21 ғасырдың алты құзыреті қандай?
Адамдар әрқашан болашаққа алаңдайды. Бұл алаңдаушылықтың себептерінің бірі — адамзат қазір тез және болжауға болмайтын өзгерістер әлемінде өмір сүріп жатыр.
Осы өзгерістер неғұрлым жылдам болған сайын, солғұрлым адамдар өздерін болашақта не күтіп тұрғанына сенімсіз болады. Мұндай әлемде жастардың болашақ қоғамның сын-қатерлеріне, жалпы болашақ талаптарына төтеп беруге дайын болуы үшін қажетті дағдылар мен құзыреттерді меңгеруі өте маңызды. Бүгінгі іскерлік ертеңгі іспен үйлеспей, жаңадан алған дағдылар тез ескіреді деген пікір айтылады. Бүгінгі жұмыс орындарының көпшілігі ертең ұмытылып, автоматтандырудың арқасында жаңа мамандықтар мен жұмыс орындары пайда болады.
Қазіргі уақытта дүниежүзіндегі зерттеушілер (әлеуметтанушылар, бизнес қауымдастықтары, психологтар, педагогтар және т.б.) болашақ қоғамның ерекшеліктері қандай? Адамның қандай қасиеттері болашақ қоғамда сұранысқа ие болады? Болашақ қоғамның ерекшеліктері білім беру мазмұнын анықтауға қалай әсер етеді? Бүгінгі күні студенттерде болашаққа қажетті қандай құзіреттіліктерді қалыптастыру керек? «21 ғасыр дағдылары мен құзыреттері» терминінің түсіндірмесі қандай? деген мәселелер мен сұрақтарға назар аударуда.
Осы сұрақтарға жауап бермес бұрын, ең алдымен «дағдылар мен құзыреттер» терминдерінің қалай түсіндірілетінін түсініп, анықтамаларды ажыратқан жөн деп санаймыз.
Құзіреттілік тек білім немесе дағдылар ғана емес. Еуропалық Комиссияның Cedefop глоссарийінде (Cedefop, 2014) «дағдылар» және «құзыреттіліктер» терминдері былай анықталады: дағды – тапсырмаларды орындау және мәселелерді шешу қабілеті, ал құзыреттілік – (білім, жұмыс, жеке немесе кәсіби даму сияқты) нақты бір контекстегі оқу нәтижелерін тиісті түрде тәжірибеде, іс жүзінде қолдану қабілеті. Құзіреттілік — ауқымы кең ұғым. Ол функционалдық аспектілермен бірге, сондай-ақ әлеуметтік ұйымдастыру дағдылары, этикалық құндылықтар және т.б. сияқты тұлғааралық қасиеттермен біріктірілген теорияны, тұжырымдамаларды және білімді пайдалануды қамтиды.
Құзыреттіліктерге белгілі бір контексте психоәлеуметтік ресурстарды (оның ішінде дағдылар мен көзқарастарды) белсендіру арқылы күрделі талаптарды қанағаттандыру мүмкіндігі жатады. Мысалы, адамдардың бір бірімен тиімді қарым-қатынас жасау қабілеті — бұл адамның тілдік дағдыларына, практикалық АТ дағдыларына және өзі жұмыс істейтін немесе сөйлесетін адамдармен жақсы, ынтымақтастық қарым-қатынасты сақтауға негізделген құзыреттілік.
Бұл мақалада біз Фулан және Скотт ұсынған алты құзыретті ұсынамыз. Олар 21 ғасырда осындай құзыреттер қазіргі жастардың оқуда және жұмыста алдыңғы қатарда болуы үшін қажет және ең маңызды деп санайды. (Фуллан и Скотт, Глубинная педагогика для глубинного обучение, 2014 г.)
1. Мінез – мысалы, батылдық, табандылық, алған бетінен қайтпау, төзімділік, сенімділік және адалдық өз қызметін табысты ұйымдастыру және осындай күрделі дүниеде барынша максималды нәтижеге жету үшін тұлғаның тиімділігін арттыруға қажетті тұлғалық қасиеттер,
2. Азаматтық – адамның өзі кіретін ұжымға, мемлекетке, отбасына, діни қауымға, кәсіптік ұжым алдындағы борышы мен жауапкершілігін сезінуінен көрінетін моральдық ұстаным; қоғам мен мемлекет істеріне белсенді қатысуға, өз құқықтарын, бостандықтарын саналы түрде жүзеге асыруға және өз міндеттерін орындауға дайындығы мен қабілеті.
3. Қарым-қатынас – әртүрлі аудиторияға бейімделген сандық, жазбаша және ауызша үш дағдыны меңгеру.
4. Сыни тұрғыдан ойлау – ақпарат пен дәлелдерді сыни тұрғыдан бағалау, заңдылықтар мен байланыстарды анықтау, мағыналы да мазмұнды білімді қалыптастыру және оларды нақты әлемде қолдана білу.
5. Ынтымақтастық – ұжымдық динамиканы тиімді басқаруды, бірлесе отырып тиімді шешімдер қабылдауды және жүйелі оқуды және басқалардың білімін толықтыруына, үйренуіне үлес қосуды қоса алғанда, тұлғааралық және топтық дағдылары күшті командаларда бірлескен және синергетикалық жұмыс істеу қабілеті.
6. Шығармашылық – экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерге кәсіпкерлік көзқарас, жаңа идеяларды тудыру үшін дұрыс сұрақтар қою және сол идеяларды жүзеге асыруда көшбасшылық таныту.
Фулан мен Скотт бұл жеке, тұлғааралық және танымдық қабілеттер мектеп пен колледж түлектеріне әлеуметтік, мәдени, экономикалық, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша тұрақты қоғамдастықтар, мекемелер және тіпті қоғамдар құру үшін қажет негіздерді қамтамасыз ететінін атап өтті.
А.Молдағалиева,
Ш.Ғұмарова,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шет тілдері кафедрасы.