. Ол қоғамдағы әлеуметтік жіктелу мен миграция құбылыстарын көркем тұрғыда бейнелейді.
Шорт-листке енгендер
Букердің шорт-листіне Салеймен бірге тағы бес автор болған:
- америкалық жазушылар Бенжамин Марковитс (The Rest of Our Lives), Сюзан Чой (Flashlight) және Кэти Китамура (Audition);
- британ жазушысы Эндрю Миллер (The Land in Winter);
- үнді қаламгері Киран Десаи (The Loneliness of Sonia and Sunny).
Дэвид Салей 2016 жылы да «All That Man Is» романы арқылы Букер сыйлығына үміткер болған еді.
Бұл беделді әдеби марапат 1969 жылдан бері табысталып келеді. 2014 жылдан бастап Букерге Британияда жарық көрген кез келген ағылшын тіліндегі роман қатыса алады.
Сыйлықтың ақшалай мөлшері — 50 мың фунт стерлинг (шамамен 35 млн теңге).
Алдыңғы жылдың жеңімпазы
2024 жылы Букер сыйлығын британ жазушысы Саманта Харви «Орбитада» атты романы үшін алған болатын. Онда Халықаралық ғарыш станциясындағы алты астронавттың бір күні суреттеледі.