Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:23, 05 Мамыр 2023

21 жасында 37 мемлекетке саяхаттаған қыздың әңгімесі

None
None

Әлем – адам баласы әлі оқып, тауыса алмаған кітап секілді. Ал саяхат саған сол кітапты оқу үшін берілетін мүмкіндік.

Әр жаңа елге саяхат жасаған сайын, таным көкжиегің кеңейіп, өзге елдің ішкі құрылымы мен мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі туралы толығырақ біле аласың.

Қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі жиі саяхат­тап, естелікке жаңа әсер мен керемет сәт­тер жинау­ға құштар. Тұмса табиғат, керемет көз тартатын сұлулық пен жұмбаққа толы мекен, кез келген адамның жан қалауы екені анық. Дәл сондай 21 жасында 37 ел, 80-нен астам қалаға саяхат­таған жас саяхатшы – Карима Мәлік. 18 жасынан бастап, саяхатқа ат­танған Карима қазіргі кез­де жеке виза орталығын құрып, оқырмандарын тиімді саяхат­тауға үйретеді. Кариманың ең алғашқы жеке саяхаты Еуропа елдеріне болған:

«Ең алғашқы саяхатымда құрбым Айгеріммен Еуропа қалаларын араладық. Атап айт­қанда, 9 елде, Германия, Франция, Швейцария, Италия сынды ірі мемлекет­терді көрдік. Еуропа елдері үшін жергілікті тілді білу – аса маңызды емес. Ең бастысы, ағылшын тілінде еркін диалог құра алатын деңгей болу қажет. Жергілікті неміс, француз тілдерін жасы үлкендер қолданғанымен, жастардың басым көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгерген. Бұл саяхат менің Әлемге деген көзқарасымды түбегейлі өзгерткен және алдыма үлкен мақсат­тарымды қалыптастырған кез болды. Кез келген адам саяхатқа шығуды армандайды, қалайды, бірақ барлығы бірдей тәуекел ете бермейді. Неге? Себебі барлық адам өз өміріне толық жауапкершілік алудан қорқады», – дей келе саяхатшы болу үшін адам бойынан табылу керек маңызды 3 қабілет­ті атап көрсетеді.

«Саяхатшы болу үшін ең бірінші – өз өміріңе артылатын жауапкершіліктен қорықпай, «комфорт зонадан» шыға алуың керек. Сондықтан, ең бірінші маңызды қасиет – жауапкершілік. Екіншіден – қандай да бір ситуацияға қарай икемделе алу қабілетің маңызды. Саяхат барысында түрлі мәселелерге тап болуың мүмкін, ал сен саяхатшы ретінде барлық жағдайды екі қадам алға ойлана алуың керек. Атап айт­қанда, ұшақтың ұшпай қалуы, жолдорбаңды ұрлатып алу секілді оқиғалар жиі ұшырасып жатады. Мысалы, Франция мемлекетінде ұрлық кең тараған. Францияға саяхат­тар алдында: «Сөмкемді немесе жолдорбам ұрланған жағдайда не істей аламын?» деген сұраққа жауабың дайын болу керек. Бұл түрлі оқиғаларда уайымға салынбай, тез әрекетке көшуге көмектеседі. Үшіншісі – қаржылық сауат­тылық. Ізденіс арқылы кез келген сұрақтың жауабын тауып, тиімді саяхат­тауға болады. Көп жағдайда адамдар қымбат авиабилет­тер мен қонақ үйлерге артық ақша жұмсайды. Сонымен қатар барған еліңе жеке қажет­тіліктерің үшін күніне жұмсайтын қаржының лимитін қойған дұрыс. Ұшақтың билеті мен қонақ үй, хостелді есептей аласың, бірақ кейде жеке шығындар мен тамаққа, қызығушылықтарыңа көп қаржы жұмсалады. Мысалы, әдет­те, біз бір күнге 30 мың теңге жұмсайтындай етіп лимит қоямыз. Сол арқылы саяхатыңа нақты жоспар құра аласың», – дейді.

Қазіргі таңда Кариманың оқырмандарына арналған «Тиімді саяхат» курсы бар. Аталмыш курста саяхатшы ару арзан ұшақ билет­тері мен жатын орынды қалай табу керегінен бастап, саяхат барысында тиімді болатын түрлі әдістермен бөліседі. Мысалы, Карима тиімді саяхат үшін баратын елді, мемлекет­ті толық зерт­теп алуды ұсынады.

«Қарапайым халық саяхат­тың тиімді жолдарынан бейхабар болады да, өте көп қаражат жұмсайды. Сая­хат тиімді болу үшін, ең алдымен транспорт­тарға ақшаны үнемдеп үйрену керек. Мысалы, міндет­ті түрде такси емес, қоғамдық көліктерді (автобус/троллейбус) қолданған тиімдірек болады. Сонымен қатар елден басқа мемлекетке ұшақ билетін сатып алар кез­де чартер рейстерді немесе лоукостер компаниялардың қызметін қолданған дұрыс. Көп жағдайда саяхатшылар Kaspi.kz немесе Aviasales сынды танымал компаниялар қызметін қолданады. Ал лоукостер компаниялардан билет алсаң, әлдеқайда арзан, әрі тиімді болады. Мысалы, чартерлік рейстерде «Алматы – Анталия» бағытындағы ұшақтардың бағасы «Алматы – Ыстамбұл» бағытындағы рейстерге қарағанда бірнеше есе арзан. Екіншіден, қымбат, бірнеше жұлдызды қонақ үйлерде тұрақтағаннан көрі кішкентай хостельдерде тұрған тиімді, әрі пайдалы. Қарапайым туристер хостельде жатудан тартынып жатады, алайда хостельдерде тұрақтау арқылы сен өзің секілді саяхатшыларды кез­дестіресің, тәжірибе алмасасың. Мысалы, Еуропаға саяхат­тар болсаң, ең тиімді шешім – хостель. Себебі жер көлемінің кішкентай болуына байланысты қонақ үйлері де айтарлықтай кең емес. Күні бойы қонақ үйде уақытыңды өткізгеннен, жергілікті халықтың мәденитімен танысып, қаланы аралаған жақсы. Тағы бір пайдалы ақпарат – саяхат барысында өзіңмен бірге ыстық суды термосқа құйып алып жүрген ыңғайлы. Басқа елдердің барлығында дерлік шай ақылы. Мысалы, бір кесе шай 4$ болса, өзіңмен бірге шай қалталары мен ыстық суды алып жүру – әлдеқайда тиімді», – дей келе, 2023 жылы саяхат үшін тиімді 3 қаланы атап өт­ті. Олар: Ыстамбұл қаласы, Абу-Даби қаласы (Абу-Даби арқылы Еуропа елдеріне арзан авиабилет алуға болады) және Батуми, Тбилиси қалалары.

Айтуынша, әлемді аралауға кететін қаражат әр адамның жеке қалауы бойынша жұмсалады. Тиімді саяхат­ты қолданатын жандар жайлылықтан бұрын жаңа елден алатын әсерге көбірек көңіл бөледі. Әйгерім өз парақшасында аз ақшамен ел аралау жолдары туралы ақыл-кеңесімен бөлісіп отырады. Тіпті дәл осы парақшасы арқылы Нью-Йоркта да өзінің оқырманын тауып алған екен.

«Бірнеше апта бұрын Нью-Йорк­қа барар кез­де, бір оқырманым инстаграмдағы сторисыма: «Куинс (Нью-Йорк қаласындағы үлкен аудан) ауданына келіп самса жеп кетіңіз!», – деп жауап берді. Бірнеше хат­тар арасынан аса назар аудармағаным рас. Нью-Йоркқа жеткен соң, бірнеше күннен кейін Бронкс ауданына Маржан есімді әпкеміздің үйіне қонаққа бардық. Сезгенімдей, Маржан әпкемізге алынған сыйлықтармен бірге тағы бір артық «Қазақ­стан» шоколадын алған едім. Әпкеміздің үйінен шыққан соң, достарымызбен бірге Бруклин ауданына барамыз деп келістік, алайда Бронкс пен Бруклин ауданының арасы қашық болғандықтан, Куинс ауданына баруды жөн санадық. Куинс ауданындағы бір кафе толып қалған, екіншісіне кіріп келе жатсақ, маған қарап бір қыз күліп жіберді. Алғашқысында түсінбей қалғаным рас. Кейін ол қыздың Қазақ­станнан екенін және өзім құрастырып шыққан «Вокруг света» курсының түлегі екенін білдім. Бірер апта бұрын инстаграмға жазған қыз сол екен. Барлығы кез­дейсоқтық деп ойлағаныммен, бір ғажайыптың орын алғаны анық. Әлемнің ең үлкен қаласы Нью-Йорктан өзімнің жерлесімді, әрі оқушымды көру қат­ты таңғалдырды. Кейін инстаграмға парақшасын жариялап, Америкадағы қазақтармен танысуына себепші болдым. Қазір сол жақтағы қазақтармен бірге тұрып жатыр. Бұл мен үшін естен кетпес оқиға болды. Бір қазақ қызына көмегім тигені үшін қуаныштымын!», – деп қуанышпен еске алды.

Ол сапары барысында өзіне ерекше ұнаған елдер мен олардың мәдениеті жайында әңгімелеп берді.

«Маған саяхат барысында ерекше әсер қалдырған ел/қала – Германия/Кёльн қаласы. Немістерден үйренеріміз көп екеніне бірнеше мәрте көзім жет­ті. Тазалығы, тәрбиесі, мәдениетімен бізді таңғалдырған ел. Ке­йін, Америка Құрама Штат­тарындағы Гавайи штаты. Табиғатымен таңдай қақтырған мекен. «Жердегі жұмақ» деген атауға әбден лайық деп ойлаймын. Әр қазақ баласы дәл осы мекенді көрсе екен деген тілегім бар. Үшіншісі, Ыстамбұл қаласы. Бұл қаланың табиғаты да, сәулеті де маған ерекше ұнайды. Өзім 7-8 мәрте барсам да, әлі күнге жалыққан емеспін. Түріктер мәдениетімен де, тілі, ділі жағынан да бізге ұқсайды».

Карима Мәлік үшін саяхат барысында қымбат ресторандар мен жайлы қонақ үйден гөрі, халықтың ішкі мәдениеті, әдемі әсер әлдеқайда маңызды. Ол саяхатшы мен турист арасындағы айырмашылықты былайша түсіндіріп берді:

«Турист, әдет­те, тек туристік, танымал жерлерді көруге тырысады. Халықтың ішкі мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі туристерді аса қызықтырмайды. Турист үшін қымбат қонақ үй, атақты асханалар маңызды. Сонымен қатар туристердің ағылшын деңгейі төмен болады және жиі алданады. Мысалы, туристер Дубайдағы 5 мың теңгенің «Сафари турына» 100$ төлейді. Ал саяхатшы баратын мемлекетінің мәдениетін, халқын, ішкі тұрмыс-тіршілігін толық зерт­тейді. Мысалы, мен Оман Сұлтандығына барардан бұрын оның дінін, ділін толық зерт­теп, тек жабық, ұзын киім апардым. Себебі Оман сұлтандығы – мұсылман елдерінің қатарына жатады. Жергілікті халықтың ұстанымын толық зерт­теп, сыйластық таныту – саяхатшының міндеті. Сая­хатшы үшін ішкі халықпен жақын араласып, танысқан әлдеқайда маңызды».

Қорыта келе, жас саяхатшының негізгі мақсаты – Әлемнің санқилы кереметін өзі көріп қана қоймай, өзгелерге де тиімді саяхат­тың қыр-сырын үйрету, білгенімен бөлісу. Қазіргі таңда Кариманың «Тиімді саяхат» курсында 3000-ға жуық студент­ті саяхат­тың тиімді жолдарына үйреткен. Ол: «Адам өзін ешқашан шектемеу керек. Менің ең арзан, әрі тиімді саяхатым – 20 күнде 400 мың теңгемен Еуропаны аралаған кез. Ал ең қымбаты – соңғы сапарым Америка Құрама Штат­тарына баруым еді. Саяхатқа түгел бару-келу ұшақ билетінен бөлек 3 миллионға жуық теңге кет­ті. Сол кез­де түсінгенім – еңбектенген адамға өзінің қалауын орындау үшін қаражат қашан да табылады. Сен өзіңді арман-мақсат­тарыңды орындаудан шектемеген сайын, нығметің арта түседі. Әлемде мемлекет те, халық та, мәдениет те өте көп. Мысалы, мен бар болғаны – 37 мемлекет, 80-нен астам қалаға саяхат­тадым, ал әлемде 200-ден астам мемлекет бар. Сол керемет­терді өз көзіңмен көру үшін санаң мен қабілет­теріңді шектемеу керек. Құдай сен алға талпынған сайын, ризығыңды арт­тыра түседі», – деп қорытынды жасайды.

Тегтер: