25 наурызда Қазақстанда «Жер сағаты» экологиялық акциясы өтеді
25 наурызда әлемнің 180 елінде «Жер сағаты» экологиялық акциясы өтеді. Қазақстан биыл оған 14-ші рет қатыспақ.
Елімізде алғаш рет 2009 жылы Жер сағаты өткен болатын. Акция адамдарды әртүрлі экологиялық мәселелерге назар аударуға шақырады.
Асыл Оқапова, жасыл экономика коалициясының менеджері:
— Жарықты өшіру адамдардың назарын осы акция тақырыбына аудару үшін сылтау ғана екенін түсіну керек. Ең алдымен, «Жер сағаты» табиғатты құрметтеуге бағытталған экологиялық үндеу, бұл планетаның климатын сақтау және оның шектеулі ресурстарына қамқорлық жасау жөніндегі шешімді шараларға жұртшылықты үндеу. Мұндай іс-шара көптеген адамдарға экологиялық жауапты мінез-құлық көрсетуге көмектеседі. 2023 жылы акция Қазақстанның барлық тұрғындарын өз таңдауын жасауға – туған жерінің табиғатына көмектесуге шақырады, — дейді.
Ашат Мәкенов, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің басшысы:
— «Жер сағаты» акциясы Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының қолдауымен 2007 жылдан бері дүние жүзінде өткізіліп келеді. Бұл акцияда олар сағат 20.30-дан 21.30-ға дейін пәтерлеріндегі жарықты бір сағатқа өшіріп, сол арқылы табиғи ресурстарды сақтауға өз үлестерін қосуда. Барша қазақстандықтарды осы акцияға қатысуға шақырамыз.
Пайдалы акцияға әлем бойынша 2 миллиардқа жуық адам қатысады деп күтілуде. «Жер сағаты» жыл сайын әртүрлі елдердің мемлекеттік және жеке ұйымдарының қолдауымен өтеді. Мәселен, Қазақстанның астанасында президент резиденциясының, «Бәйтерек», Триумф аркасы, «Астана Опера» театры, Назарбаев университеті және қаланың басқа да ірі нысандарында акция уақытында жарықтандыру өшірілді. 2023 жылы Қазақстанда «Жер сағаты» еліміздің табиғатын сақтаудың маңыздылығы тақырыбына арналған.
Айгүл Соловьева, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ҚБ басқарма төрайымы:
– Жыл сайын бір қазақстандық шамамен 400-450 келі қоқыс шығарады, оның басым бөлігі тұтынушылық өнімдерден қалыптасады. Бұл жағдай қоқыспен байланысты мәселелерге адамдардың жауапты екенін айқын көрсетеді, сондықтан да тұрғындардың қалаларымыздың тазалығы мен экологиясына деген тұтынушылық көзқарасын өзгерту қажет.
Солтүстік өңірде экологтар бірнеше жылдан бері стихиялық қоқыстар мәселесіне қатысты дабыл қағуда. Олар біздің өңір үшін нағыз экологиялық проблема болып табылады. Ғарыштық мониторингтің көмегімен 2022 жылы облыста 230 табиғи үйінді анықталды. Олардың 98 пайызы жойылды.