30 жылда әжетханаға да жарымадық-ау!
Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның туристік инфрақұрылымының жай-күйіне зерттеу жүргізе келе еліміздің туристік орындарында 500-ге жуық қоғамдық дәретханалар жетіспейді деген қорытындыға келіпті.
Осы орайда атап өтер жайт, қоғамдық орында дәрет сындырған кез келген азаматқа әкімшілік жаза қарастырылған. Еліміздің басты қалаларының өзі қоғамдық әжетханамен қамтамасыз етілмегеніне қарамастан, бұл жаза осы уақыта дейін талай рет тәртіп бұзушыларға қолданылып та келеді. Осыдан біршама уақыт бұрын нақ осы қоғамдық әжетханалардың жоқтығынан, Алматы қаласындағы жерасты жолдары әжетханаға айналып, халық ол жерлермен жүре алмай қалғаны да есте. Яғни мәселе бар, қоғамдық әжетханалар жетіспейді. Халық әжетін жеткен жерінде сындырып кетіп жатқанын да көріп жүрміз. Бірақ әлі күнге қаланың орталықтарында қоғамдық әжетхананы қолжетімді етуге шамамыз жетпей отыр.
Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде әжетханаға жарымағанымыз соншалық, тіпті, бұл мәселе мәжілістің мінберіне дейін көтерілді. Жақында осы мәселе бойынша арнайы депутаттық сауал жолдаған ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Мақсат Раманқұлов: «Санитарлық талаптарға сай болуы үшін эко саябақтар мен тарихи туризм аймақтарында әр 100-150 метр сайын био дәретханасы болуы тиіс. Ал бізде ұят та болса, жаның қысылса, дәрет сындыратын орын таппай, көпшілік айналаны ластауға мәжбүр. Ал осы туризм саласының көсегесі көгеруіне тікелей жауапты «Қазақ туризм» компаниясына үкімет жыл сайын 1,7 млрд теңге қаржы бөледі екен. Программаға сәйкес, әр 100, 150 метр сайын туалеттер қойылу керек қой. Бірақ біз бүгінгі таңда қарапайым сол әжетханаға жарымай отырмыз. 1,7 млрд теңге қаржы жыл сайын «Қазақ туризм» компаниясына бөлінеді. Айлықтарына, басқасына… Бірақ туризм саласында ешбір нәтиже жоқ. Көркіне көз тоятын, бірақ қызмет көрсетуіне көңіл толмайтын туристік аймақтарда соңғы бес жылда құны 5-7 миллион теңге тұратын дәретханалар орнатылған. Оның өзінде бірде істейді, бірде аяздан есігі қатып қалады. Халықтың ашу-ызасын туғызған бұл жайт, жемқорлықтың елімізде дендегенінің бірден-бір көрінісі. Щучинск-Бурабай және Зеренді курортты аймақтарында, Көлсай мен Шарын шатқалында, тіптен, Алматыға тиіп тұрған Шымбұлақта биодәретхана табудың өзі қиын», – деген болатын-ды.
Расында да Атыраудағы әрқайсысы 7,5 миллион теңгеге қойылған қоғамдық әжетханалар салынып болған соң, жылдап істемей тұрған еді. Жалпы құны 40 миллион теңгеден асатын алты әжетхананың халықтың әжетіне жарауы қиынға айналған. Шығыс Қазақстан облысындағы әрқайсысы 6 млн теңгеге салынған әжетханалар да сапасыз салынуына орай, кейін пайдаланылмай қалған. Қыруар қаржы бөлініп, бағасы баспананың құнымен тең болған, түрлі қызмет түрлері уәде етілгенімен жеме-жемге келгенде, қарапайым әжетіңді өтер пана болуға жарамағаны қынжылтпай қоймайды.
Бүгінгі күні әжетхана мәселесі үлкен қалаларымызда ғана емес, қалаларымыздың арасын жалғап жатқан үлкен жолдарда да, туристер жиі ат басын бұратын өңірлерде де өзекті болып отыр. Өйткені әжетханамен қамтылмағандықтан, халық еріксіз әжетін бұта-бұтаның түбінде сындырып жүр. Белгілі журналист, сазгер Бекжігіт Сердәлі: «Еуропада қалааралық автобустың өзінде артқы жағында әжетхана бар. Біздегідей, «бір қалыңдау бұтаның маңына тоқтайсыз ба?» – деп шопырды мазаламайды. Ал Токио көшелерінде әр 300 метр сайын тап-тұйнақтай болып тұрған эко-әжетханаларға кезігесің. Жапония тазалыққа құмар ел ғой, тіпті, шалғай мекендерге дейін сырттан ішкі жағы көрінбейтін, іштен сыртқы табиғатты тамашалап отыра беруге болатын әжетханаларды орнатып тастаған. Осы идеяның авторы жапон сәулетшісі Сигэру Банудан мұның мәнісін сұрағанда: «Әжетхана ең бір лас мекен» деген стеоротипті жою үшін жасай салған жобам еді», деп жауап берген. Чехияда да «адам аяғы баспаған» жердің өзінде қарауылдай қалқайып дәретханалар тұрады. Бір қызығы, барлығы тегін. Ал бізде екі унитаз, бір қолжуғышын орнатып алып, 50 теңгеден «навар» жинап отырғандар тым болмаса, әжетхана тазалығын ойластыруды да білмейді. Қол жуатын суы мұздай, қағазы сатулы, сүлгісі кір-қожалақ», дейді. Расында да бүгінгі күні қалааралық автобустар қатынайтын жолдарда әжетханалар жоқ, барының жағдайы адам шошырлық күйде екені рас.
Тіпті, қалаға туристерді магниттей тарту үшін алдымен, әжетхана мәселесін реттеп алуымыз керек екені рас. Осы орайда, облыс орталығына айналып, ішкі туризммен қатар, сыртқы туризмге де қызмет етіп, түркі елдерінің астанасына айналуды мақсат етіп жатқан Түркістан қаласының өзінде де бүгінгі күні әжетхана мәселесі өзекті болып отыр. Бұл туралы осы өңірдің тұрғыны, режиссер Сая Қасымбек: «Солтүстіктен құдалар кеп, Түркістанға зияратқа апардық. Қинағаны, сол әжетхана мәселесі болды. Кесененің әжетханасын жөндеуге жауыпты. Маңайындағы қаптаған сауда үйлерінің бірде-бірінде әжетхана жоқ. Сатушылары қайтетінін? Қонақтардан қысылғанымыз-ай?! Өзіміз де ыстық күнде суды іше-іше мәз емеспіз дегендей… Ағылған адам. Маңайындағы жаңа ғимараттарға кіруге мүмкіндік жоқ. Кесенеге кіретіндерді дәрет мәселесінен қинап қойыпты. Дәл осы мәселеге келгенде, еліміздің бар жерінде біркелкі жайт. Ғимараттарды салады. Бірақ адамға дәрет сындыратын жерді есепке алмайды. Үйінен шыққан адам, үйіне қайыра жеткенше, шыдауы керек. Автотұрақтарда ақылы әжетханасымақтар бар. Тазалығы түңілдіреді. Шыққанға асығасың. Адамның ең қарапайым қажеттілігін есепке алу миына кірмейтін қала сәулетшілері қай жерімен ойланатынын өздері біледі...», – дейді қынжылып.
Сәулетші демекші, мәселеге орай, пікірін білу үшін бірнеше архитектор мен қалалық мәслихат депутаттарына да телефон соғып көрдік. Бастарын ала қашып, пікір білдіруден үзілді кесілді бас тартты. Соған қарағанда, қанша өзекті болса да мәселені жылы жауып қоя салған секілдіміз. Бірақ жылы жауып қоюмен мәселенің шешілмейтіні анық...