Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:26, 10 Ақпан 2023

30 жыл бойы бізге ұрылар үлгі болды

None
None

«Соңғы отыз жылдан бері біздің керемет еліміз – Қазақстанды алуан түрлі адамдар мекендейтін болды.

Бірақ сол түрлі адамдардың ішінде мен иттің етінен де жек көретін бір санатқа жататын адамдар бар. Мен – ұрыларды жек көремін. Ірісі-ұсағы, үлкені-кішісі болсын, кәрісі-жасы болсын, ұрыны суқаным сүймейді», деп толғанған екен белгілі блогер Ержан Есімханов.

Рас, ескі ұрыларды қазір ұрғыштаған болып жатырмыз. Бірақ жаңа ұрылар шығып жатыр, ұрлайтын не қалды екен дегендей жан-жағына қарап қойып.

Өткенде кезекті вице-министр ұсталды. Меншігіндегі бірнеше үйі, Вentley деген қымбаттарынан басталатын сансыз көліктері, басқа да жылтырақтарымен. Жылдар бойы жиғаны болса керек. Олардың ұрлау үшін ойлап тапқан схемалары да тым қарабайыр екен. Ешқандай ақылдың да керегі жоқ, бар-жоғы бірнеше «дұрыс» қызметке «керек» адамдарын отырғызып қойған.

– Қазақстанның басты кемшілігі – барлық саласында бәсекелестік өте төмен. Қазақстанда тәуір ақша табу үшін басыңда миың, кеудеңде амбицияң мен бойыңда еңбекқорлығың болса, сол да жетеді. Қазақстанда әлі ешкім ештеңе істемеген, ашық тұрған салалар жетіп-артылады. Соның кез-келгеніне барып, бірінші болып өз ісіңді бастап кету оп-оңай. Сөйте тұра өмір бойы ешкімнен ұялмай, ешкімнен тығылмай, ешкімнен қорықпай, елдің көзіне тік қарап өтуге болады. Ұрпағың сен үшін ұялмайтындай. Алдыңа үлкен мақсат қойып, асқақ армандарыңа ұмтылып, сүйсініп өмір сүруге болады, өмірдің әр сәтінен ләззат алып. Бірақ осының орнына әлгі ұрылар ұрлықты таңдайды. Өмірінде бір нәрсені адал жасап көруге талпынудың орнына өмір бойы қызметке қол жеткізу үшін небір қулық істейді, қызметке тағайындалған соң ұрлаудың қарабайыр схемаларын ойлап таба бастайды. Сосын өлгенше дүние жинай бастайды. Өзіне түкке де керегі жоқ «бентлилермен» үйін толтырып. Сосын қалған өмірінде қорқумен ғана жүреді, қашан ұсталып қалар екенмін деп. Сосын түбі бәрібір ұсталады. Мен ұрыларды адал жолды таңдамайтыны үшін ғана жек көрмеймін. Мәселе басқада.

Біріншіден, әрбір ұрының өз қалтасына тартып қалған бір теңгесі – мемлекет үшін жүз теңгелік шығын. Ұрылар шегіртке сияқты, маңайында өсіп тұрған нәрсенің бәрін құртып, талап тастайды. Ол мемлекетті емес, өзін байытады өлгенше. Қазақстан халқының кедейлігі, еліміздің қазіргі бар қасіретінің түп-тамыры – жаппай ұрлықтың тікелей салдары.

Екіншіден, ұрылар елге үлгі болып отыр. Стандарттың үлгісіне айналып кетті. Бұл стандарттың тым теріс стандарт екенін ұқпайтын адамдар, не әлі ұға алмайтын жастар соны үлгі етіп қабылдауда. Гаражыңда бес көлік, жиырма дана қол сағатың мен қалтаңда көл-көсір ақшаның жүргенін өте жақсы нәрсе деп санайды. Әне, ұры өзі сияқты ұрыларды көбейте береді.

Егер сондай жеңіл байлықты сіз де абырой деп қабылдасаңыз, қателесесіз. Саңғырлаған дүние-мүліктен адам тез жалығады. Ең асқан абырой – ақшаны адал табу. Елге, қоғамға пайдаңды тигізу – абыройдың төресі. Алдыңа үлкен мақсат қою, сонымен өмір сүрген қандай керемет. Ал ұрлық жасау – дүниенің ең жаманы, – дейді ол.

Тегтер: