2,5 миллиардтың есебін Жақсылықов та білмейді

Газетіміздің 27 наурыздағы №24 санында «Қызыл ту қымбатқа түсіп тұр» атты мақала жарық көрген. Ол мақалада 7 мамырда Астанада өтетін Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына арналған әскери шеру туралы сөз болды.
Біз парадты ұйымдастыруға жауапты қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың атына Е-Өтініш платформасы арқылы сауал жолдап, нақты екі сұрақ қойдық. Ең алдымен шеру өткізуге мемлекет қазынасынан 2,5 миллиард теңгенің қайда жұмсалатынын анықтағымыз келген.
Бірақ қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев қол қойған ресми жауап көңілден шыққан жоқ. «Қаржы қорғаныс министрлігінің 2025 жылға арналған әскери дайындыққа арналған бюджетінен алынады. Ол қару-жарақ пен әскери техниканы, жеке құрамды тасымалдауға, шатыр қалашығын жабдықтауға, дәрі-дәрмек, жанар-жағармай сатып алуға, әскери киім тігуге жұмсалады» деп жазыпты вице-министр. Бұл біздің түзеп, ретке келтірген мәтін. Әйтпесе әр сөзге көптік жалғауы мен септік жалғауы жалғанған министрліктің жазбасын газетке жариялай алмас едік.
Оның үстіне бұл ешқандай да тың мәлімет емес. БАҚ-та жарияланған, біз мақалаға қосқан ақпарат. Елдің бәрі білетін пресс-релизді қайта жіберетін болса, ресми сауал жолдаудың қажеті қанша? Әрине, 2,5 млрд теңгенің әр тиынына есеп бер деп отырған жоқпыз. Мысалы, дәрі-дәрмек алуға – 100 млн теңге, киім тігуге – 200 млн теңге жұмсалады деп нақты жауап берсе, бәріміз разы болар едік. Ал жауапқа қарап, Жақсылықовтың министрлігі «Е-Өтінішке сауал келген екен, міндетімізді орындау үшін елдің бәрі білетін ақпаратты айта салайық» деп, БАҚ қызметіне селқос қарағандай әсер қалдырады.
Ал екінші сұрақта тәуелсіз Қазақстан сарбаздарының «Ұлы Отан соғысы» кезіндегі әскери форманы киіп, Совет туын көтеріп шыққаны саяси әрі идеологиялық қателік емес пе деп сұрадық. Вице-министр бұл сұраққа да нақты жауап бермепті. Алдымен парадтың маңызын, артықшылығын айтып толғанған. Содан кейін ғана нақты мәселеге оралып, парадқа қатысатын 4 мыңнан аса әскери қызметшінің 180-ге жуығы КСРО кезіндегі форманы киетінін айтыпты (көлдей мәтіндегі жалғыз эксклюзив дерек осы ғана).
Бірақ бұл жерде де мемлекеттік тілге шорқақ екенін аңғартып, «Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери форманы киіп, сол кездегі туды ұстап шығып, тарихи лек құрамында адымдап өтеді» деп жазыпты. Вице-министр Жазықбаев бұл жерде «...тарихи лек құрамында сап түзейді» дегісі келген болар. Оның үстіне қорғаныс министрлігінің көне әдетіне басып, Екінші дүниежүзілік соғысты – Ұлы Отан соғысы деп жазған.
Министрлік сарбаздарымыз КСРО әскери формасын сол кездегі тарихи көріністі көз алдымызға келтіру үшін киетінін айтыпты. Мұндай парад ұлттық рухты нығайтуға ықпал етеді деп санайды. Осы жауапта кереғар түсінік тұрғанын Жақсылықов пен Жазықбаев байқамаған сияқты. Әрине, Кеңес кезеңі – біздің ата тарихымыздың бір бөлігі, оны ұмытпаймыз. Бірақ қазақ ұлтын, тілін жойып жібере жаздаған КСРО-ны ұлықтап, Советтің туын көтеріп, формасын киіп, ұлттық рухты ояту мүмкін бе?..
Қысқасы, қорғаныс министрлігінің жауабы көңілден шыққан жоқ. Білгіміз келген сұраққа жауап ала алмадық. Сол үшін нақты сұраққа нақты жауап берулерін сұрап, Е-Өтініш арқылы қайта хат жолдадық. Жақсылықов бұл жолы не дейді екен? Халыққа 2,5 млрд теңгенің есебін анық бере ме, әлде тағы да жаңылтпаш жауап беріп, жалтара ма, көреміз.
Қуан Өмірхан