27 наурыз - халықаралық театр күні
Дүниежүзілік театр күні – жыл сайын 27 наурызда бүкіл әлемде атап өтілетін барлық театр қызметкерлерінің халықаралық кәсіби мерекесі.
Бұл мереке дәстүрлі түрде «Театр – халықтар арасындағы өзара түсіністік пен татулықты нығайту құралы» деген ұранмен өтеді.
Дүниежүзілік театр күні 1961 жылы Халықаралық театр институтының IX конгресімен барлық театр қызметкерлерінің – әртістердің, режиссерлердің, техникалық қызметкерлердің кәсіби мерекесі ретінде бекітілген.
Театр өнерінің жанкүйерлері үшін бұл мереке театр туралы айту және оның жарқын эмоциялары мен шабыт сыйлағаны үшін алғыс айту мүмкіндігі болып табылады. Ендеше, қазақ театрының ең жарқын беттерін еске аламыз:
1. Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры Қазақстандағы тұңғыш кәсіби театр болып саналады. Ол 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордада Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзіндімен ашылды. Екі жылдан кейін театр Алматыға көшіп келді.
1934 жылы театрдың құрамында жаңа шығармашылық ұжымдар пайда болды, олар кейін дербес ұйымдар – Мемлекеттік опера және балет театры, филармония және Қазақ концерті болды. 1937 жылы театрға академиялық атақ берілді.
2. Қазақстандағы ең көне театр – Орал орыс драма театры. Ол 1858 жылы ашылған. Сол кездегі әуесқой театрдың алғашқы қойылымы 1859 жылы болды. Бұл Островскийдің «Бедность – не порок» пьесасы бойынша қойылған спектакль еді. 2002 жылы ғимарат қалпына келтіріліп, 2009 жылы театрдың 150 жылдығына орай оның қабырғасында театр тарихына арналған мұражай ашылды.
3. Қазақстандағы тұңғыш ұлттық театр – Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры. Оның қазақ жерінде пайда болу тарихы қайғылы оқиғалармен байланысты: 1937 жылы Қиыр Шығыстағы корейлер Орта Азияға жер аударылды. Жер аударылғандар арасында Қиыр Шығыс аймақтық корей театрының әртістері болды — дәл солар корей музыкалық драма театрының діңгегі болды деуге болады. Театр ұзақ уақыт бойы ел аралап қойылым беруге мәжбүр болған: 1937 жылдан 1941 жылға дейін Қызылорда қаласында, 1942 жылдан 1959 жылға дейін — Алматы облысының Үш-Төбе аймағында, 1959 жылдан 1968 жылға дейін — қайтадан Қызылордада, 1959 жылы «Колхоз-совхоз гастрольдік корей театры» деп аталды. 1968 жылы театр Алматыға ауыстырылды. Ал 2000 жылы ол республикалық мәртебеге ие болды. Айтпақшы, бұл әлемдегі алғашқы ұлттық корей театры және Корей түбегінен тыс жерде жұмыс істейтін жалғыз мемлекеттік корей театры болып табылады.
4. Қазақстан тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры – Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры. Ол 1935 жылы бірден екі труппамен құрылды: қазақ және орыс. 1938 жылы Республикалық мәртебеге ие болды. Театр тарихи ғимаратта орналасқан – революцияға дейінгі уақытта осында халық жиналыстарының жиындары өтетін. Театрдың алғашқы қуыршақ қойылымдары «Алдар-Көсе» және «Өтеген батыр» болды, олардың музыкалық өңдеуін белгілі композиторлар Борис Ерзакович пен Латиф Хамиди орындаған. Қазір театрдың арсеналында қуыршақтардың барлық түрі бар — ең қарапайым құрақ қуыршақтардан бастап лазерлік жарықтандырылған ультра заманауи қуыршақтарға дейін.
5. Шымкент қуыршақ театры өте ерекше ғимаратта орналасқан – бұл бұрынғы Никольский соборы. Театр мұнда өткен ғасырдың 80-жылдарында көшті, оған дейін Пионерлер үйі, одан бұрын кітапхана болған. Ал ғимарат 20 ғасырдың басында Иван Маркевичтің жобасы бойынша салынған. Никольский соборы – оның Түркістан өлкесіндегі сәулетші ретіндегі алғашқы жұмыстарының бірі. Ол инженер Николай Ботвинкиннің қатысуымен жүргізілген. Маркевич Бессараб шаруаларының отбасынан шыққан, бірақ жеке дарын, табандылық және білімі (Санкт-Петербургтегі құрылысшылар институтын бітірген) Түркістан өлкесінде көптеген сәулет жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Тіпті Ташкентте қала сәулетшісі болған. Ал 1914 жылы собор салынып, бағышталғанда ол Сырдария облыстық басқармасының кіші сәулетшісі болған. Ғимарат сол кездегі көптеген діни ғимараттардың тағдырын қайталады: революциядан кейін собордан күмбездер алынып тасталып, ғимарат облыстық кітапханаға айналды, кейінірек онда Пионерлер сарайы орналасты. Ал 1981 жылы мұнда қуыршақ театры көшіп келді.
