2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Түркістанның білім саласынан тағы да шу шықты
Пандемия кезіндегі былық-шылықтар енді ашылып жатыр. Түркістан облысында былтыр оқушыларды қашықтан оқыту үшін сатып алынған ноутбуктарға қатысты тергеу амалдары басталды. Компьютерлік құралдарды жеткізіп беруді міндетіне алған мердігер компания мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша іс жүріп жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан мәліметке қарағанда, мемлекет арнайы бағдарлама аясында коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде оқушыларды қашықтан оқыту үшін ноутбуктар сатып алуға қаражат бөлген. Дәлірегі – Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы 3,4 миллиард теңгеден астам сомаға 21 мың ноутбук жеткізу жөнінде «МТ-Сервис» компаниясымен шарт жасасқан. Кейінірек 2,5 миллиард теңгеден астам сомаға жеткізілген тауарлардың тапсырыс берушінің техникалық ерекшеліктеріне сәйкес келмегені анықталған. Қазіргі уақытта мердігер компанияның директоры тергеу сотының санкциясымен қамауға алынған.
Жайсыз ақпарат көпшіліктің арасында қызу талқыланып жатыр. 2,5 миллиард теңге дегеніңіз, аз ақша емес, әрине. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы агенттіктің бұл мәлімдемесімен келіспейтін сияқты. Басқарманың таратқан мәліметіне қарағанда, аталған құралдарды қабылдап алу үшін басқарма тарапынан комиссия құрылған. Комиссия қабылдап алу барысында «Сот сараптамалар орталығы» филиалы Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамалар институтының сараптама қорытындысына сүйеніпті. Яғни әңгіменің ауанын «басқарманың бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ» дегенге келтіреді.
«Одан бөлек, мердігер компанияның ноутбуктарды уақтысынан кешіктіріліп жеткізуіне байланысты Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы тарапынан Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз түсіріліп, мемлекет пайдасына 183 123 203 теңге тұрақсыздық айыппұл және 5 493 696 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру туралы шешім шығарылған», – делінген басқарманың мәлімдемесінде.
Алайда мердігер тарапынан шағым беріліп, Түркістан облыстық сотының апелляциялық алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған. Басқарма енді сот қаулысын заңсыз деп тану туралы Жоғарғы сотқа шағымданған. Ал ноутбуктарға экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Біз қылмыстық іске негіз болып отырған ноутбуктарға қатысты облыстық экономикалық соттың биыл ақпанда шығарған шешімімен танысып көрген едік. Шешімге қарағанда, былтыр тамызда басқарма «МТ-СЕРВИС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 3 427 672 500 теңгеге ноутбуктар әкелу туралы келісімшарт жасасқан. Келісім бойынша құралдар 2020 жылдың 30 қазанына дейін әкелінуі тиіс болған. Алайда тауар көрсетілген мерзімнен кешігіп, қараша-желтоқсан айларында жеткізілген. Осыдан кейін басқарма сотқа талап арыз беріп, мердігерден тұрақсыздық айыбын өндіруді сұраған. Сотта жауапкер тауарлардың кешігуін төтенше жағдайдың жариялануы мен қатаң карантиндік шаралардың қабылдануымен түсіндіреді. Айта кетері, ноутбук Қытайдан сатып алынған. Аспанасты елінде бұл кезде шектеу шаралары, тіптен, күшейіп кеткенге ұқсайды. Дегенмен сот басқарманың талап арызын ішінара қанағаттандырып, мердігерден мемлекет пайдасына 183 123 203 теңге тұрақсыздық айыппұлын және 5 493 696 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру жөнінде шешім шығарған. Бірақ биыл мамырда облыстық соттың апелляциялақ алқасы алғашқы соттың күшін жойған. Алқа «жауапкер шарттар бойынша мiндеттемелерiн тиiстi дәрежеде орындау үшiн өздерiне байланысты шаралардың барлығын қолданған, бірақ бой бермейтiн күштiң, тойтаруға болмайтын мән-жайлардың салдарынан, тиiстi дәрежеде орындауға мүмкiндiгі болмаған» деген қорытынды жасаған.
Бұл жерде мәселе тауарлардың кешіктіріліп жеткендігінде емес, ноутбуктардың тапсырыс беруші, яғни басқарманың қойған техникалық талаптарына сәйкес келмегенінде болып отыр. Басқарма тауарларды қабылдау алуда жоғарыда аталған сот сараптамасына сүйенгенін алға тартып отыр. Сонда бұл жерде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бір анығы, тәртіпке сәйкес, агенттік тауарлардың талапқа қаншалықты сәйкес келетінін тексеру үшін арнайы сараптама тағайындайды. Қылмыстық істің осы сараптаманың қорытындысына сүйене отырып қозғалғаны күмәнсіз. Ал екі сараптаманың арасындағы айырмашылық қанша, компания қанша қаржыны қалтаға басты, ол үшін қандай көзбояушылыққа барды, бұған облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының, облыстың білім саласына жауапты басшылардың қаншалықты қатысы бар? Тергеу амалдары осы мәселенің ақ-қарасын ажыратып беруі тиіс. Істің ақырын күтейік. Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес.
Сот шешіміне қарағанда, басқарма пандемия кезінде оқушыларды қашықтан оқыту үшін «МТ-СЕРВИС-тен» бөлек, Technodom Operator компаниясымен ноутбуктар сатып алу үшін 3 миллиард 427 миллион теңгеге келісім жасасқан. Бұл мердігер де тауарды кешіктіріп, қараша-желтоқсан айларында жеткізген. Басқарма оны да сотқа беріп, 100 миллион теңгеден астам тұрақсыздық айыппұлын өндіріп алмақ болған. Алайда апелляциялық алқа алғашқы сот шешімінің күшін жойған. Басқарманың пандемия кезінде қанша ноутбукке тапсырыс бергенін енді өзіңіз есептеп көріңіз.
Бұған дейін Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылары қашықтан оқыту кезінде мектептердегі компьютерлерге деген қажеттілікті жою үшін үкімет резервінің қаражатынан 57 190 компьютерлік құрылғы сатып алынғанын мәлімдеген. Оның 7711-і – планшет, 5952-сі – компьютер, 43 527-сі – ноутбук. Тапсырыс берілген ноутбуктар кешігіп, 2020 жылдың қараша-желтоқсанында жеткізілгенін жоғарыда айттық. Ал бұл кезде оқушылар бес-алты айдан бері онлайн оқып жатқан. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап оқушылардың толығымен дәстүрлі оқыту жүйесіне көшкені белгілі. Сонда қытайлық ноутбуктардың қызығын тұрмысы төмен отбасылардың балалары бар-жоғы 4-5 ай ғана көрген деген сөз. Қазір бұл ноутбуктар, планшеттер мен компьютерлер қайда? Оны оқушылар пайдалана ма, әлде қоймада жатыр ма? Ал шалғайда, интернет байланысы нашар ауылдың оқушылары компьютерлік құралдарды қалай пайдаланды? Бұған адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев не деп жауап берер екен? Жалпы, карантин кезінде оқушыларды жаппай ноутбуктармен қамтамасыз ету үкіметтен, министрліктен келген тапсырма ма, әлде Түркістан облыстық әкімдігінің бастамасымен жүзеге асқан шара ма? Ол өзін-өзі қаншалықты ақтады? Есіл бюджеттің қаржысы қаншалықты тиімді пайдаланылды? Қылмыстық іс өз алдына, қашықтан оқытудың кезінде қазына қаржысының ысырапшылдыққа ұшырамағанын кім тексереді? Әлде бәрін пандемияға жауып қоя саламыз ба?
P.S. Бір қызығы, сотта басқарма «ноутбуктар кешігіп жеткізілгендіктен, оқушылар білімін уақтысында алмады, балалар біліммен сапалы қамтылмады», деген уәж келтіріпті. Бірақ оны дәлелдей алмаған.