2026 жылдан бастап Қазақстанда жұқпалы аурулар қызметі мен жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы өседі
2026 жылдан бастап Қазақстанда жұқпалы аурулар қызметінде және жедел медициналық жәрдем саласында жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жалақысы ұлғаяды. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, келесі жылдан бастап аталған санаттағы медицина қызметкерлеріне еңбекақыны арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, медицина мамандарына қатысты зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтіледі.
«2026 жылдан бастап жұқпалы аурулар қызметі мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылған. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң қабылданды. Бұл заң сақтандыру моделіне толық көшуге, халықты қамтуды кеңейтуге және медициналық қызметтердің сапасына мемлекеттік бақылауды қалпына келтіруге мүмкіндік береді», - деді вице-министр.
Ресми деректерге сәйкес, әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде ел бойынша дәрігер тапшылығы 19 пайызға, орта медициналық қызметкерлер тапшылығы 27 пайызға, ал ауылдық жерлерде 16 пайызға қысқарған.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында бірқатар стратегиялық басымдықтар айқындалған. Атап айтқанда, 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтау жүйесін дамыту тұжырымдамасы және медициналық көмектің сапасын басқарудың кешенді жоспары әзірленген.
Вице-министрдің мәліметінше, қабылданған шаралар алғашқы нәтижелерін бере бастаған. Қазіргі болжам бойынша, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75,8 жасқа жетіп отыр. Жалпы өлім-жітім деңгейі 2,6 пайызға, ал нәрестелер өлімі 18 пайызға төмендеген.
Сондай-ақ Қазақстан Адам дамуы индексінде жеті сатыға жоғарылап, халықаралық рейтингтердегі орнын жақсартқан.