6. Қазақ театрының ең алғашқы Дездемонасы – Айша Абдуллина. 1916 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында дүниеге келген. 1935 жылы Қазақ драма театры жанындағы екі жылдық театр студиясын бітірген. 1936 жылы қазақ суретшілерінің шығармашылық тобының құрамында Мәскеуге қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіне қатысуға жіберіледі. Онда ол ұлы ақын Жамбыл Жабаевпен, опера әншісі Күләш Байсейітовамен және опера әртісі Құрманбек Жандарбековпен бірге өнер көрсетті. Ол әр түрлі театрларда жұмыс істесе де, шығармашылық өмірінің көп бөлігін Жұмат Шанин атындағы Шымкент академиялық театрына арнаған – сонда 65 жыл қызмет еткен. Ол сахнада әлем және қазақ классиктерінің жүзден астам қаһарман қыздарының образдарын шебер сомдап шықты. Ғажайып талантты актриса, Республиканың халық әртісі Айша Абдуллина 103 жасында дүниеден өтті.
7. Қазақ сахнасының тағы бір жарқын өнерпазы — Юрий Борисович Померанцев. Актерлік мансабын 1943 жылы бастады. Ол Қазақстанға майдандағы жарақаттан кейін келген, анасы Алма-Атада эвакуацияланды, ал нағашы атасы, атақты тенор Александр Курганов Алматы опера және балет театрында жеке өнер көрсетті. Ол Померанцевке жұмысқа орналасуға көмектескен - екі жыл бойы Юрий Борисович хор әртісі болды. 1945 жылы Жастар театрында актер, ал 1954 жылдан 2022 жылы қайтыс болғанға дейін Лермонтов атындағы драма театрының әртісі болды. Померанцев киноактер ретінде де танымал — «Наш милый доктор», «Освобождение», «Раз в неделю» туындыларында рөлдерін сомдаған… Ол сахналық образ жасаудың шебері болды, 300-ден астам жарқын театрлық образдар жасады. Ол театрда жалпы 80 жылға жуық қызмет еткен.
8. Қазақстандағы ең үлкен театр – «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры. Ол 2013 жылы ашылды. Театр тоғыз гектар жер телімінде орналасқан. Ғимараттың өзі 64 мың шаршы метрді құрайды. Сахна алаңы шамамен 3000 шаршы метрді құрайды. Театрдың бас залы 1250 орынға есептелген. Театрдың камералық залы 250 адамға арналған.
9. Ең музыкалық театр – Қарағанды музыкалық комедия театры. Бұл Қазақстан Республикасындағы осындай жанрлық бағыттағы жалғыз театр – оперетта театры. Театр 1973 жылы 16 қарашада Исаак Дунаевскийдің «Вольный ветер» опереттасымен ашылды. Бұл жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі бар театр. Театрдың репертуарында әр жылдары сан алуан жанрлар болды, ұжым өз қызметінің басынан бастап әр түрлі музыкалық жанрларда өзін сынап көрді, бірақ негізгі бағыты – опереттадан ауытқыған жоқ.
10. Еліміздегіең ғажайып театр – Алматыдағы Жастар театры. Қазақстандық жас көрермен театрының ерекшелігі - бізде екі жас көрермен театры бар. Жастар театры өзінің алғашқы күндерінен-ақ қос тілді болып қалыптасты. Ал ұзақ уақыт бойы екі труппа бір театр кеңістігінде бірге өмір сүрді. Қазақ жастар театрының негізін қалаушы Наталья Сац болды. Атақты театр қайраткері Наталья Ильинична Сац Алма-Атада айдауда болған. Ал оның қайсар белсенділігінің, шығармашылық қажымастығының арқасында 1944 жылы 6 қыркүйекте Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің Халық Комиссарлар Кеңесінің «Алматы қаласында жас көрермендер театрын ұйымдастыру туралы» қаулысы шықты. 1945 жылы 7 қарашада театр ашылды. Бірден екі премьера болды – таңертең режиссер Сац қойған Шварцтың «Қызыл телпек», кешке атақты драматург әрі режиссер Виктор Розов қойған Исидор Стоктың «Лейден қоршауы» қойылды. Ал 1946 жылы қазақ труппасы құрылып, қазақ тіліндегі алғашқы қойылым – «Алтын кілт» (Толстойдың «Золотой ключ» туындысы). Қазір театрлардың әрқайсысының өз ғимараты, өз репертуары бар. Қазақ тілді труппа — Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театры.
2022 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді. Оның ішінде 52-сі мемлекеттік болып табылады. Оның ішінде төрт ұлттық: ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары бар. Қазақстанда үш опера және балет театры, бес жастар театры, жеті қуыршақ театры, 24 драма театры, 11 музыкалық драма театры, бір музыкалық комедия театры, бір жастар театры, бір сатира театры жұмыс жасап жатыр.