3 күн ішінде екі жүзге жуық алаяқтық фактісі тіркелді
Азаматтарды интернет арқылы алдайтын алаяқтар азаймай тұр. ҚР ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, өткен аптадағы 3 күн ішінде екі жүзге жуық алаяқтық фактісі тіркелген.
Атап айтқанда, 13-15 тамыз аралығында республика аумағында Аnti-fraud жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Соның нәтижесінде небәрі үш күн ішінде 178 қылмыс әшекере болды.
Ақпаратқа заңсыз қол жеткізу, ІТ-технологиялардың көмегімен ұрлық жасау, интернет алаяқтық сияқты киберқылмыс түрлері өршіп тұр. Жеңіл жолмен пайдаға кенелгісі келетін әккі қылмыскерлер тұрғындарды тұзағына түсіретін айла-шарғыларын үнемі өзгертіп отырады.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев Қазақстанда жасалатын интернет алаяқтық түрлеріне тоқталды. Оның айтуынша, полицейлер бұрын жасалған 328 қылмыстың бетін ашып, еркін айналымда жүрген, әрі тыйым салынған 485 бірлік өнімі тәркіленген.
Кейінгі кезде WhatsApp, Telegram және тағы басқа мессенджерлерді пайдалана отырып, азаматтарды алдау жағдайы жиілеп кеткені белгілі болды. Жақында құзырлы орган өкілдері алаяқтар қандай схеманы пайдаланатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп, азаматтарды сақ болуға шақырды. Интернет алаяқтықтың кең тараған бірнеше түрі бар.
Оның біріншісі, зиянды бағдарламаны азаматтардың шотына сілтеме түрінде жібереді. Сілтемеде балаларға дауыс беру, ұтыс ойыны немесе әртүрлі сауалнама тақырыбында сұрақтар мен жауаптар болады. Сілтемені басқаннан кейін қаскөйлер азаматтың есептік жазбасына, телефонына және дербес компьютеріне параллель қол жеткізе алады. Содан кейін шоттан ақша алуды немесе фотосуретті мессенджерге салуды сұрап, мәтіндік хабарлама жібереді.
Екінші бір тәсіл де осы схеманы пайдаланады. Алаяқтар басшылардан азаматтарға (әдетте жоғары лауазымды мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне) хаттар жібереді.
Сондай-ақ кейде азаматтарға қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің нұсқауын орындауды ұсынады. ҰҚК-нің ойдан шығарылған қызметкері банк шотындағы қандай да бір күдікті операция (оның ішінде террористік топтарды қаржыландыру және т.б.) туралы хабарлап, арнайы операцияны жүргізуге жәрдемдесуді талап етеді.
Мұндай хабарлама прокуратура, банк және басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан келуі мүмкін. Әдетте мұндай операция несиені рәсімдеу, депозиттен немесе қолданыстағы шоттан ақша шешіп алу және ақшаны арнайы шотқа аудару, сондай-ақ курьер арқылы қолма-қол ақша беру сияқты алаяқтық әрекетке ұласады.
Азаматтарды сендіру үшін алаяқтар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның немесе банктің ресми бланкісіне салынған түбіртек немесе құжат (қызметтік куәлік, ҰҚК мөрі мен қолы бар бұйрықтың фотосуреті) жіберуі мүмкін.
Ішкі істер министрлігі азаматтардан мұқият болып, осындай алаяқтарға алданып қалмауды сұрайды. Туыстарынан, достарынан келген күмәнді сілтемелерге кірмеуді ескертеді. Сізге мұндай хат немесе қоңырау келсе, оны ашпаған жөн. Алаяқтар сізге танысыңыздың атынан хат жіберсе, сол кісіге бірден хабарласып, мән-жайды анықтау қажет.
Ал егер сілтемені ашып қойған болсаңыз, есептік жазбаңызға қосылған үшінші тарап құрылғыны тексеруіңіз керек. Ол үшін WhatsApp және Telegram қосымшасындағы «параметр», одан кейін «байланысқан құрылғы» бөліміне өтіңіз, онда параллель қосылған үшінші тарап құрылғысы болса, оны өшіріңіз. Сондай-ақ сақтық үшін мұндай процедураны мүмкіндігінше жиі жүргізіп тұрған жөн.
Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері Алматы қаласында 1300-ден аса интернет алаяқтық дерегі тіркеліпті. Көп кездесетін алдау тәсілі – егде жастағы адамдарға бөтен біреу қоңырау шалып, туысыңыз жол апатына ұшырады, операция жасау үшін қомақты қаржы керек деп хабарлайды. Жақынының амандығын ойлаған тұрғын, алаяққа бірден ақша аударып жіберуі мүмкін.
Алаяқтық әрекеттің түрі көбейгенімен, онымен күресудің жолдары да жасалып жатыр. Қазір алаяқтарды анықтайтын WhatsApp бот ашылған. Егер қоңырау шалған немесе хат жолдаған нөмірге қандай да бір күдік туындаса, WhatsApp ботына жібересіз. Кей жағдайда бұл да көмектеспеуі мүмкін. Сол үшін мамандар жеке нөмір мен банк деректерін бөгде адамға бермеуді ұсынады.
Қуан Өмірхан