30 жыл: Ертегі Конституция және ес кірмеген Қазақстан
Заң-зәкүннің майын ішкендердің айтып жүргені рас болса, өмірі оқ-дәрінің иісін иіскеп көрмеген алпауыт ел – АҚШ мемлекет болғалы бері Конституциясына бірде-бір өзгеріс енгізбепті.
Ал біздегі бүгін ұрандатып қабылданған заңымыз араға ай салмай жатып ит тартқан терідей жұлма-жұлма болып жатады. Заңға өзгеріс енгізетін органның сондағы айтатын уәжі – тәуелсіздігімізді жалпақ әлемге жария еткенімізге отыз жылдан астам уақыт өтсе де, мемлекетіміз тым жас, ондай-ондай болып тұруы тиіс екен. Алайда бір қараған адамға халықтық деген сипаты көз алдап тұратын, ал шын мәнінде тек билік басында отырғандар мен солар қалыптастырған жүйесін қызғыштай қорудан аса алмайтын әлсіз заңдарымыз тіршіліктің көшіне ілесе алмай, ылғи далада қалып қояды. Қара танитын сауаты бар қарапайым адамның өзі Ата заңымыздың 1-бабындағы сонадайдан менмұндалап тұрған «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген асқақ, ал шын мәнінде ақиқаттан алыстау жатқан ертегілік қағиданың мына қоғамда орындала қоятынына сенбейді. Бұрындары «ұялмас тек тұрмас» дегендей, нанын жеп отырғаннан кейін бе, заңның осал тұстарын айтсаң, жақтап, жағаласып шыға келетін заңгерлер қауымының өзі соңғы жылдары Ата заңнан қадір-қасиет кеткендігін, жеме жемге келгенде олардың орындалмайтынын іштей болса да, мойындайтын болып жүр.
Әңгіменің ашығын айтсақ, Ата заңымыздың жүгін көтеріп тұрған 39 баптың бірде-бірі шынайы өмірде орындалмайды. Ондағы талаптардың қай-қайсысы болсын қағаз жүзінде «қатып» тұрғанымен, шын мәнінде демократиялық нышаннан әлдеқайда алыс жатқан, қарапайым халықтың емес, тек ат төбеліндей ауқатты адамдардың ғана мүддесін қорғайтын заңға айналып кеткен. Мәселен, қоғамда дау тудырып отырған 32-баптың тұжырымына зер салып қарасаңыз, «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы». Алайда заң шығарушы орган әрі қарай, екінші сөйлемінде «Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін» деп, бастапқы ұстанымынан оп-оңай бас тарта салады. Заң шығарушы органның өзі бейбіт әрі қарусыз жиналуға рұқсат беріп отырса, онда неге мемлекеттің қауіпсіздігі үшін алаңдайды, түсінбей амалың құриды. Заңның 33-бабындағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар» деген тұжырымның да жемқорлық жайлаған мемлекетте оңайлықпен жүзеге аса қоймайтынын, ол үшін мықты тірегің мен әлдебір ықпалды топтардың сүйемелдеуімен ғана сатылап өсуге мүмкіндігіңнің болатынын есі кірген балаға дейін біледі.
Жә, оны да былай қоя тұралық, Ата заңның 17-бабындағы «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» деген ертегі іспеттес тұжырымға төмендегі адамдардың жағдайынан бейхабар не ішкеніне мас, жегеніне тоқ, обломовшылап өмір сүріп жатқан масылдар мен үстеріне мундир киген күштік құрылымдардың адамы болмаса, әділетсіз қоғамнан таяқ жеп, тепкі көріп жүрген, өз уайымы мен өз қайғысы өзіндегі тірі пенде сенбейді. Ата заңымыздың қай бабын алып қарасаң да, мағынасы бұлдыр, түпкі ұшы түлкібұлаңға салып ұстатпайды. Заң шығарушы органның қателігін көзге шұқып көрсетіп дәлелдегеніңмен, кезінде заң жобасын өздеріне ыңғайлап жасап, онысын депутаттарға мақұлдатып, президентке қол қойдырып алған билік «заңда басқаша көзделген реттерде» деп тікелей жауап беруден жалтарып, ұстатпай кетеді. Ол қандай заң? Оны өзің іздеп тауып ал.
Ата заңымыздағы халықтың бостандығы мен құқықтарына кейде ашық, кейде астыртын қойылған тосқауылдар мен шектеулерден аяқ алып жүре алмайсың. Заң шығарушы орган баптың басында азаматтардың құқықтарын қорғауға көңіл бөлгендей әсер қалдырып емексітеді де, қалған бөліктерінде ол ұстанымын түрлі шектеулермен шегендеп, жоққа шығарып отырады. Тым әріге бармай-ақ, әңгімеміздің басындағы 32-баптағы қамтылған талаптардың өмірдегі жағдайлармен үйлесе бермейтініне талдау жасап көрелік.
Еліміз тәуелсіздігін алғанына отыз жылға жуық уақыт өтіп, Конституцияда азаматтардың бейбіт әрі қарусыз жиналыстар мен жиындар өткізуге құқығы барлығы қанша жерден қадап жазылса да, биліктегілер оған жан-тәнімен қарсылық білдіріп, оны қанағаттандырмауға түрлі кедергілер ойлап тауып келеді. Не әкім ауырып қалады, не жиын өтетін орын бос болмай қалады, әйтеуір, бітпейтін сылтау. Қашанда қай нәрсеге болсын үрейленіп қарауға дағдыланып алған атқару органдары кез келген жиынның бағыт-бағдары мен мақсатынан кір іздеп, екі-үш адамның басы қосылған ортадан үрейленіп отырады. Әдемі жазылған заңдардың шын мәнінде ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғамайтынына көзің жеткеннен кейін өзіңнің де қауіпсіз ел адамы емес екеніңе күмәнданасың. Сондықтан да қолданыстағы заңдарымыздың қай-қайсысы болсын қатардағы қарапайым азаматтарымыздың табан астынан қолдан ұйымдастырылатын пәле-жалалардың құрбандығына ұшырамауына кепілдік бермейді.
Қазір тәжтажал кеселіне қарсы екпе салдыру төңірегіндегі айтыс-тартыс қызып тұр. Халық шектен шыққан билікке Ата заңымыздың 29-бабындағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар» деген талапты қарсы қояды. Бұл екпенің ар жағында қыруар қаржы жатқанын әркімнің ішіндегі сұмырайы сезеді. Тек сол ақшадан айырылғысы келмейтін шенеуніктеріміз екпені халыққа мәжбүрлеп салдырғысы келеді. Алдын ала уағда байласып, келісіп алды ма екен, таяуда үкімет басшысының «екпені міндеттесек қайтеді» деген ауызша айтқан сөзін іле көтеріп алып кеткен еліміздің бас санитары іле-шала оны жалпы жұртқа міндеттейтін қаулы шығарып жіберді. Сонда бас санитар дәрігердің Ата заңымыздың 29-бабымен танысып алмағанына таңғаласың. Егер оның Ата заңымыздағы бұл талапқа көңілі толмаса, онда ол «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңының 77-бабының 18-бөлігіндегі «емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға құқылы» деген талапты қаперге алуы қажет еді.
Заңның осы талаптарына жүгінсек, екпені мәжбүрлеп салуға ешкімнің хақысы жоқ. Ал біздің билік басындағылар болса азаматтардың құқығын қарадай шектегені өз алдына, енді екпе алмағандарға әуе қатынастары мен көліктерді пайдалануға, қоғамдық орындарға баруға тыйым салып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, қомақты айыппұл салмақшы. Ау, сонда Конституцияның 21-бабындағы «Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам заңда көрсетілгеннен басқа реттерде оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар» деген талап қайда қалады?! Бас санитар дәрігердің мына қаулысының Конституциямыздағы талаптарға қайшы екенін, ең алдымен прокуратура органы анықтап, одан кейін еліміздің Конституциялық кеңесі түсініктеме беруі тиіс емес пе еді?! Өкінішке қарай, ол жақтағы ұлықтарымыз әзірге үнсіз.
Әрине, халықтың жанын езген мұндай сауалдарды қарапайым азаматтар емес, парламенттегі сенат пен мәжіліс депутаттары қоюы керек еді. Алайда халық қалаулыларын шарасыздық пен қу мансап осындай мүсәпірлік халге жеткізсе, оған не айтарсың? Бәрінен сорақысы парламент өздері қабылдаған заң талаптарын өздері қорғай алмай, көздерімен жер шұқып отыр. Бұл қаулысының Ата заңымыздың талаптарына қайшы екенін Маминнің өзі де сезеді. Тек ол кісінің ұпайы түгел. Неге десеңіз, күні ертең жағдай ушығып, іс насырға шабатын болса, «мен ондай нұсқау берген жоқпын» деп, бас санитар дәрігерді құрбандыққа шалып жіберуі мүмкін. Ол пақырың өзі істі болайын деп тұрса да, батылы жетіп қаулыны Асқар Мамин айтқаннан кейін шығарып едім деп айта алмайды. Ақыры кінәліні алаөкпе болып сабылып іздеген жұрт шаршайды не бұл іске түк те қатысы жоқ, әлдебір төменгі қызметкер жауапқа тартылады. Тіпті болмағанда елді есеңгіреткен ақпарат жалған фейк болып шығады. Биліктің отыз жылдан астам уақыт бойына тәспісінен жаңылмай, айналдырып келе жатқан дөңгелегі – осы.
Конституцияның басты талабы орындалмағаннан кейін мұң-зарын айтып көшеге шыққан жұртты заңсыз ұстап, қолдан құрастырылған айыппен жазықты етіп шығару, қаласа жындыхананың тұтқынына айналдыру дегеніңіз түк болмай қалады. Заң талабына сүйенсеңіз, кез келген адамды күдікті деп тану үшін белгілі бір негіз болу керек. Алайда ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев басқаратын министрлік қызметкерлеріне заң талабын сақтау дегеніңіз көк тиын. Тәжірибеден көріп жүргеніміздей, ішкі істер органдарының сауатсыз қызметкерлері «Ішкі істер органдары туралы» заңының 19-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес, ең алдымен өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетудің орнына күштеп сүйрелейді. Олар тіпті күдіктіге не үшін ұсталғанын түсіндірмейді де. Себебі қолданыста ондай заңның бар екенін білмейді де. Кейбіреулері қалталарынан шақыру қағазының әлдебір адамның қолы қойылған үлгісін көрсетіп, қайдағы бір іске куә ретінде қатысуы керектігін айтады. Шақыру қағазы заңды болса, онда істі жүргізген тергеушінің қолы мен ұсталған адамның қандай іске қатысатыны анық көрсетілуі тиіс емес пе?
Өкінішке қарай, отыз жыл ішінде құқықтық сауатын көтерудің орнына үреймен алысқан азаматтар формалы адамдардың айтқанына еріп жүре береді. Енді қайтеді? Оларды мынау саңырау қоғамда кім тыңдайды? Прокурор да, сот та билік құрған жүйенің шотын қағып, сойылын соғады. Мәселен, істі қарайтын судья өзі мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалатындықтан, ол тек биліктің нұсқауын ғана бас шұлғып, орындайды. Иә, бізде жарлықсыз тағайындалатын кім бар, өзі?..