Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:30, 28 Қараша 2020

30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады

None
None

Пандемияға байланысты 2019-2020 жылғы маусымын ертерек жабуға мәжбүр болған «Шымбұлақ» 2020-2021 жылғы маусымын да сәл кешігіп ашты.

Ертерек ашуға мүмкіндік болған дейді курорт басшылығы, бірақ, жұмыс алгоритміне байланысты сұрақтарды шешу үшін, біраз уақыт керек болыпты.

«Біз биылғы маусымды 6 қараша күні ашуға дайын болғанбыз, бірақ, жұмыс алгоримін нақтылап алу керек болды да, 10 күн кешігіп қалдық. Былтыр ғана «Шымбұлақ» 60% онлайн-сатылымға көшсе деп армандағанбыз. Қазір қосымша шектеулерді ескере отырып есептегенде, 70% билеттеріміз онлайн сатылып жатыр. Бұл біздің пандемиядан тапқан бір пайдамыз деуге болады. Коронавирустың таралу көздерінің бірі қолма қол ақша ғой, сондықтан, бұл онлайн бағытты ары қарай да дамыта түсу маңызды», — дейді курорттың бас директоры Ринат Әбдірахманов.

Қазақстанның SCIJ (халықаралық шаңғышы журналистер клубы) мүшелері мен кешен басшылығы арасында болған кездесуде «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының биылғы жаңалықтары мен өзгерістері туралы сөз болды. Сонымен, «Шымбұлақ» жаңа маусымда қандай жаңалық ұсынады? Пандемия курорт жұмысына қалай әсер етіп жатыр?

Коронавирусқа байланысты қойылатын шектеулер, әрине, курортты да айналып өтпейді. Соның ең негізгісі биылғы келушілердің санын қысқарту. Яғни, биыл курорт күніне 2700 адам ғана қабылдай алады. Жалпы мүмкіндігінің 30 пайызы бұл. Сондықтан да болар, аспалы жолдардағы кабиналарға 4 адамнан артық отыруға болмайтынына қарамастан, кезек күткен адам қарасы көп емес. Сондай-ақ, курорт вирус таралмауын қадағалау үшін қосымша сақтық шараларын қолданып жатыр. Келушілердің қызуын өлшеу, залалсыздандырғыш құралдар орнату, маска режимін қадағалау, т.б. мәселелер басты назарда болады.

Журналистер мен курорт әкімшілігі арасында болған былтырғы кездесуде сөз болған негізгі мәселенің бірі – онлайн-сатылым болатын. Басшылық смартфон қосымшаларын енгізіп, сол арқылы жұмысты ыңғайлы етуді қолға алғандарын айтқан еді. Биылғы жағдай онлайн-сатылымда төтенше талап еткендіктен, бидетті тек shymbulak.com сайты арқылы ғана емес, Halyk Bank, Kaspi Bank, ЦентрКредитБанкі арқылы, сондай-ақ «Тикетон», Chocolife және Rahmet онлайн қызмет көрсетуші платформаларына енгізген. Сондықтан, онлайн-сатылым бұдан ары да көбейе түседі деп күтуге болады. Себебі, бұл біріншіден вирустың таралуына жол бермейді, екіншіден, онлайн-сатылымның бағасы кассадағыдан гөрі арзандау.

Былтыр сөз болған кешен ішіндегі қонақ үйлер мен шағын хостелдердің аздығы мәселесі де шешімін тауып келеді.

«Медеудегі» аспалы жол стансасында да келушілердің демалуына мүмкіндіктер жасалмақ. Яғни, «Медеудің» де көрсететін қызмет түрлері кеңи түседі. Биылғы жоспар – ақпарат-орталық пен мейрамхана ашылмақ. Бұл жерде де табиғатты тамашалауға мүмкіндік қарастырылған. Бұған қосымша, үлкен көлік жуу стансасы жұмысын бастайды. WashMe көлік жуу орталығының артықшылығы сол – қонақтар көліктерін сеніп тапсырып кете алады және кезек күтіп отырмайды. Бағасы 2000 теңге және тұтынушылар үшін көлік тұрағы тегін.

1 желтоқсаннан бастап Versheena дәмханасы жұмысын бастайды. Талғар асуында орналасқан бұл дәмхана таудың ғажайып көрінісін тамашалауға болатын ең бір көрнекті орынның бірі. Жалпы, Талғар асуы «Шымбұлақтың» негізгі орнына айналып келеді, сол себепті, бұл жерде биыл экспресс-кафе мен визит-орталық жұмыс істей бастайды.

Бұдан басқа, «Шымбұлақтың» биылға арналған екі үлкен жаңалығы бар. Біріншісі – Gorilla ZipLine аттракционы. Сағатына 80 шақырым жылдамдықпен төмен құлдилайтын аспалы арқан Медеуге дейін 555 метр қашықтыққа әп сәтте жеткізіп тастайды. Ерекше айта кететін мәселе – бұл аспалы арқанмен сырғудың қауіпсіздігі. Әлемде 500-ге жуық аттракционы бар ZipLine желісінің аттракциондары Канада, БАӘ сияқты елдерде қатты дамыған.  

1 ақпаннан бастап пайдалануға берілетін могулға арналған шаңғы жолы да биылғы үлкен жаңалық. Бұл негізінен спортшыларға арналған жол. Фристайл, мини-трамплиндер орналасқан бұл шаңғы жолы балалар мен әуесқой спортшыларға да қолжетімді, әрине, ылғи болмаса да, ара-тұра жалпы келушілердің шеберлігін жетілдіруіне мүмкіндік береміз дейді. Бұл жол үшін арнайы аспалы жол да салыныпты. Ал, негізінен, бұл жерде түрлі жарыстар өткізіліп, ел спортшыларының дайындығын пысықтауға мүмкіндік берілмек.

Тау шаңғысы кешені соңғы жылдары әлеуметтік бағдарламаларға да көңіл бөліп жүр. Соның бірі – оқушыларды тегін үйрету мектептері. Биыл да бұл бастаманы жалғастырмақ.

«Біз мектеп оқушыларына шаңғы үйретуді жалғастырамыз. Биыл 800 оқушыны оқытуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағдарлама тоқтаусыз жалғасып, жылдан жылға оқулыар саны да арта түседі деп үміттенем. Бұл бағдарламаның мүмкіндігі өте мол екенін көріп отырмыз. Балалар компьтерде ойын ойнап отырғаннан гөрі, уақытын курортқа келіп өткізеді. Балалардың шаңғыға қызығуы – олардың ата-аналарын да шаңғы тебуге жетелейді дейді», — дейді Әбдірахманов.

Ал, пандемия курорт жұмысына қалай әсер етті деген сұраққа келсек, жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты – билет бағасы қымбаттаған. Дегенмен, онлайн сатып алушылар үшін былтырғы баға сақталады.

Тегтер: