2026 жылы Қазақстанда салық режимдері қысқарды
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжатқа сәйкес, арнайы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқартылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
Жаңа кодекске сәйкес, елімізде келесі үш арнайы салық режимі қолданылады:
- Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим;
- Оңайлатылған декларация негізіндегі режим;
- Шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, оңайлатылған декларация негізіндегі режимді таңдаған кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық режимін таңдау туралы хабарлама тапсыруы тиіс. Хабарлама берілмеген жағдайда, кәсіпкер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу тәртібіне көшіріледі.
Ал 2025 жылы патент негізіндегі немесе арнайы мобильді қосымша арқылы қолданылатын СНР-ды пайдаланған жеке кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурыздан бастап автоматты түрде есептен шығарылады. Бұл жағдайда есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар деп есептеледі.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы режимді қолдану басталған күн ретінде «e-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні танылады.
Ал шаруа және фермер қожалықтары үшін арнайы салық режиміне көшу салық органдары арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады және хабарлама тапсыруды талап етпейді.