Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:41

2025 жылы Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиғалар

Перизат, Нығматулин, Яна
Фото: Жас Алаш коллаж

2025 жыл қоғамды есеңгіреткен қылмыстар, жас өмірлердің қыршыннан қиылуы, миллиардтаған қаржыға қатысты алаяқтық пен жемқорлық істермен есте қалды.

 Шерзат Полат пен Зере Есентайдың қазасына байланысты сот процесі, Айзат Жұманова мен Яна Легкодимованың азапты өлімі, атышулы сот процестері мен резонансты айыптаулар – биылғы қоғамдық сананы дүр сілкіндірген ең ауыр әрі қайғылы оқиғалар болды. 

Шерзат
Фото: ашық дереккөз

16 жасар Шерзат Полаттың өлімі

Қоғамда кең резонанс тудырған Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі биыл 10 сәуірде басталып, бірнеше аптаға созылды. Іс ашық форматта өтіп, сот отырыстарын журналистермен қатар қарапайым азаматтар да онлайн бақылап отырды. Нәтижесінде айыпталушылар 1 жыл 6 айдан 23 жылға дейін қамалды.

Арғын, Нұрлан, Ерлан Нығматулиндер
Фото: ашық дереккөз

Нығматулиндердің жыры

2025 жылы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірқатар резонансты істер тіркелді. Негізгі назар экс-Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жақындарына ауды. Наурызда оның інісі Арғын Нығматулин бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен іздеуге жарияланып, елден кеткені хабарланды. Сәуірде ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты іс қозғалды, кейін ол күдікті емес екені айтылды, алайда рейдерлікке қатысты шағымдар қаралып жатыр.

Перизат Қайрат
Перизат Қайрат. Фото: ашық дереккөз

3,5 млрд теңгені жымқырған Перизат Қайрат

2025 жылы қоғамды дүр сілкіндірген резонансты істердің бірі – Перизат Қайратқа қатысты сот процесі болды. Тергеу дерегінше, жиналған қаражат Астана мен Алматыдан пәтерлер алуға, қымбат көліктер мен брендтік бұйымдарға, жеке шығындар мен шетелдік демалыстарға жұмсалған. Сот Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал анасы 7 жылға сотталды.

Айзат Жұманова
Фото: ашық дереккөз

Айзат Жұманованың азапты өлімі

Маусым айында Баласаз ауылында ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген келіншек көп ұзамай көз жұмды. Алғашында іс абайсызда адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақаты ретінде тіркелген. Алайда марқұмның туыстары мен қоғам талабынан кейін қайта сараптама жүргізіліп, іс қасақана кісі өлтіру ретінде қайта бағаланды. Тергеу нұсқасына сәйкес, күйеуі Айбар Жанболат қызғаныштан әйеліне ауыр соққы жасаған. Сот процесі әлі жалғасып жатыр.

1
Фото: ашық дереккөз

Баласының ауруын сылтау еткен Тотақановтар

2025 жылы қоғамда үлкен резонанс тудырған істердің бірі – блогерлер Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты қылмыстық процесс. Тергеу дерегінше, ерлі-зайыпты ұлының еміне деп халықтан 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат жинап, оны жеке шоттарына аударып, өз мақсаттарына жұмсаған деген күдікке ілінген. Оларға аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру баптары бойынша айып тағылды. Үкім әлі шыққан жоқ.

 Әлмира Нұрлыбекова
Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекова

Бишімбаевтың анасы туысын сотқа берді

2025 жылдың күзінде Астанада бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова мен оның туысы Бекзат Кемелова арасындағы сот ісі қоғам назарын аударды. Іс мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр, Нұрлыбекова жәбірленуші ретінде танылған. Тергеу дерегінше, Альмира Нұрлыбекова туысына 990 мың долларды (шамамен 453 млн теңге) қолма-қол берген, алайда кейін бұл қаражаттың қайда кеткені белгісіз болған. Сот процесі жалғасып жатыр, түпкілікті шешім әлі шыққан жоқ.

 Хасан Қасымбаев
Фото: ашық дереккөз

«Хуторлық» Хасан Қасымбаевтың түрмеге қамалуы

Хасан Қасымбаев 2024 жылғы 2 қарашада адам ұрлау, қорқытып ақша алу және қасақана ауыр дене жарақатын келтіру күдігімен ұсталған. Сот процесі 2025 жылғы 20 тамызда Талғар аудандық сотында басталып, ашық форматта өтті. Қасымбаевпен бірге бес айыпталушы жауапқа тартылды. 2025 жылғы 11 қарашада сот Хасан Қасымбаевты 12 жылға, басқа сотталушыларды 8-22 жыл аралығында бас бостандығынан айыруға кесті.

1
Фото: скриншот

 

Тіс емдету кезінде көз жұмған үш жасар Зере ісі

Астанада 2024 жылғы 30 қазанда стоматологиялық клиникада тісін емдету кезінде 3 жастаға Зере Есентай көз жұмды.  Тергеу деректеріне сәйкес, балаға жалпы анестезия қолданылған, алайда процедурадан кейін ол есін жимай, қайтыс болған. Аталған дерек бойынша «Dent Park Ortho» клиникасының анестезиологы Аида Жұмағалиеваға Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі (медициналық міндеттерді тиісінше орындамау, абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша айып тағылған. 22 желтоқсанда оған қатысты сот үкімі шықты. 

Сот Аида Жұмағалиева есімді анестезиологты баланың өліміне кінәлі деп таныды. 2021 жылы туған кішкентай пациентке «Севоран» препаратымен 4,5 сағаттық наркоз жасалып, 18 тісі бір мезетте емделген. Алайда наркоздан ояну кезінде баланың жүрегі тоқтап, жасалған реанимациялық шаралар нәтиже бермеген.

Соған қарамастан, дәрігер амнистияға ілініп, бас бостандығынан айырылмайтын болды. Үкімді судья Қажымұқан Мекемтас жариялады.

Яна Легкодимова
Фото: ашық дереккөз

Яна Легкодимованың өлімі

Атырауда жоғалып кеткен 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты іс 2025 жылы ел көлемінде үлкен резонанс тудырды. Ол 2024 жылдың қазан айында танысы Ризуан Хайржановпен кездесуге шыққаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен.  Тергеу нұсқасына сәйкес, Хайржанов пен Алтынбек Катимов қылмысты алдын ала жоспарлап жасап, кейін денені өзенге тастаған. Сот 2025 жылдың 17 қарашасында екі айыпталушыны да өмір бойына бас бостандығынан айырды.