Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:56, 10 Мамыр 2023

2030 туралы арманның оралуы

None
None

Бүгінде біздің үкіметтің алдында ел үміттеніп, сеніп отырған бірнеше міндеттер тұр.

Соның бірі – 2030 жылы Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу. Президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес енді Смайылов үкіметі осы межеден шығуы керек.

Алайда қазірдің өзінде «алдағы жеті жылдың ішінде Ұлттық қорды бұлайша қоңды ету үкіметтің қолынан келмейді» деген күдік-күмән айтылып жатыр. Оның себебі де жоқ емес.

Қалай десек те үкімет пен Ұлттық банктің қордағы түсімді арттыруға қатысты жоспары жұмыр. Өз кезегінде бас банк «Ұлттық қор актив­те­рін басқару» жөніндегі 2030 жыл­ға дейінгі тұжырымдаманың жо­­­басын да жариялап тастады. Әйтсе де, өткен жылы Ұлттық қордың бұрын-соңды болмаған шығынға ұшырағанын есепке алсақ, жұмыр жоспардан үміт күту қиын.

 2022 жылы Ұлттық қор 1,4 трлн теңгесін жоғалтты. Мұны қызуқанды сарапшылар сол кездің өзінде «бұл – нағыз масқара, міне, рекордтық шығынның көкесі» деп те бағалады. Қазір қорымызда небәрі 58,4 млрд дол­лар бар. 100 млрд доллар түсімге қол жеткізу үшін үкімет алдағы жеті жылдың ішінде қор­дың активтерін 70 пайызға не­месе 42 миллиард долларға көбейтуі қа­жет. Әлемдегі геосаяси жағдайларды және мұнай бағасының 80 доллардан әрі көтеріле алмай тұрғанын есепке алсақ, расымен де «Ұлттық қорды таяу болашақта еселеу мүмкін бе» деген заңды сұрақ туындайды. Мұндайда 2008 жылдары мұнайдың баррелі 143-144 доллар болған қымбат ресурстар болған күннің өзінде Ұлттық қорды қоңды ете алмағанымыз еріксіз еске түседі.

Ұлттық қор және инвестиция

 Жалпы, Ұлттық қор активтерінің ең жоғары көтерілген тұсы – 2014 жыл. Осы жылы қордың түсімі 77,2 млрд долларға дейін көтерілді. Алайда бюджеттің, мемлекеттік бағдарламалардың, ұлттық жобалардың кем-кетігін толықтыру мақсатында алынатын кепілдендірілген және нысаналы трансферттер қордың одан әрі тынысы кеңіп, түсімі артуына мүмкіндік бермеді. Мысалы, республикалық бюджеттің жыртығын жамау үшін жыл сайын Ұлттық қордан кепілді трансферт түсіп отырады. 2020 жылы оның сомасы – 4,7 трлн теңге, 2021 жылы – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы – 4,03 трлн теңге болды. «Егер қорымызды толықтырғымыз келсе, келешекте Ұлттық қорды жұмсаудың тәсілдерін өзгерткен абзал» дейді экономист-ғалым Ілияс Исаев.

Экономист маманның байламынша, сауатты жүйелей алсақ Ұлттық қорды жеті жылдың ішінде 100 млрд долларға жеткізуге болады. Өкініштісі, біздің Ұлттық қорды басқарудағы ғылыми сауатымыз жеткіліксіз.

 Негізінде, кез келген елдің Ұлттық қоры ең бірінші кезекте дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына қаражат салу арқылы инвестициялық табыс табады. Мысалы, Қытайды айталық, бүгінде Қытай ұлттық әл-ауқат қорындағы қаражаттан 1 трлн долларды АҚШ-тың мемлекеттік қағаздарына салып қойған. Осыдан барып, қазір Америка Қытайды тырп еткізбейді. АҚШ тарапы Қытайға «сен менімен қырғи қабақ болсаң мен сен қаражат салған мемлекеттік бағалы қағаздарымды арзандатып жіберемін» деп те салқын қарай алады. Дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарының арзандауы өз кезегінде тұтас бір елдің әл-ауқат қорының түсіміне кері әсерін тигізері даусыз.

 Сол тәрізді Қазақстанның да Ұлттық қорының қаржысы АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Жапонияның және Германияның мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған. Бұл әлемде тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттер екенін ескерсек, бағалы қағаздарынан түсетін инвестициялық табыс та тұрақты болуы керек. Ал сонда біз неге осы уақытқа дейін Ұлттық қордың бағын аша алмадық?! Мұнайдан түсетін түсім бар, инвестициялық табыс бар, салықтан түсетін және тағы басқа түсімдер бар, осының барлығы неліктен қорымыздың бүйірін қампайта алмады?! Бұл сауалымызға жауап берген экономист-ғалым Ілияс Исаев:

«Ұлттық қорды кезінде талан-таражға түсірмегенімізде қорымыз әлдеқашан толығып, оның қызығын ел көріп отырар еді. Бізде Ұлттық қордың қаражаты жекеменшік банктерге берілді. Бұл үлкен қателік болды. Жекеменшік банктердің капиталын мемлекеттің есебінен көбейту тарихта болмаған. Бассыздық осы жерден басталды», – дейді.

Бұдан бөлек, жекелеген банктер түгілі, Ұлттық қордың қаражатын Ресейдің мемлекеттік бағалы қағаздарына салуға болмайды дейді экономист. «Бұл надандық болар еді. Себебі Ресей дамыған мемлекетке жатпайды». Алайда Ұлттық банк таратқан мәліметтерге сүйенсек, біздің Ұлттық Қор мен БЖЗҚ зейнетақы активтері Ресейдің борыштық бағалы қағаздарына (мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздар) инвестицияланған. Ұлттық банктің мәліметінше, 2022 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің 9,2 млрд теңгесі доллармен Ресей Федерациясының мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған. Бұл зейнетақы активтерінің шамамен – 0,07 пайызы. Зейнетақы қорынан бөлек Ұлттық қордың да қаражатына доллармен және еуромен РФ мемлекеттік бағалы қағаздары мен корпоративтік бағалы қағаздары сатып алынған. 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, шамамен 107,4 млн АҚШ долларына ресейлік бағалы қағаздар сатып алынды. Бұл Ұлттық қордағы валюталық активтер мөлшерінің 0,2 пайызы.

Ұлттық қор және шығын

Үкімет ұлттық ком­па­ния­лардың жұмысын жандандыру арқылы эконо­миканы өркендетуі керек еді. Алай­да осы уақытқа дейін олай істей алмады. Осыдан барып Ұлттық қор қаражаты пайда­сыз жобаларға жұмсалды. Қаржыгер Тоғжан Шаяхметова: «Нәтижесіз бағдарламалар мен жобаларға трансферттер бермегенімізде қазірдің өзінде қорда 100 млрд доллардан астам қаражат болу­шы еді», – дейді.

 Маман сөзінің жаны бар. Мәселен, біз тіпті кезінде ЭКСПО-ны ұйымдастыру үшін де қордан қаражат алдық. «Индустриалды-инновациялық жобаларды жасаймыз» деп те қорға қол салдық. «ҚазАгро» ұлттық холдингін, теміржолды, қазақстандық автоөн­діру­шілерді дамытуға да қордан қаражат бөлінді. Нәтижесінде «ҚазАгро» ұлттық холдингі шығыны өте көп, табыссыз компания болғандықтан, тарап тынды. Теміржолымыздың жағдайы белгілі, автоөндірісте де зулап алға шыға алмадық. Бұдан бөлек Түркістанды дамытуға, Ас­тана мен Алматыны қуатты өңірге айналдырып, қаржы орталықтары етуге де қыруар қаражат бөлінді. 2020 жылы іргені індет іреп, коронавирус есімізді шығарғанда да Ұлттық қорға телмірдік. Ең сорақысы, ұлттық холдинг ретінде қордан қаражат алып отырған «Самұрық-Қазына» компаниясына қарасты «СҚ Фармация» елді дерт жайлап жатқанда халықты керекті дәрі-дәрмекпен қамти алмады. Ал осы «Самұрық-Қазына» қаржылық есебінде 2019 жылы бүкіл қызметкерлеріне 204 миллиард теңге жұмсағанын көрсеткен. Бұл шамамен – 468 миллион доллар. Оның 7 миллиард теңгесі өте жоғары лауазымдағы бірнеше адамға төленген. Халық қырғын болып жатқан тұста ковидпен күреске деп арнайы Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың да есебіне жете алмай қалдық. Артынша, тіпті індетпен күресуге бөлінген ақшаны талан-таражға салған бірнеше жауапты тұлғалар істі болып, сотталды да. Тіпті біздегі шенеуніктердің тойынғандары сонша, оба кезінде той жасап, туған күн тойлап, от шашу шашқанды да көрдік.

Қазір біздікі тәрізді алпауыт жері, қойнауында байлығы жоқ алақандай ғана елдердің өзі тырмысып, дамып кетті. Мысалы, Нидерландыны алайық, экономикасы әлемдегі 18-ші орынды иеленеді. Елдің ЖІӨ өсімі – 4 пайыз. Инфляция жылына орташа есеппен 2-2,6 пайызды құрайды. Нидерландының Ұлттық қоры да жыл сайын толығып, әлемге үлгі болып отыр. Қазақстан тәрізді мұнай өндіруші ел – Норвегияның Ұлттық қоры да, зейнетақы қоры да тек қана пайдаға жұмыс істеп отыр.

Еврейлер ұлттық қорының арқасында мемлекет құрды.1901 жылы сионистердің бесінші конгресінде құрылған қор Палестинадан жер сатып алып, онда еврей ауылдарын қоныстандыру ісімен шұғылданды. Қорға кезінде жер бетіндегі еврей ұлтының өкілдері тайлы-таяғына дейін ақша аударып тұрса, соңғы жетпіс жылда қор, керісінше, халықтың игілігіне жұмыс істеп келеді.

Ал біз ше?! Ұлттық қорды қасықтап жинап, шөміштеп төктік. Қор 2000 жылдардан бері Қазақстанды қаншама қаржылық-экономикалық дағдарыстардан құтқарып келді. Енді келер жылдан бастап үкімет «Ұлттық қор балаларға» жобасын іске қоспақ. Енді «Ұлттық қордың қызығын өзіміз көрмедік, енді балаларымызға бірдеңе бұйыра ма» деген сауал төңірегінде бас қатырып жүрміз.

Тегтер: