2025 жылғы медицина саласындағы Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

АҚШ және Жапония ғалымдары иммундық жүйенің жаңа тетігін ашқаны үшін марапатталды.
2025 жылғы физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы америкалық ғалымдар Мэри Брункоу, Фред Рамсделл және жапон зерттеушісі Шимон Сакагучиге берілді. Олар «перифериялық иммунологиялық толеранттылық механизмін ашқаны үшін» марапатқа лайық деп танылды.
Иммундық жүйенің «қорғаныс тетігі» ашылды
Нобель комитетінің ресми хабарламасында айтылғандай, ғалымдар иммундық жүйедегі ерекше жасушаларды — реттеуші Т-жасушаларды (regulatory T-cells) анықтаған. Бұл жасушалар ағзаның өз жасушаларына шабуыл жасауына жол бермейді және иммундық тепе-теңдікті сақтауға жауап береді.
Аталған жаңалық перифериялық иммунологиялық толеранттылықты зерттеуге жол ашып, обыр (рак) және аутоиммундық ауруларды емдеудің жаңа тәсілдерін дамытуға негіз болды.
«Бұл жаңалық медицинада иммундық жүйені басқарудың жаңа дәуірін бастады. Қазіргі таңда ғалымдардың еңбегіне сүйенген кейбір емдеу әдістері клиникалық сынақ кезеңінен өтіп жатыр», – делінген Нобель комитетінің баспасөз хабарламасында.
Ғалымдардың еңбегінің маңызы
Мэри Брункоу мен Фред Рамсделл (АҚШ) алғаш рет иммундық жауапты реттейтін ерекше Т-жасушаларды бөліп шығарып, олардың ағзадағы өзін-өзі қорғау жүйесінде шешуші рөл атқаратынын дәлелдеді. Жапон ғалымы Шимон Сакагучи бұл жасушалардың құрылымын және қызметін терең зерттеп, аутоиммундық аурулардың даму себептерін түсінуге мүмкіндік берді.
Айта кетсек, 2024 жылы физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы америкалық ғалымдар Виктор Амброс пен Гэри Равканға берілген болатын. Олар микроРНҚ-ны ашып, оның ген экспрессиясын реттеудегі маңызды рөлін дәлелдеген